20.07.2020, 10:02
Оқылды: 120

Балыққа да бақташы керек

Қараусыз қалған қара суды жалға алып, балық өсіру ісі екінің бірі кірісе бермейтін кәсіп. Тоғанның қамыс-қоғасын шауып, суын тазарту, уылдырықты баптау уақытты ғана емес, қажырлы еңбекті талап ететін жұмыс. Бәйтерек ауданында шабақ өсіріп, балық баптаған кәсіп иесі бар. Ол - Михаил Марченко.

7B62B606-4706-4B50-A842-CFCE975BC9B0

Жергілікті жұрт Гремячий атап кеткен Белес ауылының маңындағы көлшік жағасы осы күні балық аулаған балықшыға толы. Ал жағалай бой көтерген үйлер демалыс күндері қала шуынан қашқан жандардың сүйікті орнына айналуда. Осылайша, шағын ғана көл эко туризмнің де орталығы бола бастады. Табиғаты көркем орын әрдайым сондай болды десек қателесеміз. Өйткені бұрын бұл жер қамыс қаптаған, суы таяздаған көлшік еді.

-2010 жылы Белес ауылы маңындағы тоғанды жалға алып, балық шаруашылығын дамытуға кірістім. Бұрын айналысып көрмеген таңсық шаруаға бас салғанымды көпшілік құптай қоймады,- дейді Михаил.

31D32774-5A79-43A7-9BE0-BB6FAE12E54E

Расымен де бұрын-соңды ешкім айналыспаған істі бастау үлкен тәуекелді талап ететін. Оның үстіне бұл саладағы білігі де төмен еді. Бірақ қандай шаруа бастаса да аяғына дейін жеткізгенді ұнататын еңбекқор жігіт көп ізденді. Өңірдегі оқу орындарына барып, ихтиолог мамандардан кеңес алды. Өзі де интернет арқылы білімін толықтырып, Ресей жағындағы балықшылармен байланыс орнатты. Осы кезде Михаилдың көп уақыты білім жетілдіруге кеткен.

B6251046-269A-4BB6-8488-0EC6EC606D95

-Ең алдымен біздің табиғат жағдайына қандай балық шыдайтынын білу керек болды. Көп адаммен ақылдаса келе тұқы, ақ амур, сазан мен күміс тұқы балықтарын асырайтын болып шештік,- дейді ол.

Құртшабақты көлге жіберіп, оны уақытында тамақтандыру үлкен істің шөкімдей ғана бөлігі екенін айтады Михаил. Сөзінше, балық баптау үшін таңдаған тоғаныңның тазалығы мен судың температурасы және тереңдігі де бақылануы қажет екен. Өйткені балық баптау жай кәсіп емес, ғылым. Аудандағы жаңа кәсіп түрі болған соң алғашында қажетті құртшабақты Ресейден тасыған.

-Балық өсіру айтқанда ғана оңай. Көлдің қаптаған қамысын шабу, қысты күні мұзға ойық салып, балыққа ауа жіберу барлығы өз мойнымызда. Бір кездері жоғалып кете жаздаған көлшік осы күні тереңдеп, балыққа толды. Айналасындағы дамбаны қалыпқа келтірдік. Шлюз орнаттық. Бастаған ісіңнің нәтиже бергенін көру – бақыт қой,- дейді Михаил.

Бір кездері көрші елден шабақ тасыған ол осы күні Гремячий көлінің жағасынан уылдырықты шабаққа айналдыратын толыққанды инкубациялық цех тұрғызған. Ол жерде балықты сауып, уылдырығын ұрықтандырады. Құртшабақтар жүзіп, өздігінен қоректену қабілеті оянғанша «Амур» және «Вейса» деген арнайы инкубаторлық аппарат ішінде болады екен. Содан кейін оларды қала маңындағы арнайы дайындалған тоғанға жібереді.

Михаил шаруасын бастаған шақтан күні бүгінге дейін Андрей Волхин деген балықшы бірге келеді. Өмірінің көп бөлігін балық баптауға жұмсаған Андрей Владимирович шаруашылықтағы басты адам десе де болады. Ол – ихтиолог. Оның міндеті шабақ жүрген тоғандарды тазартып, балықты уақтылы тамақтандыру.

-Мен шабақтардың өсуіне жауапты маманмын. Әр тоғанға қанша балық жіберу керектігін, оларға қажет ауа баруын, су температурасы және тазалығын қадағалап тұрамын,-дейді Андрей Волхин.

Сондай-ақ Андрей Владимирович балықтарды түрлі жыртқыштардан қорғауды да жүзеге асырады. Айтуынша, шабақ өте нәзік келеді екен. Көлге қонған үйрек пен қаз, бірқазан мен суқұзғыннан да қорғау керек. Әсіресе бір күнде 16 келіге дейін шабақ жейтін, жемегенін қуып, шошытып тастайтын суқұзғын көп зиян тигізетінін айтады ихтиолог.

-Аналық балықтардың уақтылы екпе алуы маңызды. Осылайша біз оларды түрлі ауралардан қорғаймыз. Сондай-ақ оларды қолдан уылдырықтандырамыз. Бір сөзбен айтқанда уылдырық кезінен өскенге дейін балықтар толықтай менің қарамағымда болады,- дейді Андрей Владимирович.

Бүгінде өңіріміз бен Атырау және Ақтөбе облыстарының кей аудандарын шабақпен қамтамасыз етіп жүрген кәсіпкер биыл күзден бастап, тауарлы балық сатуды да бастамақ

-Он жылдан бері балық өсірумен айналысып келеміз. Осы күні барлық істі өз қолымызға алдық. Құртшабақ та, шабақ пен балық та біздің тоғанда өседі. Осы жылдар ішінде балықшылық кәсіптің қыр-сырын толықтай меңгердік. Бүгінге дейін 20-40 грамдық шабақ сатып келген болсақ, биыл күзде өз қолымызбен өсірген 25-30 келілік балықтарды саттыққа шығармақпыз,- дейді М. Марченко

Михаил Марченко балық шаруашылығын ғана емес, мал және түрлі дақылдарды егу ісі мен сауданы да қолға алған кәнігі кәсіпкер. Қалада туып-өскенімен, еңбек жолын толығымен ауылға арнаған.

-Өзім басқаратын қожалықты аралап, ауыл азаматтарымен тілдескенді ерекше ұнатамын. Ең сүйікті мезгіл – мал төлдейтін шақ. Бүгінде ірі-қара басын мыңға жеткіздік. Енді бордақылау ісін ғана жалғастырмақпыз,- дейді М.Марченко.

Бірде жақсы ветеринар іздеп, қаламыздағы ауыл шаруашылығы институтына барған Михаил көңілі түсіп шыққанын айтады. Аудиторияда кілең қыздар отыр екен. Үш ер бала ғана болыпты. Студенттерге өзін таныстырып, ауылға жұмысқа шақырғанда бірде-бір адам баруға ниет білдірмепті.

-Үй алып беремін, жағдайларыңызды жасаймын дегенге де көнбеді жастар. Ал ветеринар қашан да керек. Сонда жастар тек грант үшін оқуға түсе ме екен деген ой қалыптасты менде. Мамандықты таңдаған соң сол салада жұмыс жасаған жақсы ғой,- дейді ол налып.

P.S. Ауыл шаруашылығы министрлігі балық өнімдерін акваторийлерде өсіруге атсалысқан шаруашылықтарға инвестициялық субсидия қарастырған. Бұл көмек жобаның белгілі бір бөлігін қаржыландырады. Аталмыш субсидия жабық су қоймаларында  балық өндірісін дамытуға бағытталған. Кез келген бизнес-жоспары бар немесе кепілзат қоя алатын кәсіпкерлер  қаржы институттарынан несие алуына болады.

 Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале