Казталов ауданы аумағынан өтетін Киров–Шежін магистральді каналы өңірдің су шаруашылығында ерекше орын алады. Аталған канал арқылы келетін су Балықты көліне құйып, Талдықұдық және Талдыапан ауылдық округтеріндегі жайылымдар мен шабындықтардың жағдайына тікелей әсер етеді. Егер көлге құятын судың көлемі тұрақты бақылауда ұсталып, реттеліп отырса, округ аумағындағы жеті көлтабандар мен жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар.

Балықты көлі — Казталов ауданы, Талдықұдық ауылынан оңтүстік-шығыс бағытта 27 шақырым жерде орналасқан. Аумағы 5,5×2,7 шақырымды, жалпы көлемі 10,8 шаршы шақырымды құрайды. Көл көктем мезгілінде қар суымен толығып, жаздың аптабында тайызданады. Суы тұщы, мал суаруға өте қолайлы. Сондықтан көлді сақтау — алдағы жылдар үшін стратегиялық маңызы бар шешім болмақ.

Бұл мәселені жуырда ауданның абыройлы азаматы, еңбек ардагері Кәрім Өтеғұлов көтеріп, көлдің тағдырына алаңдаушылық білдірген болатын.
Бүгін аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Талдықұдық ауылдық округіне арнайы барып, Балықты көлінің қазіргі жағдайымен танысқан болатын. Ақжайық және Тасқала аудандарымен шектесетін бұл табиғи кешеннің басым бөлігі Казталов ауданына тиесілі. Көлге негізінен қар суы жиналып, табиғи арна арқылы ағады.

Аудан басшысы көлдің бастау бөлігін, гидротехникалық су жіберу жүйелерін қарап шығып, жағдайды арнайы мамандармен бірге талқылады. Су шаруашылығы маманы Берік Иманғалиев пен округ әкімі Эльдар Аманғалиевтің айтуынша, көлде балық қоры мол. Алайда, соңғы жылдары қар суының аз түсуінен көл деңгейі төмендеп, балық қырылу қаупі жиі туындауда. Биыл да ағын судың мардымсыз болуына байланысты осындай қауіп байқалып отыр.
Жағдайды саралаған аудан әкімі алдағы күндері облыстан су шаруашылығы бойынша арнайы мамандар келіп, Балықты көлінің табиғи-коммуникациялық жүйесін жан-жақты зерттейтінін мәлімдеді. Сол кезде көлді сақтау бағытында нақты шешімдер қабылдануы күтілуде.
Расында, Балықты көлін сақтау — тек бір ауылдық округтің ғана емес, тұтас Казталов ауданының экологиялық қауіпсіздігі мен шаруашылық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Көлді қалпына келтіру — жайылым мен шабындықтарға су жеткізіп, ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Сапар барысында аудан әкімі Талдыапан ауылдық округіне де ат басын бұрып, аудандық мәслихат депутаты Дархан Аябалиевпен кездесті. Кейін округке қарасты Бейістерек, Талдыапан, Қайшақұдық және Сарықұдық ауылдарын аралап, әлеуметтік нысандардың жұмысымен және жүріп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты.
Қайрат Жақып
Казталов ауданы