Бір салада табандылықпен 44 жыл еңбек еткен, «Банк ісінің үздік қызметкері» белгісінің, бірнеше медальдің, «Құрмет Белгісі» орденінің иегері Елдес Нұржановтың шаңырағына Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов болып, қарияны 85 жасымен құттықтады. Ардагерге, оның қосағы Раушан анаға, перзенттеріне игі тілегін арнап, естелік сыйлық тапсырды.
Елдес Нұржанұлы – ауыл-елдің аппақ ниетіне, ықыласына бөленген қариялардың бірі. Аудандағы бұрынғы Ақтөбе ауыл кеңесінде 1932 жылдың 8 мамырында дүниеге келген ол Базаршоландағы Қызылжар мектебінің 8 сыныбын бітірген соң шаруашылықта есепші-үйренуші болып істейді. Соғыс кезінде де, одан кейін де ортақ шаруаға араласады. Жас Елдес қалт еткен мүмкіндікті пайдаланып, 1946 жылы Алматы асады. Қаржы-кредит техникумына түседі. Оқуға құштарлық уақыттың қалай өткенін сездірмей де қалады. 1952 жылы аудандағы банк бөлімшесіне инспектор болып орналасады. Кейін тағы Алматыны бетке алып, мемлекеттік университеттен қаржыгер мамандығын алып шығады. Елгезек азаматқа нағыз жауапты қызметтер сеніп тапсырылады. Қазталов аудандық банк бөлімшесі басшылығында аттай 15 жыл істегендегі білгірлігі, ізденісі алысқа танылды. 1976 – 1986 жылдары ауданымызда осындай жұмыста болған кезінде де құрметке бөленді. Тәжірибесі облысқа, республикаға танылды. 1986 жылы көршілес Жаңақала аудандық банкіне басшы болып тағайындалады. Осыннан зейнеткерлікке шықты.
Мұны 3 аудандағы бұрынғы әріптестері ілтипатпен әңгімелейді. Яғни, қызметкерлердің түгелге жуығына салаға сай мамандық алуына, білімдерін көтеріп отыруына әрдайым көмек көрсеткен. Сондықтан, аудандық банк-терде өз ісін егжей-тегжейлі білетін, сауатты мамандар тапшы болмаған, Елдес ағаны ұстазымыз деп ардақтайтын шәкірттерінің де қатары қалың. Олардың ішінде айталық, Ұлттық банктің облыстық бөлімшесін көп жыл абыроймен басқарған Борис Ізбасаров, зейнетақы төлеу жөніндегі облыстық бөлімше бастығының орынбасары Аян Қарабалин бар.
Бекем БЕКҰЛЫ
Ақжайық ауданы
Чапаев ауылы
zhaikpress.kz