6.12.2022, 17:00
Оқылды: 122

Бапкердің балуан ұл-қызы

Шыңғырлаулықтарға ардагерлер арасында әлем чемпионы, дэюдо, самбо, қазақша күрестен белгілі бапкер, айрандай ұйып отырған берекелі шаңырақтың отағасы Қайсар Құсайыновтың есімі жақсы таныс.

11

Ақшаттың спорт мектебінен түлеп ұшып бүгінде елге танымал азамат болып отырған Қайсар Сайынұлы жан жақты өнерімен ерекшеленген жан екенін де білеміз. Спорттан қолы босағанда сәйгүлік баптап, өлең-жыр жаттап, өзінің ой көкжиегін үнемі көркейтіп отыруды жақсы көреді. Бұның сыртында орысша-қазақша әзілдер айтып, домбыра тартатыны бар. Әріптес достары оның шебер шахматшы екеніне де куә.

Енді бүгінгі айтпақ әңгімемізге көшейік. Халқымызда «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Көздерін ашқаннан көргені күрес, жүргеннен бастап жасағаны жаттығу болған Қайсардың ұлы Алдияр мен қызы Әйгерімнің спортқа құштар болып өсуі, оны мақсат тұтулары заңды құбылыс секілді. Және екеуінің де таңдауы қазақтың оң жамбасына тиетін спорт түрі – күрес. Әрісі Қажымұқан, Балуан Шолақтардан, берісі Жақсылық, Шәміл, одан да берірек оралдық Асқар, Оралбек, Ерболат сияқты жігіттер мен Мәншүк, Әйгерімдей қыздары боз кілемнің жұлдызы болып жарқырағаны барша халықтың жүрегінде сақтаулы.

12

Алдияр да, Әйгерім де күрестің әліппесін әкесі Қайсардан үйреніп бастады. Жай жаттығулардан күрделіге, домалау, дұрыс құлаудан әдіс-тәсілдерге дейінгі жолдың қаншалықты күрделі екендігін біліп өсті. Жақсы балуан болу үшін шексіз шыдамдылық пен төгілген тер қажеттігі жақсы сезілді.

Бүгіндері ағалы-қарындасты Алдияр мен Әйгерім Орал қаласындағы спорт-интернаттың күрес бөлімінде тәрбиеленіп, шеберліктерін шыңдауда.

Күресте нәтижеге жету үшін жаттығуда жетістіктерге жете жүріп жарыстарға қатынасу да аса маңызды. Жарысқа жиі бару арқылы палуанның шеберлігі де артады.

Осы мақсатты берік ұстанған жас палуандар түрлі-түмті жарыстарға да жүйелі барып тұрады. Соңғы кездерде ғана Алдияр Теміртау қаласында өткен халықаралық жарыста жүлделі үшінші орынды иеленсе, күні кеше Атырау қаласында өткен республикалық турнирде боз кілемнің батыры атанып, бас жүлдені иеленді. Жарыстан жарысқа тәжірибе жинап, өсу дегеннің өзі осы болар. 90 келі салмақта күресетін Алдияр батырдың болашағы алда екеніне сеніммен қарауға болады.

Ал, Әйгерім болса әлі жас. Алар асулары да алда. Алғырлығы мен ақылына қоса еңбекқорлығын ата-анасы да, бапкерлері де үнемі мақтан етуде. Жақында Әйгерім Орынбор қаласында дзюдо күресінен өткен халықаралық турнирден оралды. Нәтижесінде қола жүлде иеленді. Алғашқы сапарынан жақсы көрсеткішпен оралуының өзі жаттығу, дайындалу бағытының, бапкерлер берген тәрбиенің дұрыстығын көрсеткендей. Танымайтын жерде, басқа қалада өзін ұстай білуіне, намысын ту етіп белдескеніне бапкерлері де риза. Бүгінде Әйгерім оралдық бапкерлердің қарамағында жаттығады. А.Жақыпов, Б.Кувашев, А.Сұпығалиев, Н.Бекқалиевтер өз істерінің білгірлері, белгілі бапукерлер, талай чемпиондар тәрбиелеген тарландар. Алғашқы жарысын қола медальмен бастаған Әйгерімнің күміспен күптелген баспалдақтармен алтын тұғырға қонатын күнін де асыға күтеміз. Тек, сенім мен үміт алға жетелей берсін дейміз.

Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале