3.06.2020, 23:20
Оқылды: 45

Баптай білсең жер жомарт

Бүгін есімі көпке танымал бөкейордалық Уағиолла (Уағаз) Нұрғалиевтің бау-бағы мен, ұсталығы туралы айтпақпыз.

F8DE4591-9C65-4301-9C43-2BE20DDBF261

Иә, сайқындық Уағиолла ағамыздың бау-бақша ісінде ұстанатын негізгі қағидасы осындай. Бақша егуді қолға алған екенсің, оның жай-жапсарына да үңіле біл дейді. Жас кезінен еңбекке ерте араласып, бақша егудің қыр-сырына қаныққан кейіпкеріміз бүгінде соның қызығын көріп отыр. Ауласында 100-ге жуық тал-терек, жеміс ағаштары жайқалып тұр. Тіпті, біздің аймақта бой көтеруі екіталай шабдалы ағашы да тамыр тартып, өнімін молынан бергелі қашан.

3E278ED5-6074-4F4C-A6A4-8AA6147A9180

Сайқындық ағайын Уағаз ағамызды бау-бақша өсірудің білгірі десе дегендей-ақ екен. Оған түсірілім барысында еріксіз куә болдық. Ауласы кірсе шыққысыз, таза ауа, жайқалған бақ, жұпар иісі аңқыған гүлдер. Көп жылғы еңбектің көрсе көз сүйсінерліктей нәтижесі осындай болса керек-ті. «Бау-бақша өсіруіме әкем Ғазездің ықпалы мол болды. Ол кісі үйдің іргелерін ешқашан бос қалдырмайтын, терек отырғызып, гүл егетін. Көкөністердің сан алуан түрі де бақшамыздан табылатын. Әкемізге көмектесіп, әуесқой іс ретінде қараушы едім. Өсе келе бақшаға немқұрайлы қарамайтын болдым» дейді кейіпкеріміз.

0D08901A-DFB4-4A50-ADD0-19EADDA39A88

Бақша ісіне ден қоюуына себепкер тағы бір адам кезіндегі алма бақтың бағбаны Иван Гончарев еді. «Иван Гончарев тәжірибелі бағбан еді. Біраз жылдай сол кісінің қарамағында жасадым. Үнемі ізденісте жүретін, тәжірибе жасаудан қорықпайтын. Білмегенімді сол кісіден үйрендім» деп әріптесін ризашылықпен еске ала. Кейін өз алдына отау тігіп, Бисен ауылына қоныс аударғанда да ескі әдетінше ауласын гүлдендіруді ұмытпайды. «Бисен, Орда жері құмды ғой, кез келген өсімдік тез қуарып, жерсінбеуі мүмкін. Сондықтан бақша еккеннен соң  мұқият баптау керек. Онсыз болмайды ғой. Жақсы өнім алу үшін ала жаздай еңбек қылу керексің. Еңбек еткенге береді деген рас екен. Күзге таман  қияр, қызанақ, қызылша керек пе бәрін жинап алып, бұйырғанын үйіме, қалғанын көршілеріме таратып беретінмін. Ол кезде айналамдағы көршілерім ылғи соғыс ардагерлері, үлкен кісілер еді. Сату дегенді білмейміз. Әйтеуір, солардың ақ батасын алғаныма мәз болып жүре беретінмін» дейді ағынан жарыла.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, кейіпкеріміздің ауласында 100-ге жуық терек пен жеміс ағаштары өседі. Оның ішінде қаратерек, ива секілді күй талғамайтын көп жылғы теректермен қатар алма-алмұрт, шиенің бірнеше сорттары, өрік, жүзім, құлпынай, торын, шабдалы ағаштары жыл сайын түйнектейді. Кейіпкеріміздің айтуынша, жеміс ағаштары өнімді  әр жылда әр қалай береді екен. Шамамен 7-8 келі қарақат, 5-6 шелек өрік, 10 шелектей шие, 20 келідей жүзім, 60 келідей құлпынай жинайды. Алманы жеті жәшікке жинап, қыстай сақтайтыны тағы бар.

1980 жылы ағамыз өрік ағаштарын алғаш еккендердің бірі еді. Күтімді мол қажет ететін бұл өскінді екінің бірі отырғызуға тәуекел етпейтін. Жеміс ағаштарының санын да, түрін де көбейтуді қолға алған ол еш ойланбастан бірнеше көшетті әкеліп, отырғызады. Суарудан бастау алған күтім шаралары көп ұзамай нәтиже береді. Бүгінде өрік ағашының өнімі тек үй-ішін ғана емес, айналасындағы жақындарын да қуантқалы қашан. Бағбан бұнымен тоқталмай, шабдалы ағашын отырғызуға бел байлайды. Өте жылы әрі тұрақты климатқа бейімделген шабдалы ағашының бой көтереріне көпшілік сенбеген екен. «Шабдалыны жақсы күтіп, баптаса үш жылдан бастап 15-20 жылға дейін жеміс береді. А,С дәрумендеріне тұнып тұр. Әзірге ауламда бір шабдалы ағашы бар. Одан 10 келідей жеміс алып жүрмін. Сондықтан шабдалы отырғызамын десеңіз күтіміне көңіл бөлгеніңіз шарт. Керексіз өскіндерді уақтылы кесіп, бұталарына жарықтың жеткілікті түсуін қадағалау қажет. Тек өскіндерді кесерде бүр жарған сабақтарын жаралап алмау керек. Суды да мөлшерлеп құяды. Тамыры шіріп кетсе, ағаш өліп қалады. Ағаштар бір жыл өнім берсе, екінші жыл демалады. Сұрыптарына байланысты өзгешеліктер болуы ықтимал. Сондықтан әр тал-теректі назардан қалдырмай, барынша баптай біліңіз» дейді білгенімен бөлісе. Ендігіде құрма ағашын өсіруге құлшынып отырған жайы бар кейіпкеріміздің.

Жауапты қызметі болса-дағы ауласын гүлдендіруден әсте қол үзбейтін Уағаз ағай көкөністер мен гүлдердің де күтіміне бейжай қарамайды. Гүл демекші, ағамыз раушан гүлдерін өсіруге құмар. Ақ, қызыл раушан гүлдері мінекей он жылдан бері ауласына сән беріп, жарқырап тұр. Ал, кәнігі шырмауық гүлдерді декоративті мақсатта өсіре бастаған екен. Үйіне кіре беріс тұста шырша тектес қос конструкцияны орнатып, шырмауықты соның айналасына егіп тастаған. Шырмауық күш алған сайын конструкцияға төменнен жоғары керілген жіпті бойлай көтеріле береді дейді. Кейіпкеріміз соңғы кездері тамшылатып суғару әдісін тиімді пайдалана бастапты. Бақшасына суару түтішелерін хал-қадерінше тартып, орнатып қойыпты.

Бағбан ағамыз бірнеше жыл бұрын төрт гектар жерді алып, игеруге көшті. Алма, алмұрт, шие, торын, қарақат, өрік, т.б. 400-дей түп отырғызып үлгеріпті. Келешекте осы маң жасыл-желекпен көмкерілген алуан түрлі жеміс пен көкөніске бай жерге айналарына сенімді.

Бағбандықтан бөлек, ағаштан ою ойып, небір дүниелерді жасайтын шеберлігін және айтайық. Ағаш өнеріне еңбек пәнінен дәріс берген мұғалімі Алексей Тарасенко баулыпты. Тың дүниеге әрдайым бүйрегі бұрып тұратын кейіпкеріміз бұл іспен де асқан қызығушылықпен шұғылданады. Ағаштан жасаған алғашқы бұйымы фото салуға арналған жиек болатын. Сол фото жиекте әлі күнге дейін марқұм атасының бейнесі сақталып тұр. Кейін шығармашылық орталығындағы қызметі барысында Алексей ұстазынан білген-түйгенін өз шәкірттеріне бөліседі. «Өзімді ағаш шебері санамаймын. Хоббиім десе болады. Қыруар қаржы тауып, кәсіп қылғаным жоқ. 60-70-тей бұйым жасаған болсам, соның он шақтысын ғана саттым. Қалғанын түгелдей дерлік сыйға тарттым. Маған ең алдымен ағашты ою, жону дегендей жасалу процесінің өзі қызық» дейді.

Айта кетерлігі, кейіпкеріміздің балалары да бау-бақша өсіруді құп көреді, қолөнерге де бейім. Әсіресе Алматы шаһарында тұрып жатқан ұлы Нұрымның бағбандыққа ебі ерекше. Будандастырудың қыр-сырынан, ағаштардың сорттарын, т.б. туралы оқып қана қоймай, бақшасында тәжірибе ретінде жүзеге асыра білетінін кейіпкеріміз мақтанышпен айтты.

Уағаз ағамыздың ауласынан кереметтей энергияны бойыма сіңіріп шықтым десем өтірік айтқаным емес. Әр ісін байыппен, асқан ықтиярлықпен атқаратын Уағаз ағайдың берекелі тірлігі өзгелерге үлгі болары хақ.

Арайлым Есмағұл

Бөкей ордасы ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале