Әлемді шарлаған індетке орай ағымдағы оқу жылының оңай болмағаны әмбеге аян. Жаңа оқу жылы қарсаңында осынау өтпелі уақыт жүгін қалай көтергені жайында ой қозғап, Жаңақала аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Қонысбайұлы Ғұмаровты әңгімеге тартқан едік.
– Руслан Қонысбайұлы, 2020-2021 оқу жылында онлайн білім алу шәкірттерге оңайға соқпағанын ескерсек, жаңақалалық оқушылар бұл кезеңді қалай өткерді?
-2020-2021 оқу жылында еліміздегі карантиндік жағдайға байланысты 18 мектеп дәстүрлі форматта, аудан орталығындағы мектептер қашықтықтан оқытылды. Ата-аналардың өтініштері бойынша сыныптарда 15 адамға дейін балалар саны бар кезекші сыныптар жұмыс істеуге рұқсат етілді. Аудан бойынша бастауыш сынып оқушыларының 47,5% (865 оқушы) кезекші сыныптармен қамтылды. Сонымен қатарқашықтан оқытылған мектептердегі сабактар «Online-mektep» платформасы арқылы жүргізілді. Аталған платформа оқушы мен мұғалімге де қолжетімді болды. Штаттық режимдегі және кезекші сыныптары бар мектептердің қызметі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып ұйымдастырылды.
Білім сапасын арттыру және пандемия, шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білім олқылықтарының орнын толтыру мақсатында ағымдағы жылдың 26 мамыры мен 19 маусым аралығында ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің өтініштері бойынша барлық ниет білдірген білім алушылары үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып, «Жазғы мектеп» ұйымдастырылды. «Жазғы мектепке» 1242 бала қамтылды.
Шындығында, қашықтықтан оқытудың өзіндік қиындықтары болды. Әйтсе де, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны белгілі. Сондықтан аудандағы барлық білім ұяларының жауапкершілігі, ұйымшылдығы, еңбекқорлығын бағалауға тұралық. Осындай қиын кезде бірнеше ауқымы кең жұмыстар атқарылды.
– Ауданның білім саласындағы қызмет аясының кең екендігі анық. Осы орайда нақты атқарылған жұмыстар жайына тоқталсаңыз.
- Біздің басты міндетіміз оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Қашықтан оқыту кезінде әр баланың жағдайы ескеріліп, компьютерге қажеттілігі бар оқушылар анықталып, мектеп балансындағы және ҚР Үкіметі резервінен 50 планшет, 720 ноутбук, 80 компьютер құрылғылармен толықтай қамтылды. Интернетке қол жеткізе алмай жүрген отбасыларғада роутер үйлестірілді және интернетпен де қамтамасыз етілді.
– Ұстаз еңбегі қай уақытта да ескерусіз қалған емес. Педагогтердің жалақысы жылдан жылға белгілі мөлшерде өсіп, оларға қойылар талап та артқан секілді.
- Шынымен де, мұғалімнің еңбегі ескерусіз қалып жатқан жоқ. Педагогтердың жалақысы жылдан жылға өсіп,қойылар талапта артты. Күні бүгін ауданда 745педагог қызмет етеді. Оның 604-і немесе 82 пайызы жоғары білімді. Жалпы орта білім беретін мектептерде 2 педагог шебер, 90 педагог-зерттеуші, 38 жоғары санатты және 158 педагог-сарапшы, 75 педагог бірінші санатты, 101 педагог-модератор, 101-і екінші санатты, 180 санаты жоқ мұғалімдер.
– Білім беру жүйесін заман талабына сай құрудың негізгі алғышарты – педагог біліктілігін арттыру. Ұстаз мәртебесін көтеру бағытында қандай жұмыстар қолға алынды?
- 2016 жылдан бастап білім саласы түпкілікті өзгеріп, жаңа реформа жасалғанын білесіздер. Бұл жылы білім беру мазмұнын жаңарту қолға алынған болатын. Реформаға сай сол жылы жаңа мазмұнға көшкен бірінші және бесінші сыныптардың пән мұғалімдері мемлекет есебінен өз білімдерін жетілдіріп, пәндері бойынша біліктіліктерін арттырған болатын. Міне, сол жылдары білімін жетілдірген көптеген мұғалімдер биыл 5 жыл мерзімнен кейін білімдерін қайта толықтырып, білім жетілдіру курстарынан өтті. Ұстаздарымыз 5 жыл сайын біліктіліктерін арттырып отыруға міндетті. Жалпы әлемді дүрліктіріп отырған COVID-19 ауруының өршуіне байланысты білім жетілдіру курстары 2020жылдың сәуір айынан бері онлайн форматта өтуде. Яғни, мұғалімдер жұмыстарынан қол үзбей, сабақтарынан тыс уақытта ыңғайластырылған графикпен білімдерін қашықтан онлайн оқыды. Ұстаздарымыз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында» және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы» базаларында біліктіліктерін арттырады. Мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру екі бағытта жүргізіледі: Біріншіден, мұғалімнің кәсіптік жұмысының мәнін үйлесімді өзгерту, яғни басты қызметтік нұсқауды орындау емес, күтілетін нәтижеге жету үшін оқу үрдісін шығармашылықпен үйлестіру. Екіншіден, білім беру барысында мұғалімнің зерттеушілік бағыттағы қызметін күшейтуге байланысты мұғалімнен кәсіби өсуді, яғни, кәсіптілікті кеңейтуді талап ету. Бұл талаптарды орындау үшін қазір білім жетілдіру курстарының соңында жоба қорғау немесе білім жетілдірудің нәтижесін анықтау мақсатында тест сынамалары алынып жүр. Әзірге біздің ауданымыздың ұстаздары бұл сынақтардан сүрінген емес. Жыл соңына дейін біліктілігін арттырғандарына 5 жыл толған мұғалімдер 100 пайыз біліктілікті арттыру курстарымен қамтылып, өз білімдерін жетілдіретін болады. Күні бүгін бұл курстармен 75 пайыз мұғалім қамтылып отыр.
Ұстаздарымыздың кәсіби өсуіне қолдау білдіру бойынша жоғарыда айтқандай жұмыстар жүргізілген болса, мәртебелерін көтеру үшін де ауданымызда біраз жұмыстар атқарылып жатыр. «Қазақтың қаны бір, жаны бір, жолбасшысы – мұғалім» деген екен ардақты Мағжан Жұмабаев атамыз. Бір ғасыр бұрын айтылған бағаның бәсі әлі биік. Еліміздің Президенті Қ.Тоқаев мырза 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық тамыз конференциясында мұғалімдердің жалақысын көтеруге тапсырма берген болатын. Тапсырмаға сай 2020 және 2021 жылдардың қаңтар айында 25 пайыздан екі рет жалақы өсті. Бұл тапсырма 2022 және 2023 жылдары да орындалатын болады. Яғни, 2019 жылмен салыстырғанда ұстаздар жалақысы 100 пайызға өспек. Сонымен қатар дәстүрлі тамыз конференцияларында және қазанның бірінші жексенбісімен қатар келетін мұғалімдердің кәсіби мерекесі Ұстаздар күні құрметіне аудан мұғалімдерінің жұмысқа деген құлшыныстарын арттыру мақсатында аудандық білім беру бөлімінің, аудан әкімінің, облыстық білім басқармасы мен Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары мен сыйлықтары, аудандық және облыстық мұғалімдер кәсіподағының марапаттаулары беріліп жүр. Шығармашылықпен өз жұмыстарын атқарып, қоғамдық жұмыстан да бас тартпайтын талай ұстаздарымыз аудандық білім беру бөлімінің, аудан әкімдігінің, облыстық білім басқармасының Құрмет тақтасының төрінен орын алып жүр. Мемлекет басшысы әр жылғы Жолдауында білім беру ісіне, ұстаздар қауымына үнемі көңіл бөліп отыратыны көпшілікке мәлім. Елбасы Жолдауындағы педагог мәртебесін көтеру туралы хабар тек ұстаздар қауымын ғана емес барлық қоғам мүшелерін қуантты десе де болады. Өйткені еліміздегі әрбір балалы жанұя ерте ме, кеш пе мектеппен байланысты болады. Баласына білім мен тәрбие беретін мұғалімінің жалақысының аз, тұрмысының жұтаң болғанын ешкім де қаламайды.
Нарықты экономикаға көшкен тұста мұғалімнің әлеуметтік жағдайын көтеру кезек күттірмес маңызды мәселенің біріне айналды. Мұғалімнің мәртебесін көтеру – ең алдымен, оның материалдық жағдайын жақсартуға тікелей байланысты. Осы бағытта игілікті істер басталып та кетті. «Жылқы көрген ат таныр, ұстаз көрген хат таныр» дегендей, бар білімнің, бар жақсылықтың бастауында мұғалім тұратынын ұмытпайық.
– Мұғалімдер білім саласындағы өзгерістерді біліктілігімен өткергенін байқадық. Ендігі кезекте әңгіме тінін аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасы жайында тарқатсақ.
- Аймақтық бағдарламалар іске асырғалы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай жақсарып келеді. 2020-2021 оқу жылында республикалық бюджеттен «Жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде Пятимар ЖОББМ, М.Жүнісов ЖОББМ ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізуге574,0 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары уақытында аяқталып, пайдалануға берілді.
Жаңақала ЖОББМ, №3 қазақ ЖОББМ, Жаңақала мектеп гимназиясына пандустар 3 416 492,80 теңге орналастырылса, М.Мирманов ЖОББМ, Д.Нұрпейсова ЖОББМ, Карманов МББК, Ә.Жангелдин ЖОББМ, С.Меңдешев жалпы орта білім беретін мектептеріне 13 884 862,46 теңгеге ішкі әжетханалары ауыстырылды. Сонымен қатар барлық білім беру ұйымдары 20 534 993,44 теңгеге бейнекамералармен қамтылды.
2020 жылдың күзгі-қысқы дайындық барысында Карманов МББК, М.Жүнісов ЖОББМ, Д.Нүрпейісова ЖОББМ-не қазандық және су айдайтын насос жабдықтары 9 млн 823 мың теңгеге сатып алынып орнатылды.
«Nur Otan» партиясының ауыл мектептерін модернизациялау бағдарламасы бойынша 2021 жылы С.Меңдешев ЖОББМ, Ә.Жангелдин ЖОББМ, Айдархан ЖОББМ, Е.Орақбаев ЖОББМ, №3 ЖОББМ-не асхана жиһаздарын жаңартуға 68 үстел мен 268 отырғыш жасап беруге бюджеттен 2500,0 мың теңге қаржы бөлінді.
Айдархан ЖОББМ, Д.Нұрпейісова ЖОББМ, Карманов МББК, М.Мирманов ЖОББМ, С.Меңдешев ЖОББМ-не 7028,0 мың теңгеге пандустар орнату жоспарлануда.
– Қазіргі білім-ғылым жүйесінің ажырамас бөлігі дамыған цифрлық инфрақұрылым болып табылады. Мектептердің сандық технологиялармен қамтылуы қандай деңгейде?
- Қазіргі таңда аудан мектептерінің компьютерлік техникамен қамтылуы 448 компьютер, 750 ноутбук, 50 планшетті құрайды. Орташа көрсеткіш 1 компьютерге 3 оқушыдан келеді.
Қазіргі уақытта аудан орталығындағы 21 мектеп кеңжолақты интернетке қосылған, оның 11-і сым желілері арқылы, 10-ы шектеулі трафикпен спутниктік байланыс арқылы қосылған. Жаңақала ауданы бойынша 14 мектеп онлайн режимінде Bilimland.kz білім беру порталына қосылған. Аудан орталығының 14 мектебінде және аудандық білім беру бөлімінде білім беру саласының жаңалықтарымен бөлісіп отыратын сайттар жұмыс жасайды.
Былтырғы оқу жылында Жаңақала аудан мектептеріне республикалық резервтік қордан 80, компьютер, 720 ноутбук, 50 планшет комиссия негізінде мектептерге таратылды.
Оқушыларды толық және сапалы оқулықтармен қамту мәселесі – өзекті тақырыптардың бірі. Осы орайда оқулықтарды және оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 19 баспамен 86 105 572 теңгеге келісімшарт жасалды. Оқулықтарды тасымалдаушы ЖК «Рауан» 1450,0 мың теңгеге келісімшарт келісілді.
Сұқбатты жүргізген Алтынбек Ермекқалиев,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz