Сырым ауданы орталығы Жымпитыда "Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті" мекемесінің ашылғанына 15 жыл толуына және 1 маусым - Балаларды қорғау күніне орай "Бар мейірім балаларға" атты мерекелік шара өтті.
Шарада мекеме басшысы Аида Ниязғалиева балаларды төл мерекесімен құттықтап, түзеу-дамыту жұмыстарында белсенділік танытып жүрген әріптестеріне, ата-аналарға алғысхаттар табыстады.
15 жыл ішінде ерекше білімді қажет ететін балалармен нәтижелі жұмыстанып жүрген педагогтар алғысқа бөленді.
Одан бөлек, мекеме тәрбиешісі Р.Ермуханова, психолог А.Айдарханова, көлік жүргізушісі Т.Құрманғалиевке аудан әкімінің алғысхатын "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Т.Дарғожиев табыстаса, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Б.Жанболсыновтың алғысхатына мекеме нұсқаушысы Қ.Бисенбиев, логопед Г.Төремұратова, күзетші Н.Федянин, еден жуушы Д.Шайхиевалар ие болды.
Ата-аналар атынан облыстық арнаулы мектеп-интернатқа жолданып отырған Р.Сағынғалидың анасы тілегін айтып, алғысын жеткізді.
Келген қонақтар мекеме педагогтары мен балалар дайындаған "Бауырсақ" ертегісінен қойылым тамашалады. Балалар тақпақтарын айтып, би билеп, ән салып, әлеуметтік педагог З.Марабаеваның ұйымдастыруымен өткен "Менің арманым" асфальт бетіне сурет салу байқауына қатысты. Байқауда ІІІ орынды ең кішкентай қатысушы І.Нурмағамбет, ІІ орынды Е.Қалиев, І орынды Д.Бейсов иеленсе, нұсқаушысының жүргізуімен өткен "Жаз қызықтары" спорттық жарысында ІІІ орын А.Әлібиевке, ІІ орын И.Ғабделсамат, І орын Н.Утешовке бұйырды. Белсенді қатысқан барлық балаларға сыйлықтар берілді.
Шара соңында балалар естелікке суретке түсіп, "Асар" дүкені І.Талапұлының, "Өркен" дүкені Ж.Қуандыққызының, "Аққу" дүкені Г.Ғатайқызының ойыншықтары мен тәттілеріне ие болып, мерекелік көңіл күйді сезінді.
А.Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz