Сырым аудандық психология-педагогикалық түзеу кабинетінде Балалар жылына орай «Бар мейіріміміз балаларға!» атты шара өтті.
Мекеме басшысы А.Ниязгалиеваның құттықтау сөзімен ашылған ертеңгілік мекеменің түзете-дамыту жұмыстарына, мекемеішілік шараларында белсенділік танытатын ата-аналарды марапаттаумен жалғасты. Ән айтылып, би билеп, тақпақтарын айтқан бүлдіршіндердің қуанышында шек болмады. Гүл жайнаған балдырғандарды қуантып ертегі кейіпкерлері де мерекелік шараға атсалысты. Биылғы оқу жылында білім әлеміне қадам басқалы отырған балаларға демеушілер атынан оқу құралдары табысталды. Шара барысында 2022 жылдың наурыз айында өткен «Жұлдызай» XVII республикалық шығармашылығы фестивалінің аудандық кезеңінің «Хореография» номинациясы бойынша І орын жүлдегері, облыстық «Біздің таланттар» қашықтық байқауының І орын иегері Габделсамат Исмагил, (жетекшісі: Махаббат Кажғалиева), «Жұлдызай» XVII республикалық шығармашылығы фестивалінің аудандық кезеңінің «Қолөнер» номинациясы бойынша Арман және Аңсар Еркінғалиевтер (жетекшісі: Райгүл Ермұханова), аудандық «Айгөлек» фестиваль-байқауының «Ән айту» жанры бойынша бас жүлде иегері АйшаЕсмағұлова (жетекшісі: Ақзер Айдарханова) марапатталды.
Балаларға мерекенің соңында демеуші кәсіпкерлердің сыйлықтары, тәттілері және балмұздақтар таратылды. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, балалар мерекесінің көңілді өтуіне атсалысқан барша жомарт жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Әсия Иманғалиева,
әлеуметтік педагог