Ел Тәуелсіздігінің торқалы тойы қарсаңында Ақсай қаласында екі бірдей нысан тұрғындар игілігіне берілді.
Ақсайлықтардың қуанышын бөлісе келген облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов пен Ұлттық экономика министрлігінің өңірлік саясат, өңірлерді талдау және бақылау департаментінің директоры Жайық Шарабасов, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.компаниясының бас директоры Ринато Маролли қос нысанның ашылу салтанатына қатысып, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Алдымен Ақсай қаласындағы 1-ші ,4-ші және 5-ші шағын аудандарын жылумен қамту қазандығын іске қосқан қонақтар нысанның ішіне кіріп, атқарылған жұмыстармен танысты. Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в. тапсырысы бойынша «KAZCONSTRUCTIONGROUP» ЖШС өткен жылдың маусым айында құрылыс жұмыстарына кіріскен екен.
Жобалық құны 1 млрд. 300 мың теңгені құрайтын бұл қазандық арқылы барлығы 5 мың 100 тұтынушыны (абонент), оның ішінде 230 тұрғын үй, 70 кәсіпкер мен коммерциялық және коммерциялық емес нысанға жылу таратылады.
Келесі кезекте күрделі жөндеуден кейін ашылған «Ақсай» спорт клубы да спортты серік еткен жандар мен жалпы қала тұрғындары үшін тамаша тарту болды.
Жөндеу жұмыстарына 200 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсалған бұл нысанның да тапсырыс берушісі Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в. компаниясы болып табылады. Мердігер «СФК «Наурыз»ЖШС құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың мамыр айында бастап, жоспарлы мерзімде пайдалануға берді.
Спорт кешені ғимаратының дәстүрлі лентасын кесу құрметі облыс әкімінің орынбасары И.Стексов пен Бөрлі ауданының әкімі А.Халеловке берілді.
«ҚПО б.в. компаниясы мен Бөрлі ауданының арасындағы меморандумның негізінде 2014 жылдан 2016 жылға дейін ҚПО жыл сайын ауданның әлеуметтік жобаларына 10 млн. доллар ақша бөліп келеді. Міне, бүгінде сол қаржының қалай, қайда жұмсалып жатқандығына баршамыз куә болып отырмыз. Бұның барлығы да ел игілігі үшін жасалып жатқан шаралар», - деді өз сөзінде И.Стексов.
Айым НҰРҒАЛИЕВА