Бекболат Мұқашев басқаратын «Алтын бидай» шаруа қожалығының алқабында болған Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов атқарылған жұмысқа оң бағасын берді.
Биыл 2202,5 гектар жерінің 100 гектарына күздік бидай, 1300 гектарына жаздық бидай егуді қолға алған шаруашылық күнбағыс егу жұмысына кіріскен. Қазіргі таңда барлық жұмыстар аяқтала келіпті.
Осы кезге дейін қараусыз қалып, арам шөп қаптаған жерді тыңайтып, шаруасын дөңгелеткен қожалық басшысы Бекболат Мұқашевтың еккен күздік бидайы да көтеріліп қалған.
-Биыл жердің ылғалы мол. Осы кезге дейін екі мәрте ылғал жабу жұмыстарын жүргіздік. Жалпы жұмыс жасаймын деген жанға ешқандай қиындық жоқ. Барлық мәселені бірлесіп шешіп жатырмыз.
Одан соң Марат Лұқпанұлы «Заман» ЖШС-не барды. Абай Жанғалиев басқаратын серіктестік жұмысы қай кездегідей ширақ. Жұмысшылардың ғана емес, Январцев ауылына да көмегін аямайтын Абай Қуанышкерейұлы барлық жұмысты реттеген. Жаңа база салып, күн санап инфрақұрылымын жаңартуда.
9 мыңнан астам гектар жері бар шаруашылық негізінен күздік, жаздық бидай және күнбағыс егеді. Ауылдың 35 адамын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кездесу барысында аудан басшысы Абай Қуанышкерейұлының ауыл шаруашылығын дамытуда атқарған ісі көп екенін айтып, тәжірибесімен бөлісуге шақырды. Сондай-ақ ауыл спортын дамыту керектігін де айтып, Январцевқа спорт кешенін салып беру туралы ұсынысын да жеткізді.
Еліне көмегін аямайтын серіктестік басшысы бұл мәселе уақыт еншісінде екенін айтып, қолдан келген көмегін көрсететінін жеткізді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz