25.09.2024, 19:00
Оқылды: 42

«Барлық тарапқа қойылатын талап бірдей – заңдылықты қатаң сақтау»

Бүгін Батыс Қазақстан облыстық референдум комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов пен аталған комиссияның мүшесі Фархат Хайретдинов Жәнібек ауданына келді. Мақсат – аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының дайындығын тексеру. 

image-25-09-24-06-08-8

Алдымен төраға аудан орталығындағы №136 референдум комиссиясының учаскесіне барып, комиссия мүшелерімен танысты. Әрқайсысының сайлаудағы өтілін сұрап, референдумның маңыздылығын айтты.

Айта кету керек, биыл жыл басында ротация тәртібімен комиссия құрамы 52 пайызға өзгерді.

image-25-09-24-06-08-7

Әрмен қарай аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудан прокуроры Асқар Мереке, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мейрамхан Бапахов, аудандық төтенше жағдай мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, аумақтық және учаскелік референдум комиссия мүшелерінің қатысуымен жиын өтті. Жиынды ашқан Әділ Тауфиқұлы:

– Алдағы референдумға комиссия мүшелері сақадай сай дайын болу және 6 қазан – дауыс беру күнін ұйымдастыру шараларын жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажет. Комиссияларға салмақты міндет, референдумды ұйымдастыру және өткізу артылып отыр. Бұл ретте дауыс берушілерге конституциялық құқығын жүзеге асыруға жан-жақты мүмкіндік жасау маңызды. Сондай-ақ барлық тарапқа қойылатын талап бірдей – заңдылықты қатаң сақтау. Таңдау жасауға келген адам, байқаушылар, референдум туралы ақпарат тарататын журналистердің учаскеде қандай құқықтары бар, қандай әрекетке тыйым салынғанынан сіздер хабардар болуларыңыз керек, – деп сөз кезегін Ж.Абдоловқа берді.

Өз кезегінде Жақсылық Каримоллаұлы референдум өтетін орындардырдың дайындығы мен учаскелік комиссиялардың жұмыс барысы туралы айтып өтті. «Референдумның өтетін күні, дауыс беретін учаскенің мекенжайы көрсетілген шақырту қағаздары табысталып, дауыс берушілердің тізімі нақтыланды», - деді ол.

image-25-09-24-06-08-2

Аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Жарқын Хаирлиев референдум учаскелерінің жабдықталуы, комиссия мүшелерінің біліктілігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған оқыту курстары мен тестілеу жөнінде есеп берсе, Мейрамхан Темірханұлы референдум кезіндегі қауіпсіздікті күшейтетінін, оған өзі жауапты екенін айтты. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Райгүл Тастенова аудан бойынша 485 мүгедектігі бар тұрғынның барын айтып, соның 111-і референдум учаскесіне барып, дауыс беруге ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне референдум учаскелерінде жасалған жағдайды баяндады. Аудан прокуроры Асқар Ғылымұлы да сөз алып, Жәнібек ауданында референдумның жақсы өтетініне сенім білдірді.

Жиыннан соң аудандық мәдениет үйінде учаскелік референдум комиссияларының қатысуымен аудандық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен алдағы өтетін референдумға арналған «Референдумды тиімді дайындау және өткізу кезінде комиссиялардың қызметін ұйымдастыру» тақырыбында семинар-кеңес өтті.

Аудандық аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Алтай Бақтығалиев алдағы саяси науқанның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларды референдумды тиісті дәрежеде өткізуге шақырды.

Семинар барысында аудандық аумақтық референдум комиссиясының мүшелері Руслан Нұралиев пен Жұмағали Серік, хатшысы Гүлмира Есниязова, №139 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Асқар Сәрсенғалиев пен хатшысы Айсұлу Абдолова референдумды ұйымдастыру, референдумда кездесетін түйіткілді мәселелерді оңтайлы шешу, түрлі жағдаяттардан шығу туралы мол мәлімет берді.

Семинардан кейін комиссия мүшелері аудан орталығындағы Т.Жароков пен №1 мектеп-лицей базаларында тест тапсырды.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале