Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов Қазталов ауданында іссапармен болып, аудандық жастар ресурстық орталығының ұжымымен және БАҚ өкілдерімен кездесті.
Кездесуде басқарма басшысы Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді айта келіп, тұрғындар арасында Жолдаудың мазмұны мен бағытын түсіндіруде жастар ұйымының және БАҚ-тың атқарар жұмыстарына тоқталды.
-Бүгінгі күнде еліміздегі жүргізіліп жатырған реформалардың жетістігін көрсету сіздердің басты міндеттеріңіз болуы қажет. Сонымен қатар бүгінгі күнде адамдарды алаңдатып отырған түрлі діни теріс ағымдардың алдын алуда да үлкен жұмыстар тұр. Бұл орайда халық арасында, оларға түсінікті түрде жұмыстар жүргізу керек. Сондай-ақ бүгінгі кәсіпкерліктің дамуы, әлеуметтік мәселелердің шешімін табу жолындағы жұмыстар сараланып барып, ақпарат құралдарында жазылуға тиіс. Елімізде 100 жылдығы аталып өтілгелі отырған Алаш қозғалысы туралы жұмыстар жоспарлы жүргізілуі қажет. Сонда ғана халық арасында мемлекет жүргізіп отырған саясаттың оң нәтижелері болары сөзсіз, -деді.
Ашық-жарқын кездесу барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева ауданда атқарылып жатырған жұмыстар жөнінде хабарлама жасап өтсе, кездесуге қатысушылар өздерінің толғандырып жүрген пікір-ұсыныстарын ортаға салды.
zhaikpress.kz