Қамшының сабындай қысқа ғұмырын мәнді де, мағыналы етіп өткізгенге не жетсін?! Адам баласы осынау ғұмырын еңбегімен өрнектеп, ұрпғымен толтырып, Алланың маңдайға жазған өлшеулі күнінің бірінде бақилық сапарға аттанып жатады.
Жақында Казталов ауданы Жалпақтал ауылының байырғы тұрғыны бауырынан өрбіген бес баланың анасы, баспа саласының үздігі, еңбек ардагері Ақсықова Мерует Лұқпанқызы 82 жасына қараған шағында өмірден өтті.
Саналы ғұмырын адал еңбекке арнап, бұрынғы Жалпақтал ауданына қарасты «Коммунист», «Жалпақтал өңірі» редакциясы жанынан бөлек мекеме болып қалыптасқан Жалпақтал баспаханасында ұзақ жыл әріп теруші болып жемісті еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққан болатын. Тәрбиеге толы өмірін ғибратпен өткізген ардақты ана әрі ақ жаулықты әже, өзінің көркем мінезімен сүйікті елінің құрметті азаматшасы, еңбек ардагері төсбелгісінің иегері атанған Мерует Ақсықова апамызың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Ақсықова Мерует Лұқпанқызы 1942 жылы 14 маусымда дүниеге келген. 1964 жылы ауылдың азаматы Сергей Ақсықовпен дәм-тұзы жарасып, отбасын құрып, үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген аяулы жар, ардақты ана, немерелерінің сүйікті әжесі атанып еді. Алғашында жас маман ретінде баспаханаға әріп теруші болып орналасып, кейін осы саланың үздік қызметкері атағымен зейнеткерлік демалысқа шықты. Алланың берген несібесін адал еңбекпен ұштастыра білген Мерует Лұқпанқызының жарқын бейнесі оны білетін барлық ауылдастарының жүрегінде ұзақ сақталады.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz