Сайқындық Жанболат Жармұқановқа баспана мәселесі бас ауруы болғалы қай заман? Тіпті басыбайлы баспана мәселесі шешіледі деген үміттері жоқ еді. Күш-қайраты тасып тұрған кезінде мал бағып, ауыл сыртында жүрген ағамыздың бұл күнде денсаулығы сыр беріп, жұмыс жасаудан қалған жайы бар. Жұбайының отыз мың теңгелік табысымен күндіктерін айырып отырған-ды. Атадан қалған мұра, әкеден қалған қара шаңырақ жоқ, пәтер жалдап тұратын. Сөйтіп жүрген ойламаған жерден айы оңынан туды. Жұбайы Қамажай әкімнің жеке қабылдауына барып, көмек сұрап барады. Жағдайын еш бүкпесіз айтады.
- Тұрғын үй кезегіне тұру дегенді ойлап та көрмеппіз. Тегін ештеңе жоқ қой. Үкімет берген үйге де тиын-тебен болса да, төлем төлеп, газ-суының шығынын төлеу керек. Бар табысым отыз мың теңгенің ар жақ, бер жағы. Сонда да бір шапағаты болар деп жағдайымды айтып барып едім, – дейді Қамажай Жармұқанова.
«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, осы шараға Бөкей ордасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шыңғыс Абдоллин де қатысып отырған еді.
- Мектеп бітіргенімізге биыл жиырма жыл толатын еді. Осы айтулы датаға қомақты қаржы жинап, игілікті іс жасау туралы сыныптастар чатында күн сайын дерлік кішігірім лездеме өтетін. Қамажай апайдың мәселесін сыныптастарымның назарына неге ұсынып көрмеске деп ойладым да, осы мәселені шешуді өз мойнымызға аламыз деп аудан басшысына мәлімдеп те қойдым. Былай батыл қадам жасағанымда, бірінші кезек сыныптастарымның толық қолдайтынына сенімді болдым. Сенгенімдей, бір аптаға жетпей қажетті сома түгел жиналды. Үй иесіне сұраған сомасын беріп, Қамажай апайды ілестіріп, нотариусқа барып, құжаттарын ресімдеп бердік, – дейді игі істің басы-қасында жүрген Шыңғыс Абдоллин.
М.Мәметова атындағы мектептің 2002 жылғы түлектері үй алып берсе, 2007 жылғы түлектері сол үйдің газ, суын кіргізіп берді.
– Мен де сол күні әкімнің жеке қабылдауына өз мәселеммен барған едім. Бұған дейін де сыныптастар боп жиналып, қайырлы іс жасайық деп келіскенбіз. Бес бірдей сыныптасымыз бақилық боп кеткен, солардың рухына дұға оқытудан бастап, жағдайы жоқ ауылдасымыздың бір жоғын түгендеп берейік деп келіскен едік. Сол қабылдаудан апайдың жағдайын естіп, сыныптастарыма ұсыныс тастадым. Обалы не керек, бәрі де бір ауыздан қолдады, – дейді М.Мәметова атындағы мектептің 2007 жылғы түлегі Жасұлан Омаров.
Жасұланның сыныптастары қомақты қаржыны жинап аз уақытта бар шаруаны сайлап беріп, Қамажай апамызды тезегімен кіріп, күлімен шығатын мехнаттан құтқарды.
– Зейнет жасына жеткенше жоғымыз түгелденбей, басымызға бір баспана бұйырмай жүрген еді. Ағайынымыз емес, тумамыз емес, жай ғана ауылдас іні-сіңлілеріміз бізге үлкен қуаныш сыйлады. Жақсылықтары Алладан қайтсын. «Елде болса, ерінге тиеді» деген осы екен. Көптің арқасында өзіміздің үйіміз бар. Көгілдір отыны келіп, суы кіріп тұр. Бірер ай бұрын былай болады деп армандаған да жоқ едік. Қуаныштымыз, – дейді отанасы Қамажай Жармұқанова қуанышын жасыра алмай.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы,
zhaikpress.kz