29.05.2023, 17:16
Оқылды: 21

«Баспасөз – ұстаздың темірқазығы»

Аудандық мәдениет үйінде ақын, «Парасат» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері һәм мәдениет саласының үздігі, облыстық «Орал өңірі» газетіндегі мұғалімдердің үзбей оқитын «Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы Дариға Мұштанова ауданымыздағы ұстаздар қауымымен жүздесті.

Screenshot_20230529_151540_Gallery

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев төрағалық етіп, ең бірінші Дариға Ғазезқызының білім беру саласындағы жеткен жетістіктеріне тоқталды.

Screenshot_20230529_151549_Gallery

Казталов ауданындағы Көктерек орта мектебінің қарапайым мұғалімі ретінде еңбек жолын бастаған ол күні бүгінге дейін біраз келелі істің жүзеге асуына мұрындық болған. Ел аузында жүрген ерлікпен пара-пар жұмысы – қазіргі Абай гимназиясының директоры қызметін жауапкершілікпен атқарып, мұғалімдер мәртебесінің асқақтауына айтарлықтай үлес қосқаны. Ол бүгін тағы да осы ұстанымынан таймай, ұстаздықтың қырын ашты. Алғашқы сөзінде қызығы мен қиындығы қатар келетін өмір жолындағы естеліктерімен бөлісіп, қаламгер ретінде шығармашылығына ауысты. Бір таңдай қағары ол қандай бағытта жүрсе де, қолына қалам алса да, басшылық қызмет атқарса да осы уақытқа дейінгі саналы ғұмырын білім ордасымен байланыстырды. Жәнібектік жұртпен сәлемдесуінің өзі жиналған қауымға шабыт беріп, еріксіз қошемет соғылды.

Screenshot_20230529_151527_Gallery

- Оқуға келген әр баланы жанарына қарап, қас-қабағын бағып, зерттеп аламыз. Ал Жәнібектен білім қуып келген шәкірттердің барлығы мінезді болды. Кең даланың ауасын құшырлана жұтқаны, еркін өскені – мақсаттарына жетпей қоймайтынынан, серттен таймайтынынан көрініп-ақ тұрды, - деп алдынан өткен жәнібектік оқушыларды тізбелеп, ерекше ілтипатпен айтып берді.
Білім саласының көңіл көншітпейтін тұстары, ата-ана мен мұғалімнің арасындағы байланыстың әлсіреуі әріден қозғалған жүздесуде облыстан арнайы келген Дариға Ғазезқызына қатысушы мұғалімдер тарапынан сұрақтар қойылды. Тайыр Жароков атындағы орта мектебінің директоры Сержан Қошанов көкейіндегі сауалдарын жолдаса, аталмыш мектептің ардагер ұстазы Айжан Қауышева құрметті қонақпен ойы бір жерден шыққанына алғысын жеткізіп, кездескеніне ризашылығын айтты. Журналистика бағытында ойып тұрып алатын орыны бар Дариға Ғазезқызының тағылымды әңгімелерін тыңдағанына қуанышын білдірген Тау ауылындағы «Қайрат» бөбекжайының меңгерушісі Алтынай Қарашина да пікір қосып, №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Әдемі Ахметова «Үзіліс» бетіндегі әр мақаланы қалт жібермей, ұсыныстар мен тәжірибелерді сабақта қолданатынын жеткізді. Баспасөздің құны артқан пікір алмасуда Дариға Ғазезқызы:
- Мұғалім ұстаз болуға ұмтылуы тиіс. Сабақ беретін пәнінен бөлек газетте жарық көрген танымы мен өнегесі мол шығармалармен сусындап, үнемі облыстағы ақпараттардан хабардар болып, ізденісте жүргені жөн. Баспасөз – ұстаздың темірқазығы, - деп баса айтты.
Екі сағаттан асқан жүздесуде көрермендер уақытқа қарамастан, тәжірибелі ұстаздың әңгімелерін құштарлықпен тыңдады. Жиын соңында мәртебелі өлеңге кезек беріліп, жырға шөліркеген жұртшылықтың шөлін қандырды. Аудан әкімдігі атынан ықылас гүлі тарту етілсе, ақын өзімен ала келген кітаптарын Тайыр Жароков атындағы жалпы орта білім беретін мектеп ұжымына сыйға берді.

Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале