27.11.2020, 21:34
Оқылды: 147

Баспасөзге басымдық бермей, қоғам сенімі күшеймейді

Әдеттегідей тағы да баспасөзге жазылу науқаны басталды. Бұл да бір орақ науқаны сияқты нәрсе. Алайда газеттің бір қиын кезеңі осы сәт.
4E5057CF-5E5B-4B7D-BDA9-6FE1ACDAF46E

Мақсатымыз - «Қаратөбе өңірі» газетінің ақиқатшыл жолын жалғастыру.

Әлеуметік желіде - «газет сатылыпты-мыс, партиялық басылымға айналады» деген алыпқашпа әңгімелер жүр. Газет ешкімге де сатылған жоқ, сатылмайды да. Басты талабымыз - газетті өңірдегі ең мықты тәуелсіз ақпарат құралына айналдыру. Газеттің редакциялық саясатының ұстанымдары күшейді, шындық та, ақиқат та айтылды. Сараптамалық материалдарды, авторлардың санын көбейттік. «Қаратөбе өңірі» халықтың ортасында жүрген, барлық маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерді қозғайтын басылым ретінде бұқараға жақсы таныс, мүмкіндігінше, оны одан да биік белеске көтеруге тырысамыз!

Әлеуметтік желіде іздеген барлық ақпаратыңды таба алуың мүмкін. Дегенмен ол рухани құндылықтың орнын баса алмасы анық. Бүкіләлемдік кеңістікті жаулаған ғаламтор желісін әлем халықтары бірдей пайдалануда. Әйтсе де, оның адамға қаншама ғасырдан бері рухани азық беріп келе жатқан кітап, газет-журналдардың орнын баса алмайтынын сол желіні белсенді қолданушылардың өзі де айтуда.

Мемлекеттiк ақпараттық саясатты жүзеге асыруда аудандық газетке жүктелер жауапкершiлiк жүгi ауыр. Түрлi Үкiметтiк бағдарламаларды айтпағанда Елбасы реформасы мен оны жүзеге асыруға бағытталған шаралардың орындалу барысымен тұрғындар ең алдымен аудандық газеттегі материалдар арқылы таныса алады. Шыққан материалдардың сапалы болуы, оқырмандарға мемлекет саясатын ұғынықты түсiндiре бiлу аудандық газет қызметкерiнен ерекше қабiлет-қарымды талап етедi.

Соңғы кезде газетке мәжбүрлі түрде жаздыру жұрт арасында талқыланып жатыр екен.

Әрине, жұртты алаңдатып отырғаны мұғалімдер мен дәрігерлердің жағдайы.

Ауданымыздағы жалғыз басылым болғандықтан, бұл әңгіменің ұшы бізге де тиетіні жасырын емес.

Осыған орай, мәселенің басын ашқым келеді. Иә, біз халықтың «Қаратөбе өңірің» оқығанын қалаймыз. Газет оқу - өркениетті елдерде де мәдениеттіліктің бір белгісі іспетті. Әсіресе, интернет жетпеген ауыл-аймақтағы ағайындардың газет оқуы маңызды деп білеміз.

Кітап оқу деңгейі төмендеп, баламалы ақпаратқа қолжетімділік қиындап тұрғанда газет елде және жаһанда болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат алып, сараптамалар арқылы танымды арттыратын, маңызын жоғалтпайтын құнды материалдармен рухани азық беретін бірегей құрал.

Басылым ең әуелі оқырманның көңілінен шығып, шынайы сұранысқа ие болуы қажет деп санаймыз. Сол себепті біз контентті дамытуға, мазмұнды байытуға бар күшімізді салудамыз.  

Мемлекеттен қаржы аласыңдар, сендерге жазылым не үшін керек дейтіндер бар.

Ол қаражат газет шығынының бар болғаны 1/3 бөлігін ғана жабады, қалғанын жарнама және басқа да табыс көздері арқылы толтырамыз. Оның үстіне газетімізге бөлінетін қаржы көлемі соңғы 5 жылда өзгермеген. Есесіне бояу мен қағаз жыл сайын қымбаттағандықтан мемлекеттік қаражаттың шығынымыздағы үлесі төмендеп келеді. Осыған қарамастан, биыл жазылушылар саны көбейіп, жыл соңындағы көрсеткіштер бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Яғни 1100 жазылушыдан 2500 оқырманға жоспарладық.

«Қаратөбе өңірі» тек биліктің сөзін халыққа жеткізіп қана қоймай, оқырманның да ойы биік мінберлерге жетуіне дәнекер болып келеді.

Басылым бетінде ауыл-аймақтың жағдайы мен өткір мәселелерді жиі қозғадық. 

Ауыз судан бастап, мектеп пен денсаулық тақырыптарының бәрін қозғап келеміз.

Басылымда көтерілген мәселе мақалаларымыз да көбіне тиісті шешімдерін тауып жатады.

Ғасырлық межеге таяған басылым елдің газеті деген атауға лайық болып, мәртебелі оқырманның үмітін ақтау үшін еңбек етіп келеді. Біз үшін басты ұстаным - оқырман талғамы, уақыт талабы. Ал субьективті пікір айтушыларға газетті оқуға кеңес береміз.

Ұлттық идеологияның негізі баспасөз парақтарында жатыр. Оны тарих дәлелдеуде. Аудандық "Қаратөбе өңірі" газеті - 85 жылдық тарихы бар аудан айнасы.

Газетке шыққан мақаласын іздеп, редакцияға келіп жүретін мемлекеттік  мекемелердің басшылары мен қызметкерлері де жазылар деген үмітіміз бар. Әрине, ешкімді зорламаймыз, бірақ аудандық газет — ауданның айнасы. Ал айнаға қарап жүру артықтық етпейді!

Қай кезде де баспасөз ұлт мүддесін жоғары қоятын, лауазымды, ел басқарған азаматтардың қолдау-көмегін күтетіні рас.

Баспасөз — ел өмірінің айнасы, олай болса, елімізде болып жатқан оң өзгерістерге жұртпен бірге қуанып, аудандық басылымды қолдап отырған көзіқарақты оқырманымыздың қатары толыға түскей деп тілейміз. Ұлт рухының ұраншысына, әрбір адам баласының жан серігіне айналған баспасөзге жазылуды ұйымдастыру мәртебелі іс деп білейік!

Жақсы жаңалықтармен жиі жүздесейік!

Маралбек Амантаев,

Қаратөбе ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале