Газет-журнал, кітап оқып отырған ата-ананы көрген бала да олар секілді болуға ұмтылады. Сөйтіп, зерек, сауатты, сөздік қоры мол, мейірімді, ұлтжанды болып өсері анық. Өкінішке орай, мұндай көріністер жыл өткен сайын азайып бара жатқаны бүркеуге келмейтін шындық. Содан да шығар, қалада да, далада да сәбилердің тілі ана тілінде емес, орысша шығуда. Бұл - біле білгенге үлкен қатер.
Өткен аптада Бөрлі ауданында болып, баспасөзге жазылу науқанына байланысты педагогтер қауымымен кездескен кезде осы мәселелер кеңінен сөз болды.
– Біздің балабақша тәрбиеленушілері ата-аналарының көбі Қарашығанақ кен орнын игеріп жатқан компанияларда еңбек етіп жүр. Алайда олардың көпшілігі мемлекеттік сипаттағы, соның ішінде қазақ тілінде шығатын басылымдарды оқымайды. Содан да шығар, ондай жандар руханияттан алыс. Балалары қандай тәлім-тәрбие алып жатқаны да қызықтырмайды оларды. Таңмен балабақшаға кіргізіп, кешке алғанына мәз. Баламен де, бізбен де сөйлесуге уақыттары жоқ. Кейде перзенттерімен бірге орындауға тапсырма беріп, не ескерту айтып жатсақ, «Мұның бізге керегі шамалы, балам, не қызым балабақшадан соң орыс мектебіне барады» деп ештеңені елеместен томсырайып кетіп қалады. Жалпы, перзенттерінің өзге тілде білім алғанын қалайтын ата-аналар аз емес. Біз – қазақ балабақшасымыз. Соған орай қаншама ата-ана орыс тобын ашыңыз деп өтініш айтып жүр. Ондай топ ашпайтынымды естігеннен соң үстімнен арыз жазғандар да болды. Өзім де, қызметкерлерім де көптеген газет-журналды, кітапты жиі оқуға тырысамыз. Баспасөзге жазылу науқанына белсене қатысамыз. Өз тарапымыздан баспасөзге жазылу жайын ата-аналарға да айтамыз. Себебі өндірісте, шаруашылықта еңбек ететін жерлестеріміздің мемлекеттік сипаттағы баспасөзге жүйелі түрде жазылуына біз де мүдделіміз, - дейді Ақсай қалалық №5 «Ертегі» бөбекжайының директоры Гүлзайда Талипова.
Әріптесінің бұл ой-пікірін қостаған өзге балабақша меңгерушілері де ата-ана өзінің ұл-қызына кітапты сатып алып, оның жеке кітапханасын ұйымдастыруы, газет-журналдарға тұрақты жаздырып отыруы қажеттілігін айтты. «Кітап пен газет-журналдар баланың жас ерекшелігіне сай болуы шарт қой. Сол себепті облыстық, аудандық басылым беттерінен мектепке дейінгі балаларға, олардың ата-аналарына, балабақша тәрбиешілеріне арналған мақала-материалдар жүйелі түрде шықса екен дейміз, - деді №1 бөбекжай директорының міндетін атқарушы Самал Нұғманова. - Сөздің шыны керек, үнпарақтарда жарияланатын мақала-материалдар негізінен мектепке, мұғалімдерге, оқушыларға арналады. Ал балабақша көбіне назардан тыс қалып жатады. Мектепке дейінгі білім - жалпы білім саласының іргетасы екенін ұмытпауымыз керек».
Шара барысында «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова, «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Сәкен Әбілхалықов, «Бөрлі жаршысы» газетінің редакторы Дариға Нұрашева облыс, аудан көлеміндегі сенімді ақпарат алғысы келетін, ел, тіл тағдырына бейжай қарай алмайтын жандарды мемлекеттік сипаттағы газеттерге жазылудан қалыс қалмауға шақырды.
Мәди Ықылас,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz