Бұрын ірі кәсіпкерліктің дамып, ал шағын бизнес оның көлеңкесінде қалып қоятыны жиі айтылатын. Қазіргі таңда олай деп шағынатын жөні жоқ. Өйткені кейінгі уақытта мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, шағын кәсіпкерліктің дамуына ден қойылып отыр.
Әсіресе, қайтарымсыз гранттар біраз адамның кәсіп бастауына баспалдақ болды. Бүгінде ауылдарда кәсібін бастап, тәуір тұрмыс кешкендер қатары молайып келеді.
Мәселен, жерлесіміз Айгерім Жұмағалиева грант арқылы қаражат алып, өзінің бизнесін бастаған. Заман дамыған сайын техника мен технология жаңарып отырады. Аталмыш кәсіпкер фетр матасынан балалардың ақыл-ойын жан-жақты дамытуға арналған кітаптар жасайды. Ол – 1,5 мен 3 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған кітаптар. Айгерім балалардың әр затты өз атауымен атап, түр-түсін ажыратып, санап үйренуіне үлкен септігін тигізетін және денсаулыққа еш зиянсыз дүние ойлап тапты.
Қазіргі таңда балалардың көптеген ойыншыққа деген аллергиясы болған жағдайды да көріп жүрміз. Сол себепті фетр матасынан жасалған дүниелер қолданысқа енді. Айгерім Шалабайқызы балабақшалар тарапынан бірнеше тапсырыс қабылдап, балалардың логикалық ойлау қабілеті мен қол моторикасын дамытуға үлкен септігін тигізуде. Балаларға бағытталған бұйымдарының түрін көбейтіп, жалпы дамып, жетілуіне үлкен үлесін қосып жүр.
– Бұл бизнеспен 2019 жылдан айналыса бастадым. Бала кезімнен іс тігуге жақын болғандықтан, осы саланы бастап көруге бел будым. Бірнеше жыл үй шаруасында болдым. Кейін қайтарымсыз грантқа тапсырып көріп, бизнес-жоспарым қолдау тапты. Негізінде, кіші қызымның дүкендегі ойыншықтарға аллергиясы болғандықтан, осы істі бастап көргім келді. Міне, қазіргі таңда фетрдан көптеген дүние тігемін. Ойыншықтардың біразын қарап көріп, қолдан тігуге бел будым. Үйде балаларыма да ермек болды. Өйткені фетрдан бұйым жасау, біріншіден, баланың ойлау қабілетін реттейді. Екіншіден, түрлі түсті болғандықтан, бүлдіршіндер қызығушылық танытып, сол ойыншықты қарап, танысып ойнайды. Үшіншіден, бұл ойыншық балалар ұстаған кезде жұмсақ және зиянды емес. Қазіргі таңда балабақшалармен келісімшартқа отырып, фетрдан жасалған кітапшалар дайындаудамын. Балаларды осындай ойыншықтармен қызықтырып ойнатқан жөн секілді. Ұлттық құндылығымызды дәріптеу – біздің міндет. Сондықтан біз баламызға жақсы тәрбиемен қатар, жақсы ойыншықтар ұсынуымыз қажет. Бүгінгі танда менің туындыларым жоғары сұранысқа ие. Әрі қарай осы ісімді жалғастырып, бұдан да жақсы туындылар шығарғым келеді. Ең бастысы – мақсат қою. Содан соң оған қадам жасау, – дейді Айгерім Жұмағалиева.
Г. Серікқали,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz