6.02.2023, 17:00
Оқылды: 29

Нариман Төреғалиев: «Біз алдымен басталған құрылысты соңына дейін жеткізу мәселесіне назар аударуымыз керек»

Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Казталов ауданына келді. Өңір басшысы аудандағы «Мясная индустрия» ЖШС-ның 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңы, №2 Казталов аудандық ауруханасы, «Сартаев» ЖК-ның сауда-саттық және қызмет көрсету кешені, дәстүрлі өнер орталығы, 600 орынға арналған жалпы білім беретін орта мектептің құрылыс жұмыстарымен және Казталов мектеп-лицейінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, аудан халқымен кездесті.

казталов (3)

Казталов ауданындағы ауыл шаруашылық саласының дамуы қарқын алып келеді. Аудан экономикасына оң серпін беретін жетекші саланы дамытуға үлес қосып отырған ірі кәсіпорындар да бар. Соның бірі Талдыапан ауылдық округі аумағында орналасқан «Мясная индустрия» ЖШС.

«Мясная индустрия» ЖШС директоры Сергей Максимұлы аймақ басшысын кәсіпорында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, жыл соңына дейін 10 мың бас малды бордақылап,  2 млн 250 мың келі ет өнімін алуды жоспарлап отыр.

казталов (5)

Өңір басшысының жұмыс сапары Жалпақтал ауылында жалғасын тапты. Мұнда өңір басшысы №2 Казталов аудандық ауруханасының жұмысымен танысып, медицина саласының қызметкерлерімен кездесті. Жауапты органдарға саладағы маман тапшылығы мәселесі мен халыққа  медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруды тапсырды.

казталов (2)

Содан соң аймақ басшысына «Сартаев» ЖК-ның «UNIVERSAL» дүкені таныстырылды. Халыққа құрылыс материалдарын, автобөлшектер, балық өнімдерін және автокөлік жуу, дөңгелек құрастыру, көлік жөндеу қызметтерін ұсынатын кешеннің арқасында 15 жұмыс орны ашылып, халықтың сұранысы да қанағаттандырылып отыр. «Сартаев» жеке кәсіпкерлігі өңірде балық шаруашылығын дамытудағы жетістіктерімен де танымал.

Аудандағы Сарыөзеннің Ақсуат-Әбіш, Қараөзеннің Қожантай-Айдархан, Байтұрған-Таңат, Сатыбалды-Әжімбет су учаскелері аталған ірі балық аулау субъектісіне тиесілі. Тоғандағы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерліктің жұмысы нәтижесінде 2022 жылы 50 тонна балық өсірілген. Ал 2023 жылы 78 тонна балық өсіру жоспарланып отыр. Ауданда балық шаруашылығымен айналысатын тағы да 3 субъекті бар.

Олар - «Сарсенов М.М.» ЖК, «Альбетьяров Е.К.» ЖК, «Казахия» ЖШС. Нариман Төреғалиұлы кешеннің жұмысымен танысқан соң ауданның кәсіпкерлерімен және белсенді жастармен кездесті.

Дәстүрлі өнер орталығында өткен жастармен кездесуде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Мұқағали Шоқпанов аудандағы жастар саясатының жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Сондай-ақ, «Данагүл» ЖК жетекшісі Мерхат Ибатов «Жаңадан бастаушыларға робототехника, компьютерлік және фото бейнелерді өңдеу, проект сызу бойынша  оқыту» жобасын, «Райымбек» ШҚ жетекшісі Райымбек Мұстахим «Автокешен және дәмхана ашу» жобасын таныстырды. Жалпақтал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Болатбек Сарманов «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көріп отырғандығын жеткізді. Облыс әкімі жастардың үніне құлақ түріп, аудандағы жастар арасында жұмыссыздық мәселесін шешуде мемлекеттік бағдарламалардың маңызы зор екендігін атап өтті.

-Ауданда 448 жұмыссыз жастың жұмыспен қамтылуын назарда ұстау керек. Азаматтарды мемлекеттік бағдарламаларға тартып, кәсіпкерлікке баулып, жаңа жұмыс орындарын ашуды қарастырған жөн. Өңірімізде кәсіп бастайсың деген азаматтарға мүмкіншілік мол. Қазіргі заманның жастары білімді. Тек еңбек етіп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру керек. Осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жетілдіреміз,  - деді Нариман Төреғалиұлы.

Облыс әкімінің сапары Казталов ауданының орталығында жалғасты. Өңір басшысы аудан орталығындағы  600 орындық мектеп құрылысы, Казталов аудандық ауруханасының жұмысы және Казталов мектеп-лицейінің күрделі жөндеу жұмысымен танысты.

Қос мектептің құрылысының кешіктірілуіне назар аударған облыс әкімі мердігерлерді, авторлық және техникалық қадағалау жұмыстарына жауапты тұлғаларға сапаға назар аударып, жауапкершілік танытуға тапсырма берді. Әлеуметтік нысандардың ағымдағы жұмысымен танысқан соң аймақ басшысы С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында аудан халқымен кездесті.

казталов (1)

Аудан тұрғындарымен кездесу жиынында аудан әкімі Рүстем Зұлқашев өткен жылға есеп беріп, болашақтағы жоспарларын баяндады.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылдың  16 наурызындағы «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты жолдауында «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру» деген болатын. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін қоғам мен билік арасында диалог орнатудың маңызы зор. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес өткен жылдың маусым, қазан айларында облыс әкімінің аудан тұрғындарымен кездесулері өткенін білесіздер. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан 35 сауал қойылып, бүгінгі таңда 9-ы орындалды, 11-ы орындалу үстінде. Ал 15 мәселе күні бүгінге орындалмай, бақылауға қойылды, - деген аудан әкімі аудандағы жоспарда тұрған инвестициялық, инфрақұрылымдық, әлеуметтік жобаларға тоқталды.

казталов (6)

Облыс әкімімен өткен кездесу жиынында аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұқанғали Бектілеуов аудан орталығындағы №17 өрт сөндіру бөліміне күрделі жөндеу қажет екендігін, Қараөзен ауылының тұрғыны Болат Бекешов өңір басшысын жергілікті балабақша мен дәрігерлік амбулаторияның жай күйіне назар аударып, Жас ауылында ауыз су мәселесі өзекті болып отырғандығын тілге тиек етті. Ал жаңажолдық ақсақалымыз Нағым Ризуанов өз сауалында жол мәселесі мен бірқатар әлеуметтік мәселені алға тартты. Жалпақтал ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғылым Едекешов аудандағы коммуналдық шаруашылық мекемесінің болашағына алаңдаушылық білдіріп, ветеринария саласына да көңіл бөлу керек екендігін жеткізсе, казталовтық белсенді Марат Салауатов электронды техникаларды жөндейтін мамандардың жоқтығын алға тартып, ауыл шаруашылығы саласында кадр тапшылығы мәселесін шешу керектігін тілге тиек етті. Қошанкөл ауылының тұрғыны Меңдіхан Халықұлы аудандағы электр желілерін қалыпқа келтіру, балаларға арналған типтік жобадағы лагерь мәселесін реттеуді,  және облыс атауын «Ақжайық» деп атауды ұсынды. Мұнымен қоса, Казталов ауданын облыс орталығымен байланыстыратын республикалық жол жиегіне теректер отырғызуды қолға алу керектігіне тоқталды.

казталов (4)

-Облысымызда аяқсыз қалып отырған құрылыс жұмысы көп. Содан соң жаңа жобаларды жүзеге асыруға ден қоямыз. Өйткені ағымдағы жобаларды аяқтамай, жаңа жобаларды бастар болсақ, бұл экономикамызға да, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне кері әсерін тигізері анық. Бірқатар мәселені жергілікті атқарушы органдар қадағалап, жобаларға жан-жақты зерттеулер жүргізуі керек, - деді өңір басшысы.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлының Казталов ауданымен кездесуінде халықтың көкейіндегі сауалдарға нақты жауаптар беріліп, өңір басшысы жауапты тұлғаларға ағымдағы мәселелердің шешілу жолдарын зерделеп, нақты шешімдер қабылдауды тапсырды.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале