«Бастау Бизнес» жобасы көпбалалы аналарға, жұмыссыз тұрғындарға кәсіптерін ашуға үлкен мүмкіндік берді. Бүгінгі мақаламыз аталған жобаға қатысып, үйде шұжық дайындайтын Дина Давлетьярова туралы.
Кішкентайынан алғыр болып өскен Дина мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, фельдшер мамандығын алып шыққан. Қазіргі уақытта Бөрлі ауданы ақсай қаласындағы INTERTEACH ауруханасында медбике, рентген-лаборант болып жұмыс істейді.
29 жастағы Динаның шұжық жасаумен айналысып келе жатқанына 1 жылдай уақыт болған. Бала күтімімен үйде отырған кезде кәсіп ашу туралы ойға келген. Кейіннен қандай бағытты таңдайтынын ойлаған.
Кейіпкеріміз тек кәсіпкер емес, сүйікті жар, сыйлы келін, аяулы ана. Көпбалалы Дина төрт бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Олардың екеуі мектепте оқыса, екеуі балабақша тәрбиеленушісі. Ол балалары тек таза тамақ жесін деп, осы ісін бастаған.
- Бұл кәсіпті таңдаған себебім балаларымның шұжықты жақсы көруі. Осы уақытқа дейін біз шұжықты тек дүкеннен алатынбыз. Соңғы уақыттары әлеуметтік желіден тамақтардың арасынан неше түрлі заттың шыққандығы туралы ақпарат, видеолар қаптап кетті. Содан күнделікті балаларымның жейтін шұжықтарының таза жасалатынына күмән туды. Бұл мені ана ретінде алаңдатты. Кейін жолдасыма шұжықтың қалай жасалатынын оқып, өзім балаларыма жасап бергім келетінін айттым. Бастысы балаларымның таза, адал тамақ жегенін қаладым. Басында тек балаларыма жасаймын деген ойда болдым. Кейін нарықта үй шұжықтарына сұраныстың көп екенін байқап, кәсіп ашу туралы жоспарымды отбасыма бөлістім. Жолдасым мен ата-енем қарсылық білдірмей бірден қолдап, мен осы салаға келдім, - дейді Дина Нұрболатқызы.
Шұжық жасайтын адамның басты керегі ет екені белгілі. Кейіпкеріміз ол жағынан қиналмаған. Себебі отбасы мал ұстайды. Сондықтан дүкендерден ет сатып алмайды. Кәсіпкердің шұжығы таза сиыр етінен жасалады. Малымызды арнайы өсіріп, бір жылдан бері өзіміз сойып, фарш қылып өткізіп, үйде шұжық жасап жүр.
Кәсіпкеріміз тапсырыстарының бәрін өзі ғана жасайды. Қазіргі уақытта көмекшілері жоқ. Дина өзінің апасына шұжықтың қалай жасалатынын үйреткен. Кей кезде ол Динаға да тапсырыстарын жасауға көмектесіп тұрады.
Дина Нұрболатқызы кәсібін «Бастау Бизнес» жобасы арқылы ашты. Ол үйде шұжық өнімдерін жасау тақырыбымен бизнес жобасын жасап, мемлекеттік грантқа ие болған. Гранттың нәтижесінде 1 100 000 теңге қаражат алып, жұмысына қажетті затын алған. Қазіргі уақытта кейіпкеріміз бала күтімімен үйде отырған аналарға өз кәсіптерін ашып, уақыттарын бөліп, жаңа салада өздерін сынап көруге кеңес береді.
- Кәсіп ашу – кез келген адамның қолынан келеді. Бастысы, ниетің түзу болу керек. Адал еңбек еткен адам әрқашан жетістікке жетеді. Бүгінгі күні кәсіп ашып, өзінің тұрмысын жақсартуға, жұмыссыз адамдарды жұмысқа алып немесе оларды оқытуға болады. Ештеңе оп-оңай сенің алдыңа келмейді. Бәрін де еңбекпен ғана табасың. Қазір кәсібім жақсы жүріп жатыр. Өзімнің тұрақты тұтынушыларым бар. Жұмыстас дәрігерлер де үнемі маған тапсырыс беріп тұрады. Тума-туыс, бауырларым мен мені танитын Орал қаласының тұрғындары да маған тапсырыс береді. Кез келген өз кәсібін ашқысы келетін жанға мемлекеттік гранттың көп пайдасы бар. Маған да бұл қаражат жұмысымды бастап кетуіме көмектесті. Осы гранттың арқасында шұжықтарды, еттерді сақтайтын тоңазытқыш, мұздатқыш, шұжық дайындауға арналған шприц және тағы басқа да қажетті заттарымды алдым, - дейді.
Бүгінгі күні тұрақты тұтынушылары бар Динаның тапсырыстары да артып келеді. Ол кәсіп бастар алдында ештеңеден қорықпай, өзіңе деген сеніммен әрекет ету керек деп санайды. Кәсіпкеріміз қаламызда өтетін жәрмеңкелерге де қатысып тұрады екен. Ол осылай өзінің жасап отырған өнімін халыққа ұсынып, тиімді бағада сатып отыр.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz