Орал қаласында “AMANAT” партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелеріне арналған “БПҰ қызметін жетілдіру” тақырыбындағы екі күндік семинар өтті.

Семинарға Орал қаласынан, сондай-ақ Бәйтерек, Бөрлі және Теректі аудандарынан келген бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен партия белсенділері қатысты. Бөрлі ауданынан қатысқан Майра Сүйіндікова «Спорт» БПҰ, Гүлдария Мұқатаева «Мәдениет» БПҰ, Тұрсын Жалмұханова «Пугачев» БПҰ, Айсара Максұтова «Приурал» БПҰ, Нұргүл Лұқпанова «Бөрлі» БПҰ семинар жұмысы барысында өз тәжірибелерімен бөлісіп, жобаларды қорғады. Оқыту барысында қатысушылар партия жұмысының негізгі бағыттарымен, саяси-идеологиялық және бағдарламалық құжаттармен танысып, азаматтармен тиімді қарым-қатынас орнату әдістерін меңгерді. Семинар модульдері бойынша оқытуды “AMANAT” партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Әсемгүл Семғалиева жүргізді.
Іс-шара аясында түрлі тақырыптық тренингтер мен оқиғалық тапсырмалар ұйымдастырылып, қатысушылар тәжірибелік білімдерін шыңдауға мүмкіндік алды. Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл семинар бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандырып, партияішілік өзара байланысты нығайтуға ықпал еткен маңызды қадам болды.
Нұргүл Қуатова,
Бөрлі ауданы