Жақында ғана ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың халқына арнаған Жолдауында қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала, сондықтан да шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді деген болатын.
Сондықтан заманауи ғылымға сүйену қажеттілігі туындап, агроғылымды дамыту туралы мәселесі өзекті тұрғаны мәлім. Ендігі кезекте алдымызда ауыл шаруашылығы, соның ішінде егін шаруашылығы саласында жаңаша көзқараспен, жаңа технологиялармен жұмыс істеу міндеті тұр.
Бүгін Шыңғырлау ауданында өткен «Егінжай» күні, сондай-ақ осы салаға арналған кең көлемді, мол мазмұнды семинар-конференцияның басты мақсаты – ғалымдар мен шаруалар, фермерлердің басын қосып, егін шаруашылығындағы мәселелі тұстары және құмай өндірісін дамытуды талқылауға арналған еді.
Шара ең алдымен «АБН Технология» ЖШС-тігі құмай индустриясын-еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін күшейту бойынша Қазақстан экономикасының жаңа, стратегиялық сегментін енгізу» атты мол мазмұнды конференциямен басталып, оған аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев төрағалық етті. Осы бағыттағы жұмыстарды тереңдету, жұмыс тәжірибесімен бөлісу бағытын көздеп оздырылған семинарға алыс-жақын шетелдерден, көршілес облыстар мен Батыс Қазақстан облысы деңгейіндегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының ғалымдары, басшылары және агрономдары, аудандағы мекеме-ұйым басшылары, шаруа құрылымдары, ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың барысына қысқаша тоқталып: «Шыңғырлау ауданы мал шаруашылығымен бірге егін шаруашылығын қоса өрістетіп және бұл салада айтарлықтай табысқа жетіп отырған аудандардың бірінен. Аудан бойынша егістік көлемі 38 529 гектарды құрайды. Жылдан жылға ауданда негізінен біржылдық және көпжылдық шөптер есебінен егіс алқаптарының көлемі артып келеді. Былтырғы жылы дәнді құмай егілген егістік көлемі аудан бойынша 930 гектарды құраса, биылғы жылы 1114 гектарға ұлғайтып, егіс көлемі өсіп отыр»,- дей келе сөз кезегін келген өкілдерге ұсынды.
Семинар-конференцияда Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтың, "Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы" басқарма төрағасының орынбасары Ермек Абуовтың және ҚР АШМ ауыл шаруашылығы департаменті Өсімдік шаруашылығын дамыту басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Досымбетовтың аталған тақырып аясындағы ауқымды баяндамалары тыңдалды.
«Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісінің алдағы 5 жылға арналған сын-қатерлері» тақырыбы аясында «Байер Каз» ЖШС-нің аймақтық өкілі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алдаберген Нұғманов сөз алып, жиын мақсатын аша түсті. «Құмай шаруашылығын дамыту бағыты, құмай негізгі дәнді дақылдарға балама ретінде басқа елдерде қолдану тәжірибесі» тақырыбы бойынша «Лидеа» (Франция) компаниясының Құмай нарығын дамыту жөніндегі басшысы Фредерик Гедждің жасаған баяндамасы жиналғандарды қызықтырғаны сөзсіз.
Сонымен қатар қатысушылар алдында «Құмайдың әртүрлі қызмет салаларында қолданылуы және практикалық шешімдері. Экстремалды өсіру жағдайында кепілдендірілген өнім алу» тақырыбы бойынша «Лидеа» (Франция) компанияның аға өнім менеджері Эдуард Павловский баяндама жасады.Мұнан әрмен «Агроклиматтық өсіру жағдайларының өзгеруіне байланысты егістік дақылдарды мәдени аудандастыру» тақырыбы бойынша «Орал ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы»ЖШС директорының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Валентина Лиманская өз пікірімен бөлісті.
«Топырақты дайындауға, себуге, күтуге, сұйық тыңайтқыштар енгізуге арналған заманауи машиналар кешені» деп аталатын «АБН Технологии» ЖШС-нің директоры, техникалық ғылымдарының кандидаты Әділжан Нұғмановтың егін алқабында жасаған баяндамасы келушілердің көңілінен шықты.
Семинардың екінші бөлігі «Амангелді Агро» ЖШС-нің тәжірибе алаңында жалғасты.
Тың ізденістер ортаға салынып, назарға аларлық ұсыныс-пікірлер айтылды.
Айсұлу Арыстанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz