Бүгін Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігінің БҚО бойынша департамент басшысы Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсатов және Мемлекеттік қызмет істері агентігінің БҚО бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Дулатбек Молдағалиевтің қатысуымен жиын өтті.
Өз кезегінде департамант басшысы мемлекеттік қызметкерлердің әдебіне тоқталып кетті. Мұрат Байсатов сапалы қызметпен қатар мемлекеттік қызметкерлерді әдептілік сақтап, халықтың наразылығына жол бермеуді талап етті.
Сонымен қатар, жиын барысында «Е-қызмет»- ке ерекше көңіл бөлінді. Департамент басшысы жақын уақытта мемлекеттік қызметтің бәрі электронды түрге көшетіндігін айтқан еді. Қазірдің өзінде көп деген қызметтер электрондық портал арқылы көрсетілсе, болашақта еліміздің тұрғындары барлық қызметті интернет арқылы ала алады екен. Байсатов мырза аталмыш қызметтер біріншіден халықтың уақытын үнемдесе, екіншіден сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтіндігін айтты.
Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Дулатбек Молдағалиев «Е-қызмет» ауданымыз бойынша белсенді жұмыс жасап жатырғанын өз баяндамасында айтып өтті.
Бас маманның айтуынша, ауданымызда ағымдағы жылдың І жартыжылдығында 2897 қызмет көрсетілген екен. Ал соның ішінде 2866-сы электронды түрде көрсетілген.
Сонымен қатар, бақылау басқармасының бас маманы өз баяндамасында Мемлекеттік қызмет заңнамасы мен департамент қызметінің негізгі бағыттары, сапалы қызмет көрсету мәселесі туралы айтып кетті.
Темхар Рахметолла,
Бөкей ордасы ауданы,
zhaikpress.kz