20.06.2024, 15:01
Оқылды: 95

«Басты ұстаным – халыққа жақын болу» – Мэлс Нәріков

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық керек. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Өз кезегінде кәсіби мемлекеттік қызметші білімді, білікті, заман талабына жауап беретін, ең бастысы, биязы мінезді, әдепті маман болуға тиіс.

6160183C-8FE1-4457-877F-F1F50132418E

Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыру және мемлекет дамуына сапалы үлес қосу бағытында кешенді жұмыс жасалып жатыр. Біз осы салада аянбай қызмет етіп жүрген жандар туралы қалам тербедік. Мереке ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріков – осы салада еңбек етіп келе жатқан жан.

Ол 1983 жылдың қытымыр қаңтарында Тасқала ауылындағы дүниеге келген. Әке-шешесі – Оян ауылының қарапайым еңбек адамдары. Әкесі – механизатор, анасы – дүкенші. Мэлс Нәріков – тоғыз баланың кенжесі. Кішкентайынан әжесінің бауырында өскен.

– Кемпірдің баласының қандай болатынын өзіңіз де байқап отырған шығарсыз. Балабақшаға бармадым. 1989 жылы мектеп табалдырығын аттадым. Сол жылы алғаш рет алты жастан бірінші сыныпқа қабылдау басталып, ауылымызда бой көтерген жаңа ғимаратта оқыдық. Оян орта мектебін 2000 жылы тәмамдап, Маңғыстау гуманитарлық колледжінің студенті атандым. Ақтау қаласындағы сол колледжді 2003 жылы аяқтап, өзім оқыған Оян орта мектебінде мектеп психологі болып еңбек жолымды бастадым. Мектепте қызмет ете жүріп, М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың «Филология» факультетіне сырттай оқуға түсіп, 2006 жылы бітіріп шықтым. Университетте Серікқали Шарабасов, Абат Қыдыршаев, Мэлс Қосымбаев, Ғабит Хасанов сынды ағайларымыздың тәлімін алдық. Еңбекке алғаш араласқан кезімде өзіме сабақ берген ұстаздарымнан көптеген тәжірибе жинадым. Қазір бірін айтсам, бірі қалып қойып, ыңғайсыз болуы мүмкін. Сондықтан сол кезеңде ұстаздық қызметке баулып, ақыл-кеңесін аямаған аға буын әріптестеріме алғысымды білдіремін. Ал мемлекеттік қызметке келуіме түрткі болған бүгінгі күні зейнет демалысындағы ұстаз, кейінгі әріптесім, жанашыр жеңгем Зәуре Амангелдіқызы деп айтар едім. Жоғары оқу орнын тәмамдап жатқан кезімде Оян ауылындағы Қосшы ауылдық округі әкімі аппаратында әлеуметтік сала бойынша бас маманның орнына конкурс жарияланды. Осы конкурсқа қатысып, мемлекеттік қызметтің талабына сәйкес бекітілген заңдар бойынша тест тапсырдым. Конкурстық комиссияның оң шешімі негізінде 2006 жылдың 12 маусымы күні мемлекеттік қызметке қабылдандым. Содан бері мемлекеттік қызметтің түрлі саласында қызмет атқарып келе жатқан жағдайым бар. Мемлекеттiк қызмет – мемлекеттiк билiктiң мiндетi мен функциясын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiкті атқару жөнiндегi мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдардағы қызметi. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Ең басты ұстаным – халыққа жақын болу қажет. Мемлекеттік қызметшінің мойнында ел мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алу міндеті тұр. Себебі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Осы қызметті кім қаншалықты орындап, қай деңгейде жүзеге асырып жатқаны жөніндегі баға халық тарапынан берілгені жөн болар, - дейді Мэлс Жасанғалиұлы  

Ал екінші кейіпкеріміз – Тасқала ауданының тумасы Дина Имашева. Ол 1976 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – жүргізуші, анасы медбике қызметін атқарған.

– Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде зоотехник мамандығына оқыдым. Кейін М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тарих және география мамандығы бойынша тәмамдадым. Алғаш жұмыс өтілімді Шежін ауылдық округінде бас маман болып бастап, әлі күнге дейін осы салада қызмет атқарып келемін. Басында бұл салада жұмыс істеу қиындау болды. Бірақ уақыт бәрін орнына қойып, қазіргі таңда осы мамандық жаныма жақын. Ол кездері қазіргідей электронды пошта деген түсінік болған жоқ. Ауданға аяқтай өзіміз келіп, құжаттарды тапсыратынбыз. Егер құжаттар дұрыс болмаса, ауылға қайта баруға тура келетін. Бірақ қазір ойлап отырсам, осының барлығы да қызыққа толы күндер екен. Менің осы салаға жіті араласып, маман болып жетілуіме үлес қосқан өмірлік ұстаздарыма да алғысымды білдіремін. Мемлекеттік қызметші атану – биік дәрежедегі қызметтің бірі. Жұмысына таза, адал, шыншыл, өзінің қызметіне жауапкершілікпен қарау – мемлекеттік қызметшінің ең маңызды қасиеті. Халыққа бар білгенімізді айтып, берілген тапсырмалардың уақтылы істелгенін жөн көремін. Әр жұмысқа жауапкершілік таныту қажет деп ойлаймын. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниет пен құрмет білдіру, толық жауап беру, жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүгедектерге қажет көмекті көрсету сынды қағидаларды сақтау керек, - деді Дина Серікқызы.

Мемлекеттік қызметшілер алдына келген адамның мәселесіне жете мән беріп, оның оңтайлы шешілуіне ықпал еткені дұрыс. Кез келген адамды тыңдай білу және кеңдік көрсету, ең алдымен, адамның саналылығын білдіреді. Жүрекке жол табу, кісінің көңілінен шығу – қазаққа тән қасиет десек, халқымыз кең де көркем мінезімен көп нәрсені оңтайлы шешіп отырған.

Сондықтан халыққа қызмет етудегі басты ұстаным – қарапайымдылық, әділдік пен адалдық болуы керек. Және халық соны күтеді.

Гүлмира Серікқалиқызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале