28.02.2026, 16:00
Оқылды: 11

Батыр ана торқалы 90 жаста

Аудан әкімі Жалпақтал ауылына іссапары барысында тыл ардагері, ұстаз, батыр ана Уасила Тасбаеваны 90 жас мерейтойымен және Алғыс айту күнімен құттықтады. Аудан басшысы ақ жаулықты ананың аудан экономикасының дамуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.

FB_IMG_1772214935512

— Сіздің ғибратты ғұмырыңыз – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Балалық шағыңыз ел басына күн туған ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келіп, жастық шағыңыз тылдағы тынымсыз еңбекпен өрілді. Сол бір қиын-қыстау жылдарда қайсарлық пен төзімнің үлгісін көрсетіп, ел игілігі жолында аянбай еңбек еттіңіз. Саналы ғұмырыңызды ұрпақ тәрбиесіне арнап, ұстаздықтың ұлы жолын таңдадыңыз. Сіз шәкірттеріңіздің санасына білім нәрін сеуіп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік пен ізгіліктің, отансүйгіштік пен адалдықтың дәнін ектіңіз. Бүгінде Сіздің тәлім-тәрбиеңізді алған талай азамат ел дамуына үлес қосып жүргені еңбегіңіздің өлшеусіз жемісі, — деді аудан әкімі.

Еңбекке ерте араласып, сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз Уасилә Тасбаева аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, елдегі саяси реформаларға қатысты пікір білдірді

— Күнде газет оқып, теледидар қарап отырамын. Елдегі соңғы өзгерістерден бір кісідей хабардармын. Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумның еліміз үшін маңызы зор. Бүгінде мемлекетіміз дұрыс бағытта дамып келеді деп есептеймін. Жаңа Конституцияны қабылдау – ел болашағы үшін маңызды қадам, оны қолдаймын, — деген мерейтой иесі ақ батасын берді.

Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале