Казталов ауданының Қарасу ауылдық округіне қарасты Жұлдыз ауылында Совет Одағының батыры Ахмедияр Құсайынов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі «апатты» деп танылып, облыс, ауданның атқамінер азаматтары ауыл балалары сапалы білім алу үшін жаңа мектеп салуды көздеген болатын. Бұл жаңалықты естіген жұлдыздықтардың қуанышын көрсеңіз. Халықтың арманы орындалып, төбесі көкке жеткендей.
Хош, тиісті қаражат бөлініп, типтік жобадағы 108 оқушыға арналған нысанның жобалық сметасы жасалды. Айтылған сөз жерде қалмай, 2021 жылы мектеп құрылысы да басталып кетті. Әттең, осы жерде ауылдағы ағайынның қуанышы су сепкендей басылды.
Мектептің іргетасы құйылмай жатып, бір шикілік бар екені байқалды. Құрылыс жұмыстарын ұтып алған мердігер «АлауҚұрылыс» ЖШС-нің жұмысы алға баспай-ақ қойды. Халыққа уәдені үйіп-төккенімен, аталмыш мекеме атына заты сай болмады. Алаулай алмай, көмескі шоқтай бықсыған мердігер қызметтерін тиісті деңгейде атқара алмады. Бір жылдан астам уақыт ішінде жаңа нысанның іргетасы құйылып, бір қабырғасы ғана қаланды. Қалған жұмыстар аяқсыз қалды. Тапсырыс беруші KPO.bv компаниясына жаңа мердігерді таңдау керек болды. Қаражат бар ал оны игеріп, құрылыс жұмыстарын сапалы және уақытында атқаратын мердігер тапшы.
Тарсырыс беруші қайтадан конкурс жариялап, жаңа мердігерді анықтаған болатын. «Ауызы күйген үрлеп ішеді» демекші, жұлдыздықтар: «Мектеп құрылысын енді кім жалғастырады екен?!» деп тосқан болатын. «Құрылыс жұмыстарын «Альтаир» ЖШС ұтып алды» деген жаңалықты естіп, біз де қуандық. Аты облысқа танымал құрылыс мекемесінің қолтаңбасы біздің де ауданымызда бар. Атап айтар болсақ, Казталов ауданы орталығындағы аудандық аурухана, әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ғимараттарын, Бірік жалпы орта мектебін атың мың болғыр осы мекеме салып, халық игілігіне берген болатын.
Өздеріне атақ емес абырой жинаған «Альтаир» құрылыс мекемесі былтырғы жылдың қазан айында Жұлдыз ауылына келіп, жұмыстарын бірден бастап та кетті.
Жұлдыздағы құрылысы қарқынды мектепті көруге Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловпен бірге біз де барып қайттық. Ауылдың кіре берісінде батырдың есімін еншілеген жаңа мектеп бой көтерген. Алыстан менмұндалап,«батырдай» қасқайып тұр. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, жаңа мектепті аралап көрдік. Қасымызға аудандық мәслихатының депутаты Серікбол Қадемов қосылды. Құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Құрылыс саласында тәжірибесі мол мекеменің құрысшылары бар шаруаны жайпап жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80 пайызға жуығы аяқталған. Мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысын бақылаған аудан басшысы құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді. Халық қалаулысы да құрылысқа қатысты пікірін білдірді.
— Жалпы, мектеп құрылысы бастау алды. Қазіргі таңда «Альтаир» құрылыс компаниясының жұмыстары жаман емес. Ел игіліне жасалып жатқан дүние ғой. Құрылысшылардың айтуынша, жаңа мектеп жаңа оқу жылына қарсы ашылады жоспарлануда. Құрылыс қарқыны қазіргі таңда жақсы деңгейде және партиялық, қоғамдық бақылау назарында. Енді ел үміті осы мектеп құрылысының уақытылы және сапалы аяқталуында. Бұл жағын біз де қарап отырмай, үнемі бақылауда ұстаудамыз, - деді Серікбол Қадемов.
Сапарымыз барысында жаңа мектептің ішін аралап шықтық. Барлық құрылыс жұмыстар көңілге қонымды атқарылуда. Ауданымыз бойынша істері алға баспай жатқан кейбір мердігерлерге қарағанда ілгерілеушілік, сапа бар екені байқалады. Құрылыс басында жүрген «Альтаир» ЖШС-нің учаске бастығы Максим Азаровты сөзге тарттық.
— Бүгінгі күнде мектептің абаттандыруы мен ішкі жұмыстарын жасап жатырмыз. Ішкі сылақ жағу, кәріз, жылыту жүйелері іске қосылады. Ағымдағы жылдың маусым-шілде айында құрылыс жұмыстарын бітіріп, мектепке қажетті құрылғылады орналастырамыз. Жаңа оқу жылына құрылысты толықтай аяқталып, оқушылар жаңа мектепте білім алатын болады,- деп сендірді мердігер мекеме өкілі.
Құрылыста тәжірибесі мол мекеменің қарқынды жұмысына ауыл тұрғындары да риза. Солардың бірі Жұлдыз ауылының сыйлы ақсақалы — Өтеп Төлеуов.
– Өзім осы ауылдың тумасы болмасам да Жұлдызда 40 жылдан астам уақыт тұрамын. Еңбек өтілім де батыр атындағы мектеп қабырғасында өтті. Жаңа мектеп салу мәселесі көптен бері айтылып жүрді. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың сәуір айында басталды. Сол кездегі мердігер «АлауҚұрылыс» ЖШС-нің жұмысы өте сапасыз болып, екі жылда тек іргетасы ғана қаланды. Өткен жылы «Альтайр» құрылыс жұмысын бастап, мектеп ғимаратының қабырғасы қалап, шатырын жапты. Биыл ішкі жұмыстарын атқарып жатыр. Мектеп құрылысының қарқыны жақсы және сапалы жүргізіліп жатыр деп нық сеніммен айта аламыз. Ауыл тұрғындары да қуануда – деп ризашылығын білдірді ақсақал.
Әлеуеті жоғары Жұлдыз ауылының болашағы да зор. Оған ауылдағы оқушылар саны дәлел. Ескі мектеп пен шағын орталықта 130 бала білім алып, тәрбиеленуде. Ауылдың да ажары кіріп, ауылдастар арасында тұрғын үй салу қарқыны жоғары. Соңғы үш жылдың ішінде онға тарта заманауи жаңа үй салынған. Ендігі кезекте мектеп құрылысы аяқталса, ауыл балалары сапалы білім ордасында сапалы білім алмақ. Ләйім солай болғай!
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz