Екі дүниенің елшісі болған Мұхаммед Мұстафадан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары «Уа, Алланың елшісі, қандай іс Аллаға ең ұнамды іс болып саналады?», деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Үнемі және үздіксіз орындалатын нәрсе», - деп жауап беріпті.
Сырым ауданындағы «Өлеңті» қайырымдылық қорының мүшелері де игі істерін тоқтатпауға, азды-көпті жақсылық болса да үзбей атқаруға бекініп, Алланың Расулының асыл сөзіне амал жасауда.
Қор осыған дейін сүйек – бұлшық ет жүйесі зақымданған жымпитылық қызға емдік корсет сатып алып берген болатын.
Дүниеге жамбас сүйектерінің зақымымен келген 11 жасар ару сырқатын жеңетініне сенеді. Сол үшін әр таң сайын жігер – күшін салып, тағдырына қарсы батыл қадам басады. Дәрігерлер жасөспірімге ІІІ деңгейдегі сколиоз деген диагноз қойып отыр. Кейіпкеріміз бүгінде Қ. Мырзалиев атындағы мектепте оқиды. Денсаулығына байланысты білімді үйде алады.
Өлеңтідегі жанашыр ағалары жақында оған велотренажер сыйлады. Алда – алтыншы ота. Сондықтан, мықын бұлшық еттерін жаттықтырып, өзін рухани әрі физикалық тұрғыда дайындауы тиіс. Сен сынақты жеңесің, батыр қыз!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz