4.09.2020, 14:37
Оқылды: 27

Батыр туған аға ұрпақтың ерлігіне мың тағзым!

Елге мұра, ұрпаққа ұран болған Жеңісті ұлықтау, екінші дүниежүзілік соғысы мен тыл ардагерлерін құрметтеу – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.

Меңдігүл

Майдан даласында от кешкен қаһарман жауынгерлер мен аянбай тер төккен тыл еңбеккерлерінің теңдесіз жанқиярлық ерлігін, еңбегін әрқашан ардақтап, өшпес рухына тағзым етіп, оларды мәңгі есте сақтау және ұрпаққа аманаттап қалдыру мақсатында деректі фильм түсіру үшін бүгін, 4 қыркүйек күні Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөліміне жұмыс сапарымен Нұр-Сұлтан қаласынан «Последний рубеж» фильмінің продюсері, заң ғылымдарының кандидаты Аманжол Оразбаев, режиссёр Елена Ковардакова, оператор Виктор Московкин, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов арнайы келді.

Музей экскурсоводы Әсел Жәрдемғалиева қонақтарды «Ұлы Отан соғысы» және «Соғыс оты шарпыған Жәнібек» панорама залындағы түпнұсқа экспонаттардың тарихымен таныстыра отырып, аудан экономикасының Сталинград майданының ең жақын тылы ретінде 1942 жылдан бастап соғыс жағдайына көшірілгендігін, 3602 жерлесіміз соғысқа аттанып, 2341-і соғыстан оралмағандығын, аудан орталығында №1584 эвакогоспиталь, қосалқы штаб, зениттік бөлім болғанын, жау бомбалауынан 41 нысанның зардап шегіп, 200-ге тарта тұрғын үй жермен-жексен қирап, жүздеген адамның жарақаттанғанын, қиын-қыстау кезеңдегі жәнібектіктердің ерен еңбегі, майдандағы қаһармандық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі екендігін толыққанды жеткізіп, музей залдарына экскурсия жүргіздік.

Жәнібек жерінен табылған соғыс жаңғырығын еске салар құндылығы зор, алар орны мол, маңызы да ерекше осынау экспонаттар қонақтардың қызығушылығын туғызды.

2017 жылы сол кездегі «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Ахмедияр Қуанұлы, аталмыш газетте тілші болып қызмет атқарған осы жолдардың авторы, телеоператор Ұшқын Ғазезов үшеуміз қыннан суырылған қылыштай қылшылдап тұрған шағында Отан алдындағы перзенттік парызына адал болып, Жеңісті жақындатуға тылда сүбелі үлес қосқан, тарлан тарихтың тайғақ жолдарына куә болған қадірменді таулық аналар Шәрипа Ұтыпова, Ару Шынтасова, Зайра Уахиева, Жаңыл Хиссамеденова, Айша Құрмашевалармен арнайы сұхбат құрып, бейнетаспаға жазып алған болатынбыз. Аса құнды бейнетаспаны музей қорына тапсырған болатынмын. Осынау құнды деректі Аманжол Зейноллаұлына болашақ фильміне енгізуге ұсыныс жасап, қолына табыстағанымда, баға жетпес сыйға Аманжол Зейноллаұлы мен режиссёр Елена Ковардакова қатты разы болды.

«Қайсарлық пен қаһармандық, Отанға деген сүйіспеншілік аса қатыгез сұрапыл соғыста жеңіске жол ашты» - деп Елбасымыз Н.Назарбаев атап көрсеткендей, кешегі қаһарлы жылдарда ерлік пен елдіктің үлгісін паш еткен майдангерлер есімі ел жадынан өшпек емес.

 

Меңдігүл Фазылова,

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің

Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале