Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мүмкіндігі шектеулі жандар, келісім кеңесі мүшелерінің қатысуымен Переметный ауылындағы аудандық музей ғимаратында БҚО мүгедектері ерікті қоғамы Бәйтерек аудандық филиалының есептік-сайлау конференциясы өтті.
Шара басында Ерікқали Ғұмарұлы жиналғандарға ризашылығын білдіріп, пандемия кесірінен көптеген адамдарды жинау мүмкін болмай отырғанын айтты.
Кейін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Болатбек Ахметжанов сөз алып, ауданда мүмкіндігі шектеулі жандармен атқарылған жұмыстардың барысына тоқталып, оларға мемлекет тарапынан қандай қолдаулар болатынын айтып өтті.
Оның сөзінше, бүгінде ауданда 1961 мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар болса, оның 204 бірінші, 745 адам екінші және 766 үшінші топ мүгедектері екен.
-Күні бүгінге дейін мүгедектерді жеке оңалту бағдарламасына сәйкес 160 адам міндетті гигиеналық және сурдотехникалық құралдармен, 37 адам протездік ортопедиялық құралдармен, 12 адам ымдау тілі маманымен қамтамасыз етілсе, жүріп-тұруы қиын 78 адамға жеке көмекші тағайындалды. Сондай-ақ 37 мүмкіндігі шектеулі азаматтар санаториялық курорттық емделуге жіберілсе, 30 адамға арнайы жүріп-тұруға қажетті құралдар алып бердік,- деді Б.Ахметжанов.
Сонымен қатар Болатбек Аманжолұлы мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке гигиеналық құралдар толығымен алынғанын да атап өтті.
-Биыл пилоттық режимде енгізілген әлеуметтік қызмет порталында мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті гигиеналық құралдардың 24 түрі енгізілген, оларды азаматтарымыз өздерінің электронды цифрлы қолтаңбалары арқылы рәсімдеп ала алады. Келер жылдан бастап барлық гигиеналық құралдар мен басқа әлеуметтік қызмет түрлері енгізілетін болады,- деді Болатбек Аманжолұлы.
Одан соң жиналғандар БҚО мүгедектері ерікті қоғамы Бәйтерек ауданы филиалы төрағасын сайлады. Оған ұсынылған белгілі кәсіпкер, қолөнер шебері Арман Айтпаевтың кандидатурасы бірауыздан мақұлданды.
Сондай-ақ филиалдың төралқа мүшелері сайланып, ережесіне өзгерістер енгізілді.
Шара соңында жиынға арнайы келіп қатысқан БҚО мүгедектер қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов сөз алып, жаңа төраға жұмысына сәттілік тілеп, бірнеше жыл бойы жұмысы тұралап қалған филиал жұмысы жандана түседі дегенге сенім білдірді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz