3.09.2021, 10:25
Оқылды: 63

"BATYS SYRYM LIGASY" басталды

Орал қаласындағы Сырым ауданының шағын футбол командалары үшін "BATYS SYRYM LIGASY" басталды. Лиганы ұйымдастырушылар – мемлекеттік мекеме не спорт клубы емес, сырымдық спортсүйер азаматтар.

IMG-20210901-WA0010

- Былайғы жұрт Сырым ауданын негізінен спорттың екі түрі бойынша жақсы таниды. Оның біреуі – күрес болса, екіншісі – шағын футбол. Біздің ауданның командалары облыста үздік, ал ойыншылары өңірде танымал. Карантинге байланысты аудандағы дәстүрлі лига ойындары тоқтады. Ал, футболшыларға ойын, жарыс керек. Сондықтан, елдің азаматтары бастама көтеріп, өз күшімізбен ұйымдастыруды қолға алдық. Ойындар апта сайын Орал қаласында ашық аспан астындағы алаңда өтеді. Жарыс шығындарын ауданның азаматтары, шаруашылықтары көтеруде, - дейді ұйымдастырушылардың бірі Қайрат Ғұмар.

"BATYS SYRYM LIGASY"-нда 11 команда бақ сынауда. Екінші ойын аптасының қорытындысы бойынша, 10 ұпаймен "Жетікөл" құрамасы топ бастады. "Құспанкөл" 9 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Ал, "Алғабас" "Талдыбұлақ", "Көздіғара" және "Жырақұдықта" 6 ұпайдан. 2/4 ойындары қызу өтуде. Сондықтан, келесі аптада турнир кестесі түбегейлі өзгеруі әбден мүмкін. Оқырмандардың сұрауы бойынша, "Сырым елі" газеті ақпараттық қолдау көрсетіп, апта сайын лига барысынан шолу жасап тұрмақ.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале