Бүгінгі кейіпкеріміз 9 баланың анасы - Ақмарал Мұхамбетқалиева. Ол БҚО-ның Бөрлі ауданында тұрады.
Ақмарал Қалдыбекқызы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтыарал ауданының тумасы.
Негізінен анасы батыстың қызы екен, өзі де осы жақта нағашыларының қолында өсіп, кейіннен тұрмыс құрған.
Ақмарал 37 жасында 9 баланың анасы атанып отыр. Ақмарал жолдасы Мейірбек Қаражановпен балаларының болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүр.
Кейіпкеріміздің тұңғышы Камила 18 жаста. Қазіргі уақытта студент, болашақ психолог. Одан кейінгі Нұрислам, Алмагүл, Әділгерей, Алтынгүл мектепте оқыса, Әдемі, Нұрасыл, Адина, Жасмина үйде, балабақшаға бармайды. Ең кішкентайы Жасмина бір жарым жаста екен. Негізінен тұңғышы өзінің анасының қолында өсіпті.
- Мен бала тәрбиесіне келгенде өте қаталмын. Балаларыма үнемі ақыл айтып, оларға уақыт бөліп, әңгімелесіп отырамын. Өзім негізі бала күтіміне байланысты демалыстамын. Бірақ шақырған жерлерге барып, үй жинастырып, ресторандарда ыдыс, еден жуу деген сияқты жұмысты атқарамын. Көбінесе үйде отыратындықтан 4 кішкентайды балабақшаға бермедім. Ал қосымша жұмысқа баратын кезде үлкен балаларым немесе жолдасым көмектеседі. Жолдасым демалған кезде мен қосымша жұмысқа шығып кетемін, ол балаларға қарап қалады. Күйеуім кішкентайларға менен де жақсы қарайды. Әрине, баланы асырап, жетілдіру оңай емес. Қазіргі қымбатшылық уақытта тіптен қиын. Дегенмен «әр баланың өз нәсібесі бар» деген сөз бар ғой. Әр бала үлкен бақыт деп білемін. Баланы тәрбиелеп, сабағын оқытып, киіндіру оңай емес, - дейді көпбалалы ана.
Кейіпкеріміз ата-анасының қамқорлығы мен махаббатына бөленбеген бала жылулықты көшеден іздеп, соңында жаман жолға түсуі мүмкін дейді. Қазіргі заманда ата-аналар балаларым ешкімнен кем болмасыншы деп күн көрістің қамымен таңнан кешке дейін жұмыста жүріп, баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыт таба алмай қалады.
- Балаларым тыныш, өздерімен өздері ойнай береді, ешқашан мектептен балаларыңыз тентек болды дегенді естімеппін. Жұмыстан шаршап келгенде балаларымды көріп шаршағаным бірден басылады. Бала қараудан шаршаған емеспін, үйде улап-шулап отырамыз, осылардың әр қылығы тәтті ғой. Әр анаға қасында баласының мамалап шауып жүргені өте жылы көрініс деп ойлаймын. Қазіргі уақытта әйелдер көпбалалы болудан қашады. Көбісі менің 9 баласы бар ана екендігіме, сонымен қатар жұмыс жасайтыныма таң қалады. Балаға, үйдің шаруасына және жұмысқа қалай үлгересіз деп айтып жатады. Мен бәріне де уақыт табуға болады деп ойлаймын. Қазіргі уақытта шаршап отыратын уақыт жоқ. Баларымызды аяққа тұрғызуымыз керек, содан кейін отырып демалармыз, - дейді кейіпкеріміз.
Әр адамның өзінің бір қызығушылығы және сүйікті ісі болады. Ақмаралдың хоббиі ән айту. Кішкентайынан ән айтқанды жақсы көреді екен. Қазіргі уақытта үйде де, қосымша жұмыста жүрсе де ән айтып жүреді. Ақмарал балаларының жан-жақты дамуы үшін оларды әр түрлі үйірмеге қатыстырып, неше түрлі өнерге, спортқа баулып отыр. Мысалы, балалары би, бокс сияқты әр түрлі үйірмеге қатысып, мектепте белсенді оқушылардың қатарында екен.
Кейіпкеріміз мүлдем көпбалалы ана боламын деп ойламағанын айтады. Айта кетерлігі, оның әжесі де 12 құрсақ көтерген батыр ана екен.
- Тұрмысқа шыққан соң ана болуды әр қыз баласы армандайды. Мен мүлдем көпбалалы ана боламын деп ойламаппын. Негізі балаларға қаталмын, ал жолдасым жұмсақ. Балалар тентек болып кетсе жолдасыма араласпа деп айтамын. Себебі жолдасым ұрыспа, ұрма деп араша түседі. Біреуіміз ұрысып жатқанда біріміз жұмсақ болсақ, бала тәрбиеленбейді. Баланы кішкентайынан тәртіпке салып тәрбиелеу керек деп ойлаймын. Негізі балалар көбіне мені тыңдайды, ал әкелері жұмыстан келген кезде бар еркеліктерін көрсетеді. Өзім жоғары білім ала алмағандықтан, балаларыма әрдайым оқыңдар, басты міндеттерің білім алу, - деп көпбалалы ана әрдайым айтып отырады.
2024 жылдың желтоқсан айында көпбалалы отбасыға Аралтал шағынауданынан 3 бөлмелі үй берілді. Қазіргі уақытта жаймен сол үйге көшіп, орналасып жатыр. Негізінен кезекте 2018 жылдан бастап тұрған екен.
- Отбасы құрғаннан кейін баспаналы болуды әр жанұя армандайды. Осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрдық. Көбісі кішкентай балаларымыз болған соң үйлерін жалға бергісі келмейді. Биыл жаңа жылды өзіміздің жаңа үйімізде қарсы алдық. Қазір үлкен үйіміз бар. Балалардың кең үйде шауып, ойнап жүргенін көрудің өзі бір бақыт. Бұрын 1-2 бөлмелі пәтерді жалдап тұрған кезде балаларға ойнайтын жер тар болатын. Әрине баспаналы болғанымызға қуаныштымыз, - дейді жаңа баспана иесі.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz