100 жыл ғұмыр кешіп, қос ғасырдың куәсі болған қарияларымыздың арамызда жүргені қуантады. Расында, бір ғасыр ішінде ұлт тарихындағы қаншама оқиғаға куә болған қариялардың өнегелі өмірі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Сондай ардақты жан, Ақсай қаласының тұрғыны – Сәбира Янгушакова.
Кейуана бүгін өзінің 100 жасқа толған қуанышты күнін көріп отыр. Кейуананы құттықтаушылар да, батасын алып, өнегелі өмірін үлгі етушілерде көп. Осындай мақсатта бүгін аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әли Бектұрғанов және қала әкімі Арсен Баяндықовтар ғасыр жасаған кейуананың шаңырағына барып, туған күн иесін құттықтады. Жүрекжарды тілектерін білдіріп, иығына шапан мен орамал жапты. Гүл шоқтарын ұсынып, сый-сияпат көрсетті.
Сәбира Шәріпқызы осы жасқа келгенше жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрген. Бүгінде сол бейнетпен өткен ғұмырының зейнетіне бөленіп, ұрпақтарының алдында бақытты өмір кешіп отыр. Жастық шағы соғыс уақытында өтіп, екі бірдей ағасын майданға жібереді. Ауылда еңбек етер ер адам табылмаған соң, жұмыстың ауырлығына қарамай еңбек етеді. Сөйтіп тылда тер төгіп, туған жерінде еңбек еткен аяулы ана, ардақты әже бүгінде өмірге әкелген 10 перзентінен 32 немере 70 шөбере, төрт шөпшек сүйіп отыр
Арнайы құттықтай келген азаматтарға ризашылығын білдірген кейуана елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz