Бөкейордалық Хасанқожа Самигуллин қоржынына тағы да бір алтынды салып, екінші мәрте әлем чемпионы атанды.
Пауэрлифтингтен Қазақстанның абсолютті чемпионы, үш дүркін Қазақстан чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы, 2017 жылы Мәскеу қаласында өткен әлем чемпионатында да бас жүлдеге ие болып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын жеңіп алған жерлесіміз Хасанқожа биыл да сол Мәскеу төрінде өткен классикалық пауэрлифтингтен жасөспірімдер және ерлер арасында V әлем чемпионатында мықты екенін қайыра дәлелдеді.
Жүзден жүйрік анықталған бұл дүбірлі бәсекеде 64 келі салмақ дәрежесінде сыңға түскен жерлесіміз Хасанкожа Самигуллин классикалық жатып сығымдап көтеруден 160 келі зілтемірді енсеріп, І орын алып, 2 дүркін әлем чемпионы атанды. Айта кетелік, Хасанқожа 2017 жылы 59 келі салмақпен 150 келілік зілтемірді көтеріп, әділқазыларды таң тамаша қалдырған-ды. Барлығы 37 елден 3 500-ге жуық спортшы қатысқан бұл доданың да жеңімпазы болды.
Анасы Жанна Сұлтанованың айтуынша, бұл бәсекеге қатыспас бұрын Хасанқожа Алматы өтетін Қазақстан чемпионатында бағын сынауы керек еді. Алайда, дайындық кезінде алған жарақаты одан бас тартуға мәжбүрлеген. Одан соң дайындалуға да болмайтын еді. Шұғыл түрде денсаулықты қалпына келтуі қажет болды. Десе де, ұлым әлем бәсекесінде жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл оның тынымсыз дайындығының, қатаң тәртіптің, өзіне деген сенімнің жемісі, - дейді Жанна Әлімқызы.
Ал Хасанқожаның өзі әлеуметтік парақшасында: «Ештенеге қарамастан әлем чемпионы атануым маған сенген ата-анамның, жұбайым мен қызғалдақтай қызымның, қолдау білдірген демеушілер мен танитын-танымайтын жанашырларымның арқасы. Ең бастысы бапкерім Денис Чайковскийдің еңбегі»,-дейді зор ризашылықпен.
Раушан Бақытова
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер