Биылғы су тасқыны өңір азаматтарын біраз сынады. Ауызбіршіліктің, ұйысқан еңбектің парқын анық түсіндірді. Ал ақсуаттық Жансерік Шүкірғалиев көз алдында суға кетіп бара жатқан ауылдасын құтқарып қалып, бейбіт күнде ерліктің қандай болатынын көрсетті. Кештеу болса да, оқиғаның қалай болғанын оқырманға жеткізуді жөн көрдік.
Фото: istockphoto.com
Сәуірдің соңғы күндері. Ақжайық ауданы Ақсуат ауылы. Судың Жайық өзенінің деңгейі жаңа көтеріліп, бұрынғы арнасына енді жайыла бастаған шағы. Ауыл адамдары өзенді жағалай еркін жайылған ірі қараларын судан өткізіп алуға қамданыпты сол күні. Дала жел, су мұздай суық. Алайда жиналған ауыл азаматтары терең жыраның бойымен аққан судың енімен арқан керіп, осылайша қатты ағыстан қорғанып, сол жіптен ұстап өте бастайды. Былтыр ғана мектеп бітіріп, студент атанған жас бала да елмен бірге құрғақ алаңға әупірімдеп өтіп алады. Бірақ осы сәтте баласына алаңдап, жағада тұрған анасы суға түсіп, арқаннан оған қарай жүріп кетеді. Қатты ағыс, суық суға нәзік әйел шыдамады, ортасына жете бергенде, тұла бойы қарысып, есінен танып қалыпты. Қолы арқанға жабысқан күйі суда қалқып тұрған. Шағын резіңке қайықпен анасына ұмтылған жас бала өзі аударылып түседі. Құтқарамын деп суға түскен тағы бір жігітті де да ағыс алып кетіп, артынан судан әзер шыққан. Болды, содан соң жағада тұрған ересектер де, жастар да не істерін білмей, абдырап қалыпты.
Жағадағылардың арасында ауылдың 32 жастағы тұрғыны Жансерік Шүкірғалиев те бар еді. Ол дереу керілген арқанның бергі жағасындағы ұшын шешіп алып, босатқан соң, ағыс судағы әйелді арғы жағаға қарай ығыстыра бастайды. Ол көз алдындағы суға кетіп бара жатқан әйелге шапшаң-шапшаң жүзіп жеткен. Көтеріп алып, арғы жағаға шығарып, алғашқы көмекті көрсеткен соң, ауылдас апасы есін жиыпты. Бергі жағадағылардың көмегімен қайық алдырып, үйіне жеткізеді қаумалаған жұрт.
– Ойланып тұруға уақыт жоқ, су ағысымен келе жатқан ағаш қалдықтары мен басқа да заттардың арғы жағаға тіреліп жатқанын байқап, дереу шешім қабылдадым. Ойлағаным болды, ессіз қалған ауылдасымды ағынның жағаға тірегенін көргенде, қуанғаннан жүзе жөнелдім, бар тілегім – тек аман болса екен. Қолдан келген алғашқы көмекті көрсеткен соң, жағдайы қалыпқа келе бастады. Мен өзімді ерлік жасадым деп санамаймын, менің орнымда өзгелер де осылай жасар еді. Отан қорғаушылар күні қарсаңында ауылдық округі әкімінің алғыс хатын алып, мен үшін анамның төбесі көкке жете қуанды. Сол маған үлкен жетістік, мақтаныш, – дейді Ж.Шүкірғалиев.
Әсет Сағындық,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz