Казталов ауданының орталығындағы “Достық” саябағында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған ультрамарафонның жеңімпазы, жерлесіміз Баубек Ілиясовты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Шараға аудан тұрғындары, жастар, спорт сүйер қауым мен ауыл ақсақалдары көптеп жиналды. Бұл – тек бір адамның жеңісі емес, тұтас өңірдің мақтанышы мен рухын асқақтатқан тарихи сәт болды.

Баубек Ілиясов 180 шақырымдық қашықтықты 19 сағат 9 минут 45 секундта жүгіріп өтіп, нағыз ерлік пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Осы ерекше жетістігі үшін ел арасында үлкен құрметке ие болып, туған жерінде зор қошеметпен қарсы алынды.

Салтанатты шараға аудан басшылығы, ауыл тұрғындары, спорт ардагерлері мен жастар қатысты. Ұлттық дәстүрге сай Баубек Ілиясовқа тұлпар мінгізіліп, оның бұл жетістігі елдің рухын көтерген тарихи жеңіс ретінде бағаланды. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев құттықтау сөз сөйлеп, чемпионға алғысын жеткізіп, ата-анасының иығына қазақша шапан жапты. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрге сай халық қалаулары Абылай Шакуов пен Дулат Рахматуллиннің атынан тұлпар мінгізді.
Шарада ата-анасы, жастар да сөз алып, Баубек ағаның табандылығы мен ерік-жігері оларға үлкен мотивация беретінін жеткізіп, қолдау білдірген барша жанға алғысымды білдірді. Көпшілік бұл кездесуді рухты оятқан, патриоттық сезімді арттырған маңызды сәт ретінде бағалады.
Баубек Ілиясовтың бұл жеңісі – елге, жерге деген сүйіспеншіліктің, қажырлы еңбектің және қайсар рухтың айқын көрінісі. Ультрамарафон – тек спорттық жарыс емес, шыдамдылық пен рухтың сыналатын алаңы. Ал Баубек сол сыннан сүрінбей өтті.
Мейірім Парасат,
Казталов ауданы