Бауыржан Халиолла – Сырым ауданы, Қособа ауылының тумасы, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының мүшесі. «Ерен еңбегі үшін», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері.
Ол – ақындық жолға өлеңнен арғымақ мініп, ақиқаттың ақ семсерін белге байлап аттанған ақын. Сол ақ семсер қынның ішінде қалып қойған жоқ. Айтыстың сахнасында қара халықтың қамы үшін талай жарқылдады. Ақ қағаздың бетіне сия емес, қан тамдырған да сол Бауыржанның қолындағы ақиқаттың ақ берені еді.
Ақын туралы өлеңінен артық ешкім ештеңе айта алмас. Бауыржан Халиолланың болмысын түсінбек болып, өлеңіне үңілдік. Ақын өлеңінде өзімен көп арпалысатын, көп айқасатын секілді.
Кей кезде асқар Алатаудаймын,
Ақ қары адал ар сынды,
Кей кезде жетім балапандаймын,
Жел жұтқан жем мен даусымды, - деген ол өзі-өзіне «Ақ қарды басам қалай, күнаһар аяғыммен?» деген ауыр сауал қояды. «Жүрегімді қолыма алып, қызықтап, Жүргендеймін жындыхана ішінде!» деген өзін «Ту желкемнен қадалғанша сұр жебе, Қыңырайып кете берем осылай!» ,- деп жұбатады.
«Тіземнен бүгіліп, иіліп,
Қақырап қаламын,
Жапырақ, мен де ертең иіліп,
Топырақ боламын!», - деп жапырақтың өзіне сыр айтатын мөлдір ақын айтыс сахнасына шыққанда бұлттан шыққан күндей жарқырайды. Оның «Үш жүздің мұңын айта алмасам, Үш күндік жерді басып неге келдім?» деп түйіліп алып, ақиқаттың жебесін атып-атып, «сүйексіз тіл де буын жоқ» қарап отыратын мінезін халық жақсы көреді.
Елдің сүйікті ақыны, қазақ айтысының қайқы қылышы Бауыржан Халиолла санаулы күндерде 40 жасқа толады. Ақын болып арқырап, журналист болып жарқырап жүрген оның ән жазып, жүрегінен саз төгіп сарқырап жүрген уақыттары да болады. Мерейлі тойы қарсаңында Бауыржан Халиолланың өнердегі дәуірлестерімен сұхбаттасып, оның жүзіктің көзіндегі тастай қырланған сайын құлпыратын болмысын ашуға тырысып едік.
Талант Арғынғали, Қазақ радиосының Алматы студиясының журналисі, айтыскер ақын:
«Жүкең: «Біреуің мені мақтаңдар, біреуің жамандаңдар!», - деді.
-Бауыржан Халиолла – аядай ғана Қособада туып, алты Алашты жырымен тербете білген азамат ақын. Екеуіміздің таныстығымыз 1995 жылы Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11 мектепте оқып жүргенде басталды. Жоғары сыныпта жүргенде оның өлеңдері республикалық «Ұлан» газетіне, «Ақ желкен» журналына жарияланып жүрді. Жүрсін Ерман, Есенғали Раушанов, Бауыржан Жақып секілді әдеби ортаның мүйізі қарағайдай өкілдері оған сол кезде-ақ баға да, бата да берген секілді.
Біз 1997 жылы Алматыға оқуға түстік. Әйгілі КазГУ бізді құшақ жая қарсы алды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде бірге оқып, жатақханада бір бөлмеде жаттық. Бәукең екеуіміз қатар жүріп, өнердегі ұлы жолды бірге бастадық. Оқуға түскен жылы қазан айында Алматыда студенттер айтысы болды. Cол айтыста Бауыржан үшінші орын алды. Деканымыз Намазалы Омашев дарынымызды байқап, Жүрсін Ерманның алдына апарды. Жүкең де қызық. Бізді сынағысы келген болуы керек:
-Біреуің мені мақтаңдар, біреуің жамандаңдар! - деді. Содан Баукең екеуіміз айтысып, бір – шумақтан қайырдық. Ол разы болып, желтоқсандағы республикалық айтысқа жолдама берді. Жүрсін ағамен солай таныстық.
Бауыржан – поэзияда да, айтыста да өзінің орнын тапқан, ерте бағаланған дарын иесі. Оның қайраткерлігі, мәдени ошақтардағы басшылық қызметтері елдің үлкен бағасына ие болды. елдік мәселеде, ұлттық рух сынға түскен уақытта ол үндемей қалған жан емес. Ақиқат – оның жан қалауы.
Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің, «Дарын» жастар сыйлығының иегері:
«Бауыржанмен жайбарақат айтысу мүмкін емес!»
- Батыс өңірі айтулы ақындарға, дәулескер күйшілерге, жыршыларға, түгел алашқа ән оздырған әншілер кенде болмаған өңір ғой. Олардың жарқын өкілдерін күллі қазақ даласы таниды десек болады. Айтысқа келетін болсақ, айтыс халықпен қайта қауышқан ХХ ғасырдың аяқ жағында телеайтыс арқылы елге аса танылған Қатимолла, одан кейін дүркіреп шыққан Мелс Қосымбаев – қазақ айтысына Батыстың берген табыстары еді. Осы көшті жалғаған мінезді ақындардың бірі – Бауыржан Халиолла.
Батыс өңіріне тән екпінмен, арынмен келгеннен кейін Бауыржанды қазақ айтысының сахнасы өте жылы қабылдады. Халық оны кешегі жыраулардың ізбасары деп қабылдады. Бауыржанның айтыс сахнасындағы жүгі жеңіл болған жоқ. Себебі алдыңғы толқын Қатимолла, Мелстердің жасаған дәуренін іркілмей жалғау, деңгейін ұстап қалу оңай емес еді. Бұл міндет Бауыржан Халиолланың қолынан келді. Ол Батыс өңіріндегі сөз ұстаханасының, айтыс мектебінің лайықты жалғаушысы бола білді. Студент кезінен бастап күні кешеге дейін айтыс сахнасында, үлкен додалардың бел ортасында жүрді. Маңдайы жарқырап талай аламаннан бірінші келіп, бәйге алды. Бауыржанның айтыстағы жеңістерін біріншіден өзінің ақындық мерейі деп, екіншіден оның талантына, өнеріне берген елдің бағасы деп білемін.
Өз басым Бауыржанмен ұзақ уақытқа дейін сахнада жолымыз түйісе қоймады. Кейін біз екі-үш рет үлкен айтыста айтыстық. Жезқазған, Қызылорда, Атыраудағы айтыстарымыз елдің сүйіспеншілігіне бөленген, қошеметіне кенелген айтыстар болды. Олай болатын жөні де бар еді. Себебі Бауыржанмен жайбарақат айтысу мүмкін емес. Ол бірден шаппа-шап айтысқа кірісетін, қарсыласқа бірден тап беретін ақындардың қатарынан. Батырлардың даласында туғасын оның айтысу стилі де ширақ, өткір болып қалыптасты. Баукең айтыста сипаласып отыруды қаламайды, сөз майданына кірген бойда лезде жойқын айтысқа кірісіп кетеді. Мұнысы көрерменге де, қарсыласқа да жақсы еді.
Бауыржан айтыс сахнасында елдің сөзін сөйлеген ақын ретінде құрметке бөленді. Қай айтысқа шықса да, ең алдымен елдің көкейіндегі сөзді, жұрттың жанындағы мұңды жеткізуді, жай айтуды емес, жетер жеріне жеткізіп айтуды мақсат етті. Ол – ақиқатты «қанын шығарып», елдің айызын қандырып айта білетін санаулы ақындардың қатарынан. Міне, осы қасиеттері Бауыржанды қазақ айтысының тарихында қалдырды.
Бауыржанның айтысқа ақын ретінде сіңірген еңбегі бір бөлек әрине. Бірақ оның ұстаз ретінде, айтыстың жанашыры есебінде жасап келе жатқан жұмысы қыруар деп айта аламын. Бір ғана Орал қаласында емес, жалпы Батыс өңірінде соңғы жылдары дүркін-дүркін айтыс өтетін болды. Оның көпшілігіне халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Одағының Батыс аймағы бойынша төрағасы Бауыржан Халиолла мұрындық болды. Өңірде айтыстың жиі өтуі жергілікті ақындардың бапқа келуіне, шабысқа жарауына көп ықпал жасайды. Сөзімнің дәлеліндей, кейінгі жылдары Батыс аймағынан айтыстың жаңа буыны дүркіреп шығуда. Тек айтыста ғана емес, Бауыржан ізіндегі ақындарға қарапайым өмірде де қамқорлық жасап, арбаларын бірге сүйресіп жүр. Ол ақындарға ғана емес, жалпы өнерпаздың бәріне қамқоршы болып жүр. Өзі басқаратын Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында да қырғын шаруа жасап жатыр. Қашан көрсең орталықта мәдени шаралар, даңқты адамдармен шығармашылық кездесулер, айтыстар, өнер кештері өтіп жатады. Бұл Бауыржан Халиолланың өзін руханиятқа арнаған адам екенін көрсетеді. Бауыржан қазақ руханиятының қайраткеріне айналып келе жатыр.
Жанарбек Әшімжан,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ана тілі» газетінің бас редакторы:
«Бауыржан Халиолла – Сырым Датұлының рухын әдебиетке алып келген ақын»
Бауыржан Халиолла бауырымды 90-шы жылдардың бел ортасынан білем десем артық айтпаймын. Біздер сол қасиетті қарт КазГУ-дің қалашығында, журналистика факультетінде танысып, табысып, ағалы-інілі дос бауырға айналдық. Содан бері табаны күректей 20 жыл өтіпті. Бұл біреуге аз, біреуге көп.
Нәзік болмысты, үлкен жүректі Бауыржанды мен ең алғаш КазГУ-де өткен студенттер айтысынан көрдім. Ол құлындай құлдыраңдаған болмысымен сан рет топ жарды. Оның айтыс көрермендерінің де көзіне түскені сол кез шығар.
Бауыржанның өнері, қоғамдық өмірі әлі елдің көзінің алдында. Студент болып жүргенде оның өлеңдері тиіп-қашып әдеби басылымдарда, газет-журналдарда жариялана бастады. 2001 жылы «Жұмбақ қыздың жанары» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Жыр жинағы елдің қолына тиісімен, ол жыр көгінде жұлдыздай жарқырады. Бауыржан Халиолла деген ақынға, оның тырнақалды шығармашылық табысына әдеби орта, әдебиет сыншылары мен қазақ қаламгерлері лайықты баға берді. «Жұмбақ қыздың жанарынан» кейін, Бауыржанның шығармашылық ұстаханасынан «Нәзік бұлт көшіп барады!», «Жұлдыз жауған жарық түн!» сияқты жинақтар кезең-кезеңімен оқырманға аттанды.
Бауыржан бірден аспаннан салбырап түскен адам емес. Туған топырағының қасиетті нәрін бойына сіңірген ол поэзияда да, айтыста да азаматтық бағытпен, батырлық болмыспен келе жатыр. Ол қоғам болып, заман болып, ел болып сөйлейді. Жеке басындағы әртүрлі көңіл-күй мен сезімдерді қоғаммен астастырып, қоғамдағы қайшылықтарды өзінің өңмеңінен өткізді. Ол - шынайы жазатын, өлеңде өтірік айтпайтын қаламгер. Бүгінгі қырықтың қырқасына шыққан қайраткер Бауыржан мен кешегі КазГУ-дің қалашығына келген бозбала Бауыржанның арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Сол таза болмыс, сол таза жүрек. Оның көзі қандай тұнық болса, өзі де сондай тұнық. Бауыржан өзін мінберде бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын қаламгер ретінде ұстаса, ақ қағаз бен қаламға деген тазалығын жоғалтпай, солай таза ұстап жүр. Алматыдағы үлкен әдеби ортадан, өнер орталығынан өзінің туған өлкесі, қасиетті Ақжайығына қайтып, Оралына оралғанда да тазалығын жоғалтпады әрі шығармашылық қарқынын бір бәсеңдеткен жоқ. Оның жырымен сусындамаған сахна, өлеңін тыңдамаған Қазақстанның қаласы жоқ. Бауыржан - бір ғана аймақтың емес, күллі қазақтың ортақ ақынына айналған, қазаққа мойындалған ғажайып шығармашылық иесі, кешегі өзінің ұлы бабасы Сырым Датұлының рухын әдебиетке алып келген ақын.
Бауыржан Ергенұлының кәсіби қызметі – журналистика. Бұл салада оның мынадай сәті көзге түсті. Бауыржан елге барған соң, Оралдың орталығында «Айна» деген жекеменшік газет шығарды. Бұл – Батыс Қазақстан өңірі үшін таңсық басылым болды. «Айнадай» шынайы, өткір газет қоғамдағы түйткілдердің бәрін ашып, өңірдегі әлеуметтік, экономикалық, мәдениет, руханият кеңістігіндегі оқиғаларды айна – қатесіз, бүкпесіз сараптап, талдап және оқырманға лайықты жеткізе білді. Сондай басылымның Алматы, Астанадан емес, Орал өңірінен шыққаны әрі журналистикалық талаптарға сай сапалы деңгейдегі басылым болғаны журналистік ортаны қатты қайран қалдырды. Бас редактор әрі газеттің ұйымдастырушысы, жанкешті еңбеккері Бауыржан Халиоллаға әріптестері жоғары баға берді. Жергілікті билік пен оқырмандардың «Айнаның» шығатын күнін күтіп жүрген уақыттары болды. Ғұмыры аз болғанмен «Айна» қазақтың ақпараттық кеңістігінде өзінің қолтаңбасын қалдырған, діттеген жеріне дейін өзінің міндетін ақадал атқарған газет еді.
Бауыржанның қырық жасқа дейінгі қадамы үлкен күрестерге, үлкен еңбектерге толы. Әділетсіздікке төзбейтін, әділетке жеткенше жаны тыным таппайтын, ар мен ақиқат үшін ашық айқасқа шығатын Бауыржандай ержүрек қаламгерлер аз. Ол поэзия, айтыс пен журналистикада өзін ғана емес, өзінің мектебін де қалыптастыра алды. Атамұра өнер айтысты алар болсақ, бір Бауыржанның артында ірі додаға ойланбай түсетін ондаған шәкірт бар. Мен оның достық көңілін, патриоттық пейілін қатты қадірлеймін.
Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер