Кеше Сырым ауданында Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Бауыржан Халиолланың 45 жасына орай мәдени-көпшілік шаралар өтті.
Шараның жаңалығы – Жымпитыда Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен Бауыржан Халиолла хақында «Ақбоз» атты жинақ жарық көрді.
Кітап Ж.Ерман атындағы айтыс мектебінде дайындалып, теріліп, «ШұғылаПринт» баспасында басылған. Авторы – ақын, журналист Б. Ширмединұлы.
Бауыржан Халиолла – жүзіктің көзіндегі тастай сан қырлы талант. Бұған дейін оқырман оның ойлы өлеңдерімен танысса, біз бұл жолы Бауыржан туралы ұстаздарының, дәуірлестерінің пікірлерін бір жинақ бетіне тоғыстырдық. Оның әділдік жолындағы сахна сыртындағы күресінің, руханият үшін қылған қайраткерлігінің баяны да – осы жинақ,- деді құрастырушы.
Жинақтың тұсаукесер рәсімін ел азаматы, БҚО салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының төрағасы Айдар Батырханов, әнші-сазгер, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі Донеділ Қажымов, белгілі ақындар, ҚР Жазушылар Одағының мүшелері Махмет Қажиахметов, Сағынтай Бисенғалиев жүргізді.
Б. Шерім
Сырым ауданы