9.07.2021, 11:32
Оқылды: 57

Бахтияр Мутянов: «Спортта үш қасиет болмай, алысқа шаппайсыз...»

Жаңақала ауданы талантты өнерпаздар мен спортшыларға бай өңір. Бейбіт күннің батырлары деген атаққа ие болып, спорт арқылы елге танылып, көк байрақты желбіретіп жүрген спортшыларымызды бірі білсе, бірі білмес. Осы мақалада Жаңақала ауданында дүниеге келіп, бүгінгі таңда еліміздің намысын қорғап, мерейімізді асқақтатып жүрген жерлесімізді аудан тұрғындарына таныстыруды жөн көрдік. Байтақ даламызды барын салып қорғаған батыр бабаларымыздың сарқыты сынды саңлақ спортшыларымызды әркез мақтан тұтамыз. Жаңақала ауданында туып-өскен қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының үлкен теннистен аға жаттықтырушысы Бахтияр Мутянов туралы әңгіме қозғамақпыз.

66A4B46E-BDC1-4812-BDA1-F7960FC6E285

- Әңгімені спортқа деген қызығушылығыңыз қашан оянғанынан бастасақ...

- Спорт саласына қызығушылығым бала кезімнен басталды. Әкем Асқар Мутянов бала кезімізден спортқа баулыды. Өзі спортшы. Әкемнің арқасында спортқа бейім болып, осы салаға келдім. Біздің отбасында барлығы мұғалім. Қазір бауырларымның әрқайсысы өмір жолымен басқа салада жүр.  Жеті жасымнан бастап волейболға қатыстым. Жаттықтырушым Мақсот Бекболатов болды. Сол ағайымның арқасында ауданда волейбол ойыны дамыды деп айтсам артық айтқаным емес. Содан соң футболға, күреске қатыстым. Тенниске де қатыстым.

AA891FD5-434E-4F21-82D8-73B4962E57D8

- Өмір жолыңыз туралы айтсаңыз?

- Мен 1986 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келдім. Мектеп табалдырығын тәмамдаған соң Жәңгір хан атындағы Батыс қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Экономика» мамандығында оқыдым. Содан соң Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Дене шынықтыру» факультетін аяқтадым. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының үлкен теннистен аға жаттықтырушысымын.

- Адамға жетістіктер оңайлықпен келмейтіні анық. Осы орайда бағындырған белес, жеткен жетістіктеріңіз туралы айтсаңыз.

- БҚО кубогынан екі мәрте үшінші орынды иелендім. Бізді қолдап жүрген Қадырбек Қабдолов ағамыздың көмегімен талай жарыстарға қатыстым. Спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосып, спортпен шұғылданатын жастарға дұрыс бағыт-бағдар, нұсқау беріп жүрген жаттықтырушылардың жұмысын жоғары бағалаған жөн. Жаңақала футбол командасымен республикалық турнирлерде бірінші, екінші орынды иелендік. Бадминтоннан жұптық кездесуде екі рет үшінші орын алып, жеңіске жеттім. Волейболдан дайындаған шәкірттерім бар. Сондай-ақ теннистен 10 жасқа дейінгі оқушым Қазақстан чемпионы болды. Ақтөбе қаласында көптеген жарыстарда шәкірттерім жұптық кездесуде жақсы ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.

3E48AFD0-DBDD-4F5B-8BC4-390C5E200CD6

- Өмірлік ұстанымыңыз?

- Негізі, спорт еңбекті, төзімділікті, тұрақтылықты сүйеді. Сіз қандай спорт түрін таңдасаңыз да осы үш қасиет болмай, алысқа шаппайсыз. Спортта жетістік оңайлықпен келмейді. Егер сіз тер төккенше еңбек етпесеңіз, тиісті нәтижеге қол жеткізе алмайсыз. Сол еңбектің ауыртпашылығына төзе білмесеңіз, орта жолда қалып қоюыңыз әбден мүмкін. «Тамшы тама берсе, тас жарады». Сол тамшыдай тұрақтылық болмаса, еткен еңбегіңіз, төккен теріңіз зая болды дей беріңіз. Спортпен шұғылдану тек ләззат беріп қана қоймай, адамның дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ауру-сырқаудан алшақ болуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруына септігін тигізеді. Сол себепті де мен әрбір жас өреннің спортты серік етіп, әдіс-тәсілдерін үйреніп, кіл мықтылардың қатарына қосылғанын қалаймын.

- Ақжарма әңгімеңізге алғыс білдіремін.

 Сұхбатты жүргізген Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале