Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Сарой ауылдық округіндегі «Еркебай» шаруа қожалығында болып, қыстақтағы шаруалардың жай-күйімен танысты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары далада дербес шаруашылықтар пайда бола бастады. Кеңестік тәжірибе мен жаңа заманның тәуекелін, мүмкіндігін ұштастырып, жұрт басында жеке қалған шаруаның бірі – Базарбай Жәденғалиев. Ол «Еркебай» шаруа қожалығын 2005 жылы құрды. Елдің бәрі қала мен ауданға ағылып, көшіп жатқан уақта қойшының баласы жайлауын жықпай, Құлшығайдағы құдықтың қасында қалғанына риза болмаса, өкінген емес.
Ерте тұрып, кеш жататын Базарбай далада еңбектің базарын қайнатты. Береке де еңбекқордың қолына қонбай ма? Қолда қалған 5-6 сиыр мен 10-20 қой өсті, өнді. Екі-үш жыл бұрын «Еркебайдың» жайылымында 300 ірі қара, 1000 қой жатты. Су мәселесі күрделі болуына байланысты, мал басын азайтуға тура келді.
Қазір шаруашылық жайлаудағы коммуналдық әрі техникалық мәселелерді өз күшімен реттеп, жолға қойған. 30 метр тереңдіктен тұщы су қайнарын шығарды. Су тарту жұмыстарын қуаттауға күн панельдері пайдаланылуда. Мал қорадан бөлек, айналада сәулетті үй, техникалар үшін арнайы гараждар бар.
Қыстақта 75 аналық ірі қара, 300 бас қой қыстатылуда. Табынға екі жыл сайын тұқымды бұқа қосылып, сары ала сиырлар жылдар өте келе мойынды, ірі, етті ақбасқа айналған. 70 бас құлынды бие далада жүр.
Әке мектебінің түлегі, ұлы Нұрсұлтан ала жаздай Базарбай ағамыздың жанында. Кеңседе мемлекеттік қызметкер Нұрсұлтан – далада механизатор. Мал азығын дайындау жұмыстары тиянақты атқарылғанының белгісіндей іскіртте 600 бума шөп тіреліп тұр.
Шаруашылық 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Базарбай Жәденғалиев аудан әкімі Төлеген Төреғалиевпен қыстың барысы, малдың жай – күйі, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі турасында әңгімелесті.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz