Ауыл тұрғындары үшін «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» ұялы байланыстың жөні бөлек. Бүгінгі таңда ел-жұрт ұялы байланыстың да, ғаламтордың да игілігін көруде. Шалғай ауылдарда да «сеть» ұстайды. Бұл қуанарлық жағдай. Алға басып, дамудың белгісі. Жаңақалада «Актив» пен «Теле2» байланысының тұтынушылары көп болса, «Beeline»-дікі де одан кем емес. «Апат айтып келмейді» демекші, өткен аптада қатты желдің салдарынан аудан орталығындағы «Beeline» бағанасы екпетінен құлап, істен шыққан болатын. Сол құлағаны құлаған, әлі күнге дейін жөнделген жоқ. 10 шақты күннен бері белайн тұтынушыларынан маза кетті.
«Тарифке ақша салып едік. Енді тектен-текке күйіп барады. «Белайн» тезірек іске қосылса екен», - дейді тұрғындар.
Мақаланы жазу барысында ауыл шетіндегі «Beeline» «басында» болдық. Маңайында үйлер жақын орналасыпты. Асыр салып ойнап жүрген балақайларды да көзіміз шалды. Қайта құдай сақтаған адам шығыны болмай. Қара жерді қақ жарып жатқан зілтемірдің астында қалсаң, не арғы дүниеге аттанатының, не мүгедек болып қалатының белгілі. Бұған «Beeline»-ның компаниясының бақуатты басшылары бас қатырды ма екен? Айтпақшы, «Құлаған бағана қашан қалпына келеді?» деп компанияның өкілі Алина Рақметоваға хабарластық.
- Қайырлы күн! Біздің мамандар қазірдің өзінде бұл мәселемен айналысуда. Жақында қызмет қалпына келтіріледі. Күте тұрыңыз,-деген жауап алдық. «Шамамен қанша уақытта?» деп қайта сұрағанымызда, «Нақты күні белгісіз. Сұрағыңыз техникалық бөлімінің бақылауында» деп қысқа қайырды. Бұдан кейін Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абзал Ахметовке телефон шалдық.
- Компания басшыларымен хабарластым. Ауылдағы болған мән-жайды баяндадым. Олар 24 шілде күні аудан орталығына келіп, қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз деп отыр,-деді ауыл әкімі.
P.S. «Beeline» басшыларының бүгін істелетін жұмысты ертеңге ысырып, асықпай отырғандарын түсінбедік. Жоспар қойып, қолға алса, бір күнде бітетін іс емес па? Қалпына келтірген жағдайда да мұқият жөндеулері қажет деп есептейміз. Ең бірінші, халықтың қауіпсіздігін ойлау керек. Іргесінде үй. Маңайында бала. Жаңақалада 1 күн тынық болса, 2 күн дауыл. Бағананың қайтадан құламасына кім кепіл болады? Бағана тағы құлап, жанынан өтіп бара жатқан біреудің обалына қалмасын деп алаңдаймыз. Сондықтан «Beeline» басшылығы ең алдымен адамның тағдырын ойлауы қажет. Сосын бағананы тезірек қалпына келтіріп, құламастай қылып бекітсе, құба-құп.
Алтынбек Ермекқалиев,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Уәли Ғұбашев, Жаңақала ауылының тұрғыны:
- Біраз жылдан бері «Beeline» қолданамын. Себебі тарифтері өзіме ұнайды. Бағана құлағалы байланыссыз қалдық. Халықтың тілегін ескеріп, шұғыл қимылдап, тезірек қосулары керек қой. 2-3 күнде қоспаса, басқа операторға ауысамын.
Сағынғали Қуанышқалиев, еңбек адамы:
- Қырда мал бағамын. Қолым қалт еткенде телефон шұқып, әлем жаңалықтарын қарап отырамын. Әлеуметтік желілер арқылы таныстарыммен хат алмасып тұратын едім. Негізінен смартфоным ғаламторға «Beeline» арқылы қосулы тұр. 10 күнге жуықтады. Интернет түгілі сеть жоқ. Жауапты адамдар халықтың жағдайын неге ойламайды?