14.02.2024, 11:15
Оқылды: 59

«Бейбіт өмірдің бағасын білдім»

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толды

Теректіде, Төңкеріс ауылында өскен бала Сапарғали алыс та ұзақ сапарға шығып, таулы Ауғанстан жерін көремін деп ойламағаны рас.

image-14-02-24-10-35-1

Тай-құлындай тебісіп өскен құрдастарымен қатар, 18 жасында Кеңес әскері қатарына шақырылғанда әкесі Ғалиақпар «балам, Отан алдындағы борышыңды адал атқар» деп батасын берді. Салтанатты жиынмен ауылдастары шығарып салды. Бұл 1986 жылдың көктемі болатын.

Сапарғали Ғалиақпарұлы әскерге Қызыл Тулы Түркістан әскери округіне келіп түсті. Өзбекстанда, Самарқанд қаласында 3 ай дайындық-оқудан өтті. Сол уақытта соғыс жүріп жатқан Ауғанстанға аттануы мүмкін екенін топшылай бастады.

Айтқандай-ақ, маусым айында әскери бөлім сол кезде соғыс жүріп жатқан Ауғанстан жеріне жетті. Сапарғали Кабул қаласынан 5 шақырым әрі орналасқан №1141 автоколонна құрамында жүргізуші ретінде интернационалдық борышын атқаруды бастады.

- Автоколонна қару-жарақ сияқты әскери жүктермен қатар азық-түлік, дәрі-дәрмектер тасымалдайтын. Кинодағыдай, ысқырған оқ пен жарылысты көрдім. Шындығында, ол кинодағыдан да қорқынышты. Қай жүкті де белгіленген жерге жеткізгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Кез келген жерден оқ атылуы мүмкін. Моджахедтерге қару да, азық та, дәрілер де өте қажет. Сондықтан әр колоннаны тоқтатып, жүгін алуға немесе жойып жіберуге тырысатын, - деп еске алды Сапарғали Ғалиақпарұлы.

84f7947b-0e1b-47af-a882-9be75f40ba16

Бес айдай оқ пен оттың ортасында жүрген сарбаз қазан айында, Ауғанстаннан алғашқы лекте шаққан алты полк құрамында Кеңес одағы жеріне табаны тиді.

Екі апта ғана дамылдаған ол шұғыл Ауғанстанға жөнелтілген 200 әскер қатарында енді Бағлан провинциясы Құндыз қаласы маңынан бір шықты. Осы жолы 149 мотоатқыштар полкінің БТР жүргізушісі ретінде нағыз қайнап тұрған ұрыстарға қатысты.

- Бейбіт өмірден, кең даладан барып, соғысқа түсу ой-санасы қалыптаса қоймаған өрімдей 18 жастағы жігіттер үшін оңай болмағаны анық. Ол кезде ой тоқтатып, қауіп-қатерді бағамдауға уақытымыз болмады. Отанымыз жіберді, біз борышымызды атқардық. Бүгінде Ауғанстан соғысын «босқа шығын жасау болды» деп бағалағандарды естіп жүрмін. Мен Ауғанстанда жігерім қайралып, «Отан» деген сөздің салмағын ұқтым. Бейбіт өмірдің бағасын білдім, - дейді жастығының екі жылында қанды қырғын ортасында жүрген Сапарғали Ғалиақпарұлы.

1988 жылдың маусымынан Кеңес әскері шектеулі контингентінің елге шығар жолын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен С. Темірғалиев тамызда, мерзімді әскери қызметі аяқталған соң ғана оралды.

«Әскерден оралғанда бізді Орал темір жол вокзалынан арнайы құрметпен қарсы алды. Қала аралап, Мәншүк Маметова мұражайына бардық. Естелік фотоға түстік. Соңынан музей қызметкері ауылға іздеп келіп, ауғандық әскери киімімді музейге сұрап алды» деп еске алды елге оралғанын.

Сол кезде небәрі 20 жаста болса да, елде қалған құрбы-достарына қарағанда ысылып келген жігіт «мен соғыстан келдім» деп оңды-солды әңгіме айтпайтын. Әлі де сол қалпы. Екі жыл майданда бірге жүрген жерлестері – шыңғырлаулық Мұрат Қазалбаев, жалпақталдық Бекболат Жұмалиев, Ауған жерінде бір кезеңде болған теректілік Аязбек Киндербаевпен байланысын үзбеген.

Туған жерінің бір кірпіші, нағыз азамат, Ауған жалынынан аман оралған ардагер Сапарғали Темірғалиев бүгінде Долин ауылында тұрады. Отбасылы. Өмірлік жары Нұрлығыз екеуі 1989 жылы отау көтерді. Ұлы мен қызын жеткізіп, немере-жиен сүйді. Бүгінде үш немере, бес жиеннің атасы.

- Сапарғали Ғалиақпарұлы өте байсалды адам. Кітапханада шаралар ұйымдастырғанда шақырамыз. Келіп, естеліктерін сабырлы айтып береді. Жастарға, әскерге кетіп бара жатқан бозбалаларға ақылын айтып, «Отан қорғау – ол борыш әр азаматқа» деп отырады, - деді ауылдасы жайлы кітапханашы Илан Тналиева.

 

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале