Бәйтерек ауданына қарасты Бейбітшілік ауылдық округінде өткен сайлауда айқын басымдықпен жеңген Жандарбеков Манарбек Жандарбекұлы 12 қыркүйек күні аталмыш округ әкімі лауазымына тағайындалды.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Радик Ихласовтың мәліметіне сүйенсек, сайлаушылар тізіміне енген 771 адамның, 403-і (52,3%) өз таңдауын жасаған. Нәтижесінде тіркелген кандидаттар арасынан 185 (48,7%) дауыспен Манарбек Жандарбекұлы жеңіске жетіп, Бейбітшілік ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
- Бейбітшілік ауылдық округінің өсіп-өркендеуіне, дамуына ауылдағы кәсіпкер азаматтармен, көп жылдық еңбегінің бүгінде зейнетін көріп отырған ақылшы ардагерлермен, тұрғындармен бірлесіп жаңа әкімдеріңіз зор үлес қосады деген сенімдемін! Манарбек Жандарбекұлы, ел сенімінің артындa жіті жауапкершілік пен үкілеген үміт бар. Алдыңғы буын ел ағалары кейде қатты сөйлесе, ауылға жаны ашығасын айтады. Інілік ізетпен, іскер азаматқа тән сабырлық, оң шешім қабылдай білуіңмен талап үдесінен шығады деген ойдамын. Ауылға алғыр жас мамандарды тарту ісіне екпін беру шарт. Ол үшін баспана құрылысы қарқын алуы тиіс. Осы бағытты назарға алсаң, халық сенің игі бастамаңа әрқашан қолдаушы,- деді аудан әкімі Марат Тоқжанов.
Ауыл тұрғыны, білім беру саласының ардагері Иван Митичкин демографияға аса мән беру керектігін айтып, елдің, ауылдың болашағы жарқын ойлы жастарда екеніне тоқталды. Манарбек Жандарбекұлының қызметіне сәттілік тілеп, ақжарма тілегін жеткізді.
Өңірге танымал кәсіпкер, меценат Бейбіт Асанов: "Ауылдың ажары жылдан жылға артуда, абаттандыру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде, әр іске жерлестеріңді өзің бастап өнеге бол"- деген ағалық кеңесін жеткізді.
Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz