Биыл ауылдағы мал дәрігерлеріне мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдаулар жасалып жатыр. Мұндай игілікті бәйтеректік ветеринарлар да көруде. Мәселен, жыл ішінде 19 су жаңа қызметтік көлік берілсе, ауылдық округтерде ветпункттар бойкөтеруде. Заманауи ветеринарлық пункт Бейбітшілік ауылында ашылды.

- Батыс Қазақстан облысы индустриялды-аграрлы аудан болып саналады. Мемлекет басшысы 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін екі есеге дейін көтеру туралы міндет қойды. Соған орай біз ол тапсырма жүйелі түрде жүзеге асыруға күш салудамыз. Мал саны да, одан алынатын өнім де жыл өткен сайын артуда. Орал өңірінің табиғаты етті бағыттағы мал өсіруге өте қолайлы. Сол себепті осы мал түрі бойынша республикада көш бастап келеміз. Егер статистикалық мәліметке тоқталсақ, бізде 622 мың бас етті бағыттағы мал бар. Бұл республикалық көрсеткіштің 42 пайызы. ҚР Президенті Жолдауында малдың амандығы мен өнімділігі жергілікті жердегі ветеринарлардың жұмысына тікелей байланысты екенін баяндаған еді. Сол себепті облысымызда да ветеринария саласының жағдайын жақсартуға үлкен көңіл бөлінуде. Биыл жазда мал дәрігерлерін толықтай дерлік автокөлікпен қамтысақ, енді ветеринарлық пункт, мал қорымдарын салуды қолға алдық. Мысалы жыл басында облыста 147 ветпункт болса, соның 34-і ветұйымдардың теңгерімінде тұр. Бұл мал дәрігерлік пунктпен қамтылудың 23 пайызын құрайды. Осынау көрсеткішті жақсарту мақсатында биылдың өзінде өңірімізде 29 ветпункттің құрылысы басталған болатын. Жыл соңына дейін пайыздық көрсеткішімізді 42-ге дейін жеткізгіміз келеді. Алдағы екі жыл ішінде ветпункт пен мал қорымдарын салу бойынша жоспарымызды толықтай жүзеге асыруға белшеше кірісудеміз. Атқарылып жатқан осы істің бәрі облысымыздағы эпизоотиялық қауіпсіздікке, мал дәрігерлерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызуға және ветеринарлық іс-шараларды уақытылы әрі талапқа сай ұйымдастыруға оң әсерін берері сөзсіз. Бүгін Бейбітшілік ауылында ашылып отырған ветпункт те Бәйтеректе мал санының артуына, сапалы өнім өндіруге ықпалын тигізері анық, - деді салтанатты іс-шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.

Айта кетейік, Бейбітшіліктегі аумағы 60 шаршы метрді құрайтын ветпункттің жобалық құны 16 млн теңге. Құрылыс жұмыстары былтыр күзде басталған болатын.

Бейбітшілік ауылдық округінің ветеринарлық санитары болып табылатын Ирина Папсульконың айтуынша, бұған дейін олар ауыл әкімдігінің ғимаратында отырған. Арнайы жасақталмаған орын болған соң ол жерде мемлекеттік қызмет көрсету, ветеринарлық жұмыстарды жүргізу аса қолайлы болмағаны белгілі. Жаңа ғимаратта мұндағы үш маман үшін бөлек-бөлек бөлмелер, құрал-жабдықтарға арнайы бөлме қарастырылған. Жергілікті шаруалардың демеушілігінің арқасында жаңа жиһаздар да алынды.

- Бұл Бәйтеректе ашылып отырған 2-ші ветпункт. Жазда осындай ғимарат Январцев ауылында салынған болатын. Қазіргі таңда Көшім мен Махамбетте осындай ветпункттардың құрылысы жүруде.

Келесі жылға 12 осындай ғимарат бойкөтереді деп жоспарлап отырмыз. Айта кету керек, ауданымыз негізінен өсімдік шаруашылығы бағытында болғандықтан мал басы көбірек ауылдық округтарда ғана ветпункт салынбақшы, - дейді аудандық ветстанцияның директоры Әсет Әубекеров.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы
