19.11.2020, 15:33
Оқылды: 126

Бекзат Байбурина: «Дана әже, жақсы әкенің, ақылды ананың тәрбиесі  – басты темірқазығымыз»

Қайрат Жұмағалиев десе, «Анашым» әні ойға оралады. Қайрат ағамыз мәңгілік тақырып анаға арнаған гимнімен-ақ қазақ поэзиясынан ойып орын алған ақын. Бұл асыра сілтеп, артық айтқанымыз емес. Ақынның «Анашым» әні алты тілде бірдей шырқалып, жастың да, анасын сағынған аға буынның да аузында жүргені елге аян. Айтулы жерлесіміздің қызы Бекзат Қайратқызы салтанатты жағдайға орай елге келген еді. Осы сапар барысында тектінің тұяғымен тілдесіп, ағамыз туралы аз-кем сұқбат құрған едік.
E99C91DB-ADBC-4482-B261-63C93D83A842

Бекзат, елге қош келіп жатырсыз! Ақын аты өлмейтініне куә болып жатырмыз. Бұл сіздің әулеттің емес, елдің тойы боп жатыр. Құтты болсын! Енді аз уақытыңызды бөліп, біздің де сауалдарымызға жауап беріп, мағыналы сұқбат берсеңіз, қуанып қалар едік.

– Иә, қуаныштымыз. Індетті жағдайға қарамастан елге осындай рухани азық боларлық дүние сыйлап жатқан аудан басшылығына ризамыз.  Әкеміздің туған елі ақынын дәріптеп, бюст орнатты, шығармашылығы бойынша түрлі әдеби шаралар өткізіліпті. Мұның бәрі жанымызды жадыратып, қуаныш сыйлап отырғаны рас. Ризамыз. Әулет атынан алғысымызды айтамыз. Осы тойға анамның келуі керек еді. Денсаулығы сыр беріп, Нұр-Сұлтан қаласында ем алып жатыр. Сәлемін жолдап, аналық алғысын айтуда.

Қайрат ақынды анаға гимн болған өлеңді жазған, текті анадан туып, тәрбие алған, анасын құдайындай сыйлаған азамат деп танимыз. Ал София жеңгемізбен сыйластығы қандай болды? Отбасыңыздың өзіндік дәстүрі бар шығар?

– Әлбетте, папамның «мама» дегенде, шығар жаны бөлек болатын. Бала үлкендерге еліктейді ғой. Ол мамасын қалай құрметтесе, біздің де ниетіміз тап сондай болды. Әжеміздің тәрбиесі сүйегімізге сіңіп, «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» болдық. Жалпы, отбасында, бала кезімізден, бізді жақсылыққа, адамгершілікке, адал ниеттілікке баулыды. Қонақ келген кезде, бірімізден соң біріміз шығып, тақпақ айттық, ән салдық, би биледік, домбырамен күй шерттік. Халықаралық әйелдер мерекесі – 8 наурызда, әкеміз бас болып, әжеміз бен анамызды құттықтап, домбырамен ән айтып, бар өнерімізді көрсететінбіз. Ұяда көргенімізді ілдік, енді біздің балаларымыздың да өнерден хабары бар. Атасының өлеңдері, жарық көрген кітаптары, айтқан нақылдарын құлақтарына құйып отырамыз. Баладан жеті жанбыз, әрқайсымызды жалғыз баладай етіп өсірді. Есейдік, ашкөз емеспіз, көңіліміз тоқ адамбыз. Сол әжеміздің, ата-анамыздың даналығы бойымызға дарыған болар. Көппәтерлі үйде тұрдық. Анда-санда, көрші үйлерде ері мен әйелі ұрысса, біз үрпиісіп қалатынбыз. Өйткені, әке-шешеміздің ұрысқанын көрген емеспіз. Олар өзара шешім қабылдаса, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын. Ата-анамыздың әңгімелері, жоспарлары – біз үшін үлкен жұмбақ болатын. Папам күндіз – қызметінде жұмыс жасап, үйде – кешкі астан соң сәл-пәл дем алып, түнде өлеңдерін жазатын, аударма жасайтын. Үйіміз келім-кетім қонақ, ойламаған жерде топ ете қалған туыстардан арылмайтын. Оларға жағдай жасау бар. Оған қоса, анамыз София жұмыстан шаршап келсе де, түнде папамның жағдайын жасап, шайын демдеп, жылы-жұмсақ тәттіні аузына тосатын. Шыдамы телегей-теңіз ондай жұбай жоқтың қасы болар! Осындай адамдардан өрбіген балалары қалайша жаман болады? Дана әже, жақсы әкенің, ақылды ананың тәрбиесі – басты темірқазығымыз. Қайраттың балалары деген атқа лайық болуыға тырысамыз. Әке атына кір түсірмеу басты міндетіміз.

Қандай әке болды? Тентек боп, тәртіп бұзғандарға қандай жаза қолданатын?

– Ақын болғандықтан болар, әкеміз адамның қал-жағдайын қабағынан танитын. Бетімізге бір қарағаннан-ақ, ішіміздегіні сезетін. Бір нәрсеге жабықсақ, көңілімізді аулап, жайлап мәселенің түбіне жететін. Қуансақ, бірге қуанатын. «Балапандарым – бар байлығым. Жұрт дүниеге, малға бай, менің байлығым қазынам да сендер!» дейтін Бірдеңені бүлдірмейтін бала кемде-кем емес пе? Ал, бүлдірген (сындырған, жоғалтқан) жағдайда: «Оның бәрі келім-кетім нәрсе. Өзің аман болсаң бопты» дейтін. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмайтын. Жасөспірім кезімізде өз пікірімізді дәлелдеуге тырысқан кезде, әкеміз: «Құдайдан бала сұрасаң – әке береді» деп басын шайқайтын. Тына қалатынбыз. Бір ауыз сөзі, бір көз қарасының өзі жеткілікті болатын.

-Әке жолын, ата жолын қуып, ақындық қабілеті танылған ұрпағы бар ма? Ақын ағамыздан өрбіген  жетеудің мамандығы қандай?  

Балаларының әке жолын қуып, ақындық қабілеті білінбесе де, басқа салада маман ретінде өз орнын тапты. Ақмарал – тіл маманы, Жанар – финансист, Айбас – заңгер, Самал – программист, Бекзат – экономист, Айша – ағылшын тілінің маманы, Жадыра – халықаралық қатынастар маманы. Ата-анамыз жолымызды кес-кестеген емес, өзіміз таңдаған мамандық бойынша оқып бітірдік. Түрлі саланы таңдасақ та, діліміз бір, тіліміз бір. Тәрбиеміз қазақы. Кішкентайымыздан қазақтың ән-жырын естіп, күй тыңдап өстік. Үйде күйтабақтар болатын. Күнде жатарда күй тыңдап жататынбыз. Содан шығар, аға-апаларым домбыра сыныбына барып, төл аспабымызда бір кісідей ойнай алады.

Ағамыздың әлі де жарық көрмеген қолжазбалары бар ма?

– Әкем марқұм өз ісінің шебері, қаламы жүйрік, еңбекқор адам болатын. Оның көптеген дүниелері көзі тірісінде жарық көрді. Олардан басқа да қалған мұралары – өлеңдері, қолжазбалары, аудармалары жеткілікті. Анамыз Софияның басшылығымен аталған материалдарды өңдеу үстіндеміз. Бұл істі анамыз жазылғаннан кейін ғана жалғастырамыз деп отырмыз.

Әкеңіз ғана емес, әжеңіз Жаңыл анамыз да осал кісі емес. Құйма құлақ болса, еске сақтар есті болса, айтары көп, қазына кеуде кейуана еді деп естиміз. Сол әжеңіз, әкеңіз жиі айтқан мақал, есте қалған ғибратты әңгімесі қандай?

– Әжеміздің, әкеміздің, анамыз Софияның жырдай етіп айтып отыратын өмірбаяндарының өзі – бізге ғибрат. Иә, әжеміздің де ақындық дарыны бар еді. Өзінің өлеңдерін әндеткенде, әсем дауысының ырғағы тебірентіп, жүрекке бойлайтын. Бөкей ордасы қызының туған жеріне деген ықыласы көздің жасын сорғалататын еді. Әкем Жаңылғаным Өкенқызының (анасы) өлеңдерін «Қайран Нарын» атты кітапша етіп шығарды. Олар туып-өскен заманның қиындығы мен қазіргі кезеңнің жағдайы жер мен көк емес пе? Қиындық көріп өскен адам «сол қиындықты көрмесін, беті әрмен» деп, өз ұрпағын алақанына салып аялайды, жағдайын жасайды. Біздің амандығымыз – үлкендеріміздің «аман болсын!» деген тілегінің арқасында. «Ниетің ақ болсын! Алла ниетке береді», «Жұртқа жамандық ойлама, қайта айналып, өзіңді табады. Қолыңнан келсе, қайырымдылық қыл, еселеп қайтады», «Бір тоқыраудың бір тоқтығы бар. Қиындықтың бәрі уақытша. Қиындық та, аштық та, сатқындық та жақсының бағасын, тоқтықтың қадірін білуге үйретеді» дегенді көп айтатын әкем де, әжем де. Ата-ана, әжемнің де тілегі бір болды. «Біз көргенді сіздерге көрсетпесін!» деген.

Бекзат, уақыт тауып, мағыналы сұқбат құрғаныңызға рақмет! Тек осындай жақсылықта жүздесуге жазсын!

Сұқбаттасқан Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале