20.11.2024, 12:31
Оқылды: 41

Белес мектебі қашан жөнделеді?

Бәйтерек ауданы Белес ауылында өткен есептік кездесуде тұрғындар тарапынан бес мәселе көтерілген еді. Жергілікті атқарушы құрылым тарапынан осынау түйіткілдерді шешу бағытында айтарлықтай жұмыстар істелді.

IMG-20241119-WA0014

Апта басында Белесте өткен аудан әкімі Марат Тоқжановтың тұрғындармен кездесуі кезінде осынау жайттар сөз болды. Аталмыш ауылдық округ әкімі Бақытгүл Жүнісова атап өткендей, мұндағы өзекті мәселенің бірі – Ақжол ауылына фельдшерлік пункттің қажеттілігі. Бұл бағытта тиісті іс-шаралар қолға алынуда. Яғни көп кешікпей ақжолдықтар ешқайда бармай-ақ, ауылда тиісті ем-домдарын алатын болады.

IMG-20241119-WA0015

Есептік кездесу сайын көтерілетін мәселенің бірі – Орал қаласы мен аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көліктің қажеттілігі. Бұл жолы оны ауыл тұрғыны Марина Ферапонтова көтерді. Бұл сұраққа жауап берген аудан әкімінің айтуынша, Газель секілді қоғамдық көлік шыққанның өзінде көпшілік таксимен жүргісі келеді. Уақытпен жүретін шағын автобусты күтуге құлықсыз. Сол себепті оған кісі толмайды. Яғни көлік иелеріне пайда түспейді. Мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржыға да кәсіпкерлер ынта танытпай отыр. Соған байланысты аудандық ТҮКШАЖ бөлімімен биыл екі мәрте өткізілген тендерге ешкім қатысуға ниет білдірген жоқ.

IMG-20241119-WA0018

Биыл Белесте жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Бұл да өткен есептік кездесулерде айтылып жүрген еді, енді оң шешімін тапты. Мектеп алдын жарықтандыру жайы да ескерусіз қалған жоқ. Енді қалып тұрғаны - білім ұясы ғимаратының алдандағы саябақты қоршау. Осы жайтқа орай ауыл әкімі «Белес Арго» ЖШС басшылығынан көмек сұрап хат жолдаған.

Мектеп демекші, есептік кездесулерде Белес орта мектебіне жөндеу қажеттілігі де назардан тыс қалған емес. Бұл жолы да осы мәселе қайта көтеріліп, ауылдың бірнеше тұрғыны аудан басшысынан білім ұясын жаңа кейіпке енгізу жөнінде өтініш-тілектерін жеткізді. 1988 жылы салынған 464 орындық мектеп бойкөтергелі жөндеу көрмеген екен. Бүгінде есік, терезе, едендері әбден тозған. Күз-қыс мезгілдерінде спорт залдың төбесінен су кетеді. Биыл ғимаратты жөндеуге қажет ЖСҚ-сы дайындалды.

 - Біріншіден, ауылдағы мектептің жай-күйіне жаны ашып, осындай сауал жолдап отырған тұрғындарға алғысымды білдіремін. Өздеріңіз білесіздер, көктемгі су тасқынының зардабын жоюға көп қаржы бағытталды. Соған байланысты биылға жоспарланған біраз жобаларымыз кейінге сырылды. Дегенмен де Белес орта мектебін жөндеуден өткізу жобасы БҚО білім, қаржы басқармаларының кезегінде тұр. Көп кешікпей мектептеріңіз жаңа кейіпке енері анық, - деді Марат Лұқпанұлы.

Қуаныш Қали,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале