29.06.2022, 11:15
Оқылды: 77

Белестің алтын түлектері

Биыл Бәйтерек ауданында мектеп бітірген 3 442 түлектің 21-і «Алтын белгі» иегері атанды. Соның ішінде Белес ауылындағы орта мектептің биылғы түлектері арасынан төрт «Алтын белгі» иегері шыққаны – аталмыш мектеп ұжымы ғана емес, аудан үшін де үлкен абырой.

InShot_20220629_111656714

Дильназ Әлібекова:

– Күні кеше ғана мектеп табалдырығын имене аттаған сияқты едік. Бүгін, міне, алтын ұямызбен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы отырмыз. Әрине, толқыныс, қобалжу, қимастық бар. Шешуші емтиханда бар біліміміз сыналды. Ұстаздардың еңбегі, ата-анамыздың үміті ақталып, «Алтын белгіні» абыроймен қорғап шықтық. Бастауыш сыныптағы алғашқы ұстазымыз Алмагүл Жоламанқызы білімнің алғашқы кірпішін берік қалады дегім келеді. Болашақта әлеуметтану мамандығына оқуға түссем деген ойым бар. Біздің қоғамда шешілмеген мәселе өте көп. Олардың түйінін тарқатуды кейінге қалдыруға болмайды. Сондықтан мен де сол мәселелерді шешуге өзіндік үлесімді қосқым келеді. Алда бізді тағы бір үлкен сынақ күтіп тұр. Сыныптастарыма сынақтан сүрінбей өтіп, ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, қалаған мамандықтарына түсулеріне тілектеспін.

InShot_20220629_111902971

Ләззат Жанаева:

– «Алтын белгіні» қорғап шығу аса қатты қиындық тудырмады. Он бір жыл бойы ынта-жігерімді салып оқығандықтан, емтихан мен үшін жеңіл өтті. Ұстаздарымыздың да еңбегі зор. Алдымдағы үлкен таңдау – мамандық таңдау еді. 5-сыныпта тарих сабағы басталғалы бірден қызығушылығымды тудырды. Мұғаліміміз Жасұлан Ермекқалиұлының пәніне деген ыстық ықыласы менің де осы тарих пәніне деген махаббатымды оятты. Болашақта өзімді тарих пәнінің мұғалімі ретінде көремін. Сонымен бірге балаларды да қатты жақсы көремін. Біліммен ғана сусындатпай, жамандықтан жирентіп, жақсылыққа үйреткім келеді. Ал балалықтың дәмін бірге татқан құрбыларыма сәттілік тілеймін.

InShot_20220629_111918440

 Арсен Амангелдиев:

– Барлық ұстазыма алғысым шексіз. Шешуші сәтте ұстаз бен ата-ана сенімі ақталды. Мемлекеттік емтиханға үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Бір үлкен сынақ артта қалды. «Алтын белгі» иегері атандық. Енді алда тұрған мақсат – мамандықты қателеспей таңдау. Меніңше, мұғалімдік – қоғамдағы сұранысқа ие мамандық. Таңдауым тарих пәніне түсіп тұр. Әр адам өз ұлтының, туған жерінің тарихын білуі керек деп есептеймін. Сондықтан өз мамандығымның майталманы болуға асықпын. Оқыту, тәлім беру, ұрпақ тәрбиелеу жолы – жақсылықтың жолы. Биылғы түлектердің ең басты мақсаты орындалып, бағы жанса деймін.

InShot_20220629_111845127

Ернар Бақытов:

– «Алтын белгіге» үміткер болғандықтан, емтихан кезінде бізге ауыр жүк артылды. Математика мен физика пәнінен сәл қиналдым. Дегенмен үздік бағаға тапсырдым. Оның үстіне математика – ең сүйікті пәнім. Математика пәнінің мұғалімімін деп өзімді жиі елестетемін. Осы жолды жүрегіммен қалап, таңдап отырмын. Өзімнің болашағыма, мамандығымның болашағына үмітім зор. Күрделі пән болғандықтан, бұл салада мұғалімдер тапшы екенін естіп жүрмін. Жоғары білім алып, балалардың қызығушылығын тудыратын ерекше әдіспен жұмыс істегім келеді. Дәл қазір барша құрдасымның тілегі бір. Сол тілегіміз орындалса, нұр үстіне нұр болар еді.

InShot_20220629_111755812

Айнұр Галимова

(Арсен Амангелдиевтің анасы):

– Ата-ана үшін баласының кез келген жетістігі – үлкен қуаныш. «Баласы атқа мінсе, анасы үйде отырып тақымын қысады» деген, емтихан уақытында баламызға сенімді болсақ та, алаңдап отырдық. Арсен бала кезінен білімге құштар болды. «Алтын белгі» иегері атануы – алтындай ұстаздары мен өз еңбегінің жемісі. Білімін 100 пайызға ақтап шықты.

InShot_20220629_111812814

Ақсамал Мұратқызы

(Ләззат Жанаеваның анасы):

- Қызыма емтихан аса қиын болған жоқ деп ойлаймын. Бірінші сыныптан үздік оқып келді. Мектепішілік шараларға белсене араласып, үнемі аудандық, облыстық пән олимпиадаларына қатысты. Біз тек қолдау білдіріп келдік. Тарих пәніне қызығушылығы жоғары. Оны білікті де білімді ұстаз болады деп сенеміз.

InShot_20220629_111739228

Алмагүл Жоламанқызы

(Ләззат пен Дильназдың бастауыш сыныптағы мұғалімі):

– Белес мектебінде 1995 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осымен үшінші түлектерім «Алтын белгі» алып отыр. Жас бала жас шыбық тәрізді. Қалай исең, сол бағытқа қарай икемделеді. Әрине, баланың тұлға болып қалыптасуы да ұстаз және ата-ананың қолында. Оқушым Ләззат – өте пысық, алғыр қыз. Әсіресе, әдебиетке, шығармашылыққа өте жақын болды. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінен өлең жазды. «Самал» облыстық балалар мен жасөспірімдер газетіне оның балаң жыр шумақтары жарияланып жүрді.

Ал Дильназ 1-сыныпқа келгенде қазақ тіліне шорқақтау еді. Дегенмен ана тілін бірден меңгеріп кетті. Балаларды бастауышта шығармашылыққа баулыдым. Ол да өлең жазды. Екеуі де әртүрлі олимпиадаларда жүлдегерлер сапына ілінетін. Шығармашылықтан бөлек, есепке де зерек болатын. Қыз балаға тән ибадан да, адами қасиеттен де кенде емес. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап ынталы, қабілетті оқушылар екенін бірден байқадық.

InShot_20220629_111721486

Балжан Жақсылыққызы

(Арсен мен Ернардың сынып жетекшісі):

– Биылғы оқу жылын жақсы жаңалықпен аяқтадық. Менің сыныбымнан қос бірдей сұңқарым мектепті үздік аяқтап, «Алтын белгі» иегері атанды. Солардың бірі – Арсен үздік оқығанымен қатар, мектептің қоғамдық жұмысына өте белсенді араласты. Спортты да жақсы көреді. Сыныптастарының арасында сыйлы, өз орнын тапқан оқушы болды. Оның өмірге құштарлығы, кішіпейілдік пен шыншыл қасиеті тура жолдан адастырмайтынына күмәніміз жоқ. Болашағынан зор үміт күтеміз. Ал Ернар – сабырлы да салмақты бала. Мектепте математика пәнін ерекше сүйіп оқыды. Әртүрлі байқаудың жеңімпазы. Бір сатыда тоқтап қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Яғни білімін жетілдіріп отырады. Болашақта заман талабына сай білікті де білімді маман болып қалыптасатынына сенімдімін.

IMG_20220616_100104

Динара Насыр,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале