Бәйтерек ауданына келген белгілі саясаткер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Досмағанбет Көшім бірнеше ауыл тұрғындарымен кездесті. Ономастика мәселесінде туындап отырған сұрақтарға жауап берген қонақты аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Ғаниева қарсы алды.
Алдымен шалғайдағы Январцев ауылына барған саясаткер жергілікті тұрғындарға жер-су аттарын тәуелсіздік талаптарына сай атаудың жай-күйін түсіндірді.
- Қазір еліміздегі ономастиканың негізгі міндеті идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды алып тастау және ауылдар мен елді мекен және қалалардың бұрынғы ескі атауларын қайтару болып отыр. Бүгінде елдегі жаңа атаулар беру ісі осы екі негізге сүйене отырып жасалуы керек. Сол кезде ғана біз бір кездегідей біреудің атасының не болмаса бір басшының бабасының атын көшелер мен ауылдарға берілуін тоқтата аламыз. Сонда ғана еліміз өз идеологиясын жүргізе алады, - деді Д.Көшім сөз басында.
Бұдан бөлек, Д.Көшім осы кезге дейін атқарылған жұмыстары жайында да айтты. Сондай-ақ жаңа атау берудің қалай жүзеге асырылатындығына да тоқталды.
- Ауыл, қалалар мен көшелерге жаңа атау беру – елді қазақтандыру емес, ескірген, ешқандай идеологиялық мәні жоқ аттарды өзгерту. ШҚО-да Лениногорск деген қала бар. Бастамашы топ оған Дінмұхамед Қонаевтың атын беруді ұсынды. Сол кезде қарсы шығып, ол жерге неміс ғалымы Риддердің атын бердік. Одан бөлек, Алматы қаласында қазақ операсының негізін салушы Брусиловскийге көше атын бердік. Қазақтың мың әнін жинаған Затаевичтің есімін иеленген, архитектор Зенков пен генерал Панфиловтың атында да көше бар. Сондықтан еліміз барлығын толықтай қазақыландырып жатыр деген қате пікір, - деді Д.Көшім.
Алты жылдан бері елімізді аралап, ономастикалық мәселенің жай-күйін түсіндіріп жүрген саясаткер кей өңірлерде өзгеріске қарсы шығып, атау ауыстырудан саяси астар іздеушілердің барын да жасырмады. Сондай-ақ бұл үрдіс елімізде ғана емес, Ресейде де жүріп жатқанын атап өткен Дос Көшім солтүстік көршіміз жеті мыңнан астам атауды өзгерткенін де тілге тиек етті.
Өткен ғасырдың 20 жылдарына дейін Алматыда болған Купеческая, Гимназисткая, Императорская сынды көшелер кеңес үкіметі орнап, қоғамдық формация өзгерген шақта Карл Маркс, Ленин, Коммунистическая, Комсомольская сынды жаңа аттарға ие болғанын айтқан Д.Көшім КСРО енгізген атаулар егемендігімізге сай келмейтіндігін жеткізіп, оларға би-шешендеріміз бен ақын-жазушыларымыздың есімдерін беру үрдісі қоғамның да, заманның да сұранысы екенін айтты.
- Ескі атауларды ауыстыру үрдісін қалай болса, солай жүргізуге болмайды. Жаңа ат берілсе де, тарихи атауы қайтарылса да, ол қазіргі ел саясатына сай келуі керек. Сондай-ақ әр жаңа атаудың қажет екені де дәлелденгені жөн. Ел шығысындағы Зырьяновск қаласы қазір Алтай деп аталады. Оны өзгертер кезде көп қарсылыққа тап болдық. Бірақ Ресей империясы кезінде жасалған ескі картада Зырьяновсктың аты Алтай болып жазылғанын алға тартып, елді тыныштандырдық. Болашақта ауыл, қала атауларын өзгерту ойы бар азаматтар әр бастамасын дәлелдей алғаны дұрыс, - деді Д.Көшім.
Бұдан бөлек, қоғамда қалыптасқан жергілікті тұрғындар қарсы болған жағдайда ешбір атау өзгермеуі керек деген пікірді де Дос Көшім қате екенін толықтай түсіндіріп өтті.
- Заңда жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілетіндігі ғана айтылған. Бірақ олардың қарсылығы атау ауыстырмауға негіз болады делінбеген. Тұрғындар пікірі белгілі бір атау өзгеруіне ескі аттың қазіргі идеологиямызға сай келетіні дәлелденген шақта ғана оны қалдыруға негіз болады. Ал құр айқай мен принциптік қарсылық ештеңені өзгерте алмайды. Сондықтан әр атау толық дәлелге ие болғаны жөн, - деді саясаткер.
Сөз болған жайт ономастиканың, тіл мәселесі лингвистиканың жайы екенін айтқан Д.Көшім атау өзгертуде мемлекеттік, ұлттық, ұлтаралық мәселе жоқ екенін баса айтты. Десе де, кейбір арандатушы саясаткерлер еліміздегі ономастика мәселесін ұлттық деңгейге көтеріп, көршілер арасына жік салғысы келетін жайттардың орын алғанын сөз етіп, ономастика ұлттық емес, мемлекеттік және қоғамдық мәселе екенін ұмытпауды ескертті.
Жиын барысында ауыл тұрғындары да өз сұрақтарын қойды. Франция астанасындағы Ресей императоры Александрдың атындағы көпірді ғасырлар бойы өзгертпей отырғанын алға тартқан январцевтық ағайын не себепті ауылдарға жаңа атау берілетіндігін түсінбей отырғанын жеткізіп, көпұлтты еліміздегі этностардың көңілін қалдырмас үшін АҚШ-тағыдай әр көшеге нөмір берілсе деген ұсыныстарын да айтты.
Оған саясаткер Париждегі Александр императордың атын иеленген көпір патшаның өз қаражатына салынғанын және Франция тарихына тікелей қатысы бар екенімен түсіндіріп, АҚШ үлгісі еліміздің Ақтау қаласында қолға алынғанын айтты.
Кейін Трекин ауылына ат басын тіреген саясаткер ол жердің халқына да ономастика мәселесі жайында кеңінен түсінік берді. Трекиндік ағайын да өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Негізінен ауыл тұрғындары атау өзгерту процедурасы мен қауымдастық жұмысы туралы сауалдарын жолдады.
Кездесулер соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев аудандағы ескірген атауларға тәуелсіздік талабына сай ат беру қалай жүріп жатқандығы жайында сөз қозғады. Оның сөзінше, осы жылы ауданда үш округ пен жеті елді мекен атауы өзгертіліпті.
Биыл облысымызда 119 көшеге жаңа атау берілген болса, соның 111-і – аудан аумағында. Одан бөлек, Дариян қазақ мектеп-гимназия-интернатына Абай Құнанбаевтың, Трекин орта мектебіне Қадыр Мырза Әлидің, Шалғай ауылындағы Первосовет мектебіне Шоқан Уәлихановтың, Щапов жалпы орта білім беретін мектебіне Бауыржан Момышұлының, Янайкин ауылындағы Батурин орта жалпы білім беретін мектебіне Талғат Бигелдиновтің, Новенький ауылындағы мектепке Қасым Қайсеновтің, Железнов округіндегі Ульяновск орта мектебіне Ілияс Есенберлиннің есімі берілгенін де Ерікқали Ғұмарұлы атап өтті.
- Биыл ономастика саласында үлкен жұмыс атқарылды. 111 көшеге жаңа атау бердік. Жаңа әлемге қадам басқан жаңа Қазақ елі үшін бұл жақсы көрсеткіш. Түрлі шу да, қарсылық та болды. Барлық ауылдарға барып, тұрғындармен кездесулер өткіздік. Елге келіп, азаматтарға толықтай түсінік беріп өткеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Тәуелсіздік талаптарына сай атау беру жұмыстары әлі де жалғасатын болады ,- деді Е.Бисақаев өз сөзінде.
Кездесулер Щапов және Янайкин ауылдарында да жалғасты.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz