Әлімсақтан аян, біздің дана халық «Еңбек адамды абыройға бөлейді», - деп еңбекті ардақтап, еңбексүйгіш адамдарды ерекше құрметтейді. Осы орайда елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы Жарлығымен Еңбек күні мерекесі бекітілді. Ол жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде тойланады. Бұл ресми мереке еңбек адамының беделін өсіруге, өндіруші еңбекті ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және өндіріс саласына жастарды көптеп тартуға, жұмысшылардинастиясындағы көпжылдық дәстүрді дәріптеп һәм нығайтуға қызмет етпек.
Қарапайым еңбегімен күн сайын қоғам тынысына игілік дарытып жүретін, онысы әсте көзге түсіп, көпшілік көзіне елене бермейтін мамандық иелері болады. Мінекей, осындай мамандықтың қадірін асырып жүрген жандардың бірі – Медресовтар отбасы. Мамандық иелерінің хақында әңгіменің тиегін ағытып, тінін тарқаталық. Олар Теректі ауданына қарасты Ақсуат ауылының тұрғындары.
Батырманас Медресовтың мамандығы – энергетик. Қазіргі уақытта «Теректі» май зауытында қызмет етеді. Жетінші сынып оқып жүрген кезден бастап осы салаға қызығушылығы оянған.
- Мектепте физика пәнін сүйіп оқитынмын. Ауыл адамдарының бұзылып қалған теледидарын жөндеуші едім. Есейе келе, энергетиктердің жұмысына аңсарым ауды да тұрды. Содан бері осы салада жүрмін. Ал «Теректі» май зауытында 2012 жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Жалпы, энергетика саласы қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала екені жасырын емес. Бұл мамандық барлық уақытта да қажет кәсіп. Аса зор жауапкершілікті және өте мұқияттылықты талап етеді. Қауіпсіздікті де ойлау қажет. Жастайымнан энергетик болып жұмыс істегендіктен, әрине, өз мамандығым ұнайды. Жұмыстың қыр-сырын кейінгі жастарға үйретіп, жөн сілтеп отыру – бізбің басты парызымыз. Еңбектің арқасында жалқау, еріншек болудан «алыс» боламыз, әрі күнкөріске қажетті нәпақаны да табуға болады. Міне, жастарымыз осыны ұғынып өссе, сонда ғана өмір сүру әлеқайда жеңілірек болады, - дейді Батырманас Зиенғалиұлы.
Өз ісінің кәнігі шеберіне айналған Батырманас аға есімін «Манас» жырындағы Манастай ержүрек болсын деген ниетпен «Батырманас» деп ақын атасы Өтеген Медресов еншілеген екен.
Батырманас аға жары Анаргүл апай екеуі бір ұл, бір қызтәрбиелеп, өсірді. Алматы қаласындағы энергетика және байланыс университетін тәмамдаған қызы қазір Ақсай қаласында, «Қазақтелеком» АҚ-да жұмыс істейді. Ал ұлы Мейрамбек Пойма астық зауытында аға электрик қызметін атқарады. Жас болса да зор іске бас болып жүр. Аталмыш зауытта 2012 жылдан бастап қызметте. Қос мамандықтың иесі.
- 2009 жылы Орал қаласындағы агроколледжге тегін оқуға түстім. Бұл жерден технолог-электрик мамандығы бойынша білім алдым. Ал кейін ҚазИИТУ-да автоматтандыру және басқару мамандығында оқыдым. Оқып-тоқыған білімімді енді іс жүзінде одан әрі дамытудамын. Әкемнен де үйренерім мол. Ол кісінің тәжірибесі орасан. Отбасымызға үлгі жан. Қазіргі заманда біздің мамандығымызға сұраныс өте жоғары. Өзіме осы жұмыс ұнайды. Сондай-ақ, жалақысы да жетерлік. Бұл жұмыстан басқаға ауысу, мүлдем ойымда жоқ. Керісінше, зауытымыздың жұмысы одан әрі өркендеп, дами берсе екен, - дейді М.Зиенғалиев.
Көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген болатын. Мұны Мейрамбек те құптайды. Ол таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін бір тынным таппай тер төгуде. Өз жұмысының білгірі екенін ісінен аңғаруға болады. Әріптестеріне де сыйлы. Күндіз-түні еткен еңбегі еленіп, зауыт басшысы, белгілі кәсіпкер М. Жәкібаевтың атынан Құрмет грамотасына ие болған. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінен алғысқа кенелген.
Міне, әңгімеге арқау болған әкелі-балалы жандардың жұмысы осындай!
Еңбек керенаулықты көтермейді. «Алма, піс, аузыма түс» деп шалжиып жататын, оңай жолмен ақша тапқысы келетін кейбір жандар қоскейіпкерімізден үлгі алса екен!
Самал Жәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz