11.02.2025, 16:30
Оқылды: 184

Береке түбі — адал еңбек

«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп дана Абай айтқандай, еңбектенген адамның алдынан барлық жолдар ашылмақ. Адам өзінің бар қажеттілігін тек еңбек арқылы қамтамасыз етіп келеді. Еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып игілікке жеткізеді.Сөз төркінін ұққан оқырман біздің келесі жазбамыздың еңбек адамы туралы екенін бірден сезген шығар?! Бүгінгі замандастарымыздың ішінде бала күнінен еңбекке арласып, сол адал еңбектің арқасында несібесін тауып жүрген азаматтар көптеп саналады. Сондай еңбекқор азаматтардың қатарында Қошанкөл ауылдық округі Ордабай ауылының тумасы Қуанышбай Бөкенбайұлы Закарияновты айтуға болады.

IMG-20250124-WA0029
Қуанышбай жас күнінен еңбекке араласып, мал шаруашылығымен айналысып келеді. Сонау 1996 жылдан бастап кеңшардың темір тұлпары — тракторды тізгіндеп, әкесі Бөкенбайдың қасында көмекші де болды. Содан бері бір тынып таппаған Қуанышбай күні бүгінге дейін ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтап, қажырлы еңбекпен айналысуда. 2018 ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры арқылы 2 млн. 500 теңге несие рәсімдеп, алынған қаражатқа қой малын сатып алды.
Еңбегінің арқасында шаруасын жүргізіп отырған Қуанышбай Бөкенбайұлы Қошанкөл ауылының сыйлы азаматтарының қатарында. Ол отбасында 3 қыз, 4 ұлды тәрбиелеп отырған үлгілі әке.
Биыл Қуанышбай секілді қарпайым жұмышылардың еңбегі еленіп, олардың адал еңбек жолы көпке үлгі болуда. Бүгінде қолына күрек ұстап немесе қамшы алып мал бағуды намыс санайтындардың қатары көбейгені рас. Дегенмен, ерінбей еңбек еткен адам ғана табысқа жететіні анық. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адамның дәурені жүруде. Біздің мақсатымыз — жастарымыз осындай жазбаларды оқып, қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетіп, тәлім алса екен.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале