23.06.2022, 10:45
Оқылды: 40

Берекеге талпыныс бар «Ихсанда»

«Ісің өнімді болсын десең, ретін тап» деген екен Абай данамыз. Шаруасын шалқыта білген азаматтың қағидасы қашан да тәртіп пен адал еңбек болмақ. Есімі көпке танымал ақжайықтық кәсіпкер, атымтай жомарт Дәурен Ихсанов – қолға алған ісінің ретін тауып, ісін дөңгелете білген жан. Әкесі бастаған шаруаны ұршықша иіріп, іліп әкеткен оның еңбегін көпке үлгі етуге болады.

даурен

 

Бүгінде кейіпкеріміз жетекшілік ететін «Ихсан» шаруа қожалығының негізін 1997 жылы өңірімізге танымал азамат, қарауылтөбелік Ғиззат Ихсан қалапты. Артынан мемлекеттік қызметке орналасқан ол шаруашылықтың тізгінін отбасына береді.

Қарауылтөбе ауылынан он төрт шақырым жерде орналасқан іргелі қожалық өңірімізге танымал. Басқалай болуы да мүмкін емес, ақылшы ата-ананың берген бағыт бағдарымен мал өсірудің қыр-сырын жетік меңгерген Дәуреннің алғашқы ұмтылыстарының-ақ табыспен ұштасуы оның көңіліне едәуір сенім септі. Бүгінде құрылғанына ширек ғасырға таяған шаруашылықта 220 ірі қара, 250 қой мен 100 жылқы бар. 2019 жылы шаруасын ширатқан ол атакәсіпті жандандыруды ойлап, мемлекеттік бағдарлама көмегімен асыл тұқымды мал басын көбейтуге ниет етеді. Ниеті оңғарылды да. «Сыбаға» бағдарламасымен Ресей Федерациясынан қазақтың ақ бас сиырының 55 басын төмен пайызбен несиеге алып, шаруашылықтың тасы өрге домалады.

Қай-қай істі өркендетудің бір сыры – білімнің, қарым-қабілеттің жеткілікті болуы. Шаруашылықты басқарған жылдары Дәурен Ихсанов аграрлық сектордың қыр-сырын толық меңгерді десек, артық айтқанымыз болмас. Оның басты назар аударған тұсы – қажет құрал-саймандардың жеткілікті және сақадай сай болуы. Сондықтан мемлекеттің қолдауына тағы сүйеніп, лизингке су жаңа қос «Беларус», бір-бірден «ЮМЗ» мен «К-700» тракторларын шаруашылық басына әкеледі.

IMG_4832

Қазіргі буынның атакәсіпте байырғы дәстүрлерді негізге ала отырып, заманауи технологияларды да жатырқамайтыны қуантады. Дәурен де осындай жандардың қатарынан. Олар пәленбай шақырымға созылар электр сымын тартпай-ақ, бар жұмысқа қажет ток көзін күннен және желден қуат алатын құрылғылардың көмегімен алып отыр.

Малдың көктемде су ішер жері – шаруашылықтың маңындағы «Сазанкөл» деп аталатын көлшік. Көктемде еріген қар суымен толығады. Жергілікті тұрғындар оның жер астындағы су көздерінен де нәр алатынын айтады. Жаз айларында бұл көл қақсып қалатындықтан, иеліктегі түлігін Азнабай-Тайпақ су арнасының бойындағы «Жарбұлақ» деп аталатын жерге жаюда. Дәуреннің де, сол маңдағы көптеген дала еңбеккерлерінің де тілегі – жөндеу жұмыстары былтыр басталған арнаға жан бітуі. Сонда мал басын бұдан да арттырып, қырдың төсін төрт түлікке толтыруға болар еді деп санайды ол.

– Есесі қайтпас еңбек жоқ, - дейді шаруа иесі. - Тек ынта-ықылас болу қажет. Кез келген кәсіпті ықтияттықолға алсаң, нәтижесімен қуантары сөзсіз. Біз төрт ағайындымыз. Үлкені мен, менен кейінгі Дастан інімнің өз бизнесі бар, қарындасым Альбина Әділет министрлігінде жұмыс істейді. Кіші інім Бағдат та елордамызда заңгер болып жұмыс жасайды. Бәрін тізбектеп айтып отырған себебім – біз әрдайым ата-анамыздың тәлім еткен еңбекқорлық, адамгершілік, әділдік ұстанымдарын басшылыққа алып, жетілдік. Біреудің ала жібін аттамай, адал маңдай термен еңбектену керектігін олар бізге өз үлгілерімен көрсетті. Даладағы еңбектің қай-қайсысының да жеңілі жоқ. Қолдағы түлікке бір бас болса да, қосылып, көбейсе – әке-шешеміздің бергені ақылын жерге тастамағанымыздың нәтижесі. Үйде жатып алсақ, бұл тірлікті бізге кім жасап береді? – дейді Дәурен Ғиззатұлы.

Мал шаруашылығындағы ағайынды сынайтын кез қыс айлары екені белгілі.  Қыс қаһары қысқанда, мал азығы жеткілікті болмаса, тұратын жерін жылылап, жайғастырмаса, әрине, көп жылғы еңбекті аз-ақ уақытта зая кетіріп, шаруашылық құлдырауы бек мүмкін. Сондықтан «қыстың қамын жазда ойлаған» шаруашылық қазір күндіз-түні шабындықтың басында.

Табиғат жылдағыдай емес, биыл шаруаларға жылы қабақ танытқандай. Көктемде молынан жауған жаңбырға шөп бітік шығыпты. Көк майсаға тойған төлдердің де күйі де жаман емес.

– Төл өссе, мал басы көбейеді. Сонда ғана төккен терден табыс құралады, ырыс молаяды – бұл ақиқат. Біз де айналамыздағы шаруа қожалықтары секілді мал басын өз төлі есебінен арттыруға баса көңіл бөліп отырмыз, – дейді шаруа.

Еті тірі елгезек Дәурен Ихсановқа ел-жұрты сенім артып, «AMANAT» партиясының атынан аудандық мәслихат депутаттығына ұсынды. Қазіргі  шақырылымда халық қалаулысы тек өз ауылы ғана емес, жалпы аудан еңбеккерлерінің талап-тілегінің орындалуына барын салып жүр. Ел десе, аянып қалмайтын кәсіпкер қайырымдылық шараларына да белсенді араласады. Қолдан келгенше көмек қолын созып, жерлестерінің алғысын арқалауда. Мұны жария етіп, жазбауын өтінсе де, жақсылығын қарауылтөбеліктер көрді, біледі.

«Еңбек түбі – береке» дейді халық даналығы. Тынымсыз еңбектен қол үзбеген Дәурендей азаматтың шаруасы жыл өткен сайын берекеленуде. Осындай іскер азамат жетекшілік ететін «Ихсан» шаруа қожалығын алда әлі талай жетістіктер күтіп тұрғанына мұндағы талпынысты өз көзімен көрген адам анық сенеді.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале